Тумысымыздан мұсылман бола тұра күнделікті күйбең тірлікпен жүріп, өміріміздегі намаздың алар орны мен маңызын естен шығарып ала береміз.
Шайтанның азғыруымен мүміндер намазға тұрмыс міндеттерінің біріне қарағандай қарайтын болып қалады.
Намаздың шынайы мақсаты – Алла Тағаламен тілдесу әрі құлшылық ету. Намаз – Аллаға құлшылық етудің ең сүйікті түрі. Намаз арқылы Жаратушы мен Оның пендесі арасындағы тікелей байланыс орнатылады. Күнделікті бес уақыт намаз оқу – Жаратушыға деген сүйіспеншілікті білдіру болып табылады.
Негізінде, күнделікті оқылатын бес уақыт намаздар мұсылман болудың негізін ұғындырып әрі біздің иманымызды нығайтуға мүмкіндік береді.
Ешбір жағдайда намазды қаза етпеуге көмектесетін қарапайым, бірақ ықпалды бес кеңес бар.
1. Намаз маңыздылығын түсіну.
Намаздың мұсылман баласына бір ауыртпалық ретінде парыз етілмегенін түсінген жөн, намаз – басшылық және көмек көрсету құралы ретінде қызмет атқарады. Тек намаз арқылы адам баласы Алла Тағаламен өз қарым-қатынасын жетілдіріп, дамыта алатын халге қол жеткізе алады.
Күнделікті оқылатын бес уақыт намаз әрбір мұсылман баласына парыз болып табылады. Бұл құлшылық түрін орындамаудың себеп-салдары болмауы керек. Қиямет күні әрбір пендеден сұралатын ең бірінші құлшылық – бұл намаз екенін ұмытпаңыз.
2. Намаз уақытын еске түсіріп отыратын заманауи технологияны қолданыңыз.
Алдыңғы қатарлы технологиялар әлемінде өмір сүріп отырып, гаджеттерді өз руханилығымызды арттыру үшін пайдалана білуіміз қажет. Намаз оқу уақытын хабарлап отыратын арнайы қосымшаларды телефон, планшеттеріңізге жүктеп алғаныңыз абзал.
Күнделікті қарбалас өмірдің абыр-сабырымен жүріп намаз оқу уақыттарын жіберіп алмас үшін өзіңіз жиі болатын бөлмелерге еске салар жапсырмаларды желімдеп қоюды әдетіңізге айналдырыңыз.
3. Күн тәртібіңізді намаз уақыттарына сай жоспарлап отырыңыз.
Ұшы-қиыры жоқ тіршілік соңында жүріп, біз мәңгілік өмірді естен шығарып алатынымыз өтірік емес. Бұл жерде біздің өзімізге қояр басты сұрағымыз – неліктен біз құлшылыққа көп көңіл бөлмей, бұл дүние тірлігімен жүреміз?
Әрбір пенде өз күн тәртібін күнделікті оқылатын бес уақыт намаз төңірегінде жоспарлауы тиіс, өйткені Қиямет күні біздің оқыған намаздарымыздың ғана маңызы болып, ал қанша іскерлік кездесу өткізіп, қандай кино көргеніміздің түйірдей де мәні болмай қалатынын ұмытпайық. Намаз күнәға қарсы қалқан болып табылады, ал үнемі оқылып отыратын намаз зұлымдықтың бетін қайтарып, жамандықтан бойымызды аулақ салуға мүмкіндік береді.
4. 5 минуттың сізге еш зиян келтірмейтінін естен шығармаңыз!
Намаз оқитын уақыт келді, бірақ сізді бір енжарлық басып тұрғанын сезсеңіз, жалпы алғанда, намаз оқу үшін сіздің 5-10 минут қана уақытыңыздың кететінін ұмытпаңыз. Егер адам баласы күніне қаншама сағатын әлеуметтік желілерде отырумен немесе теледидар бағдарламаларын көрумен өткізетінін ескерсек, Алла Тағаламен тілдесу үшін күнделікті бес минут уақыт табуға ниеттену жөн болар.
5. Аллаға дұға жасап, намаз оқуды сіз үшін жеңіл етуін тілеңіз.
Егер сіз күнделікті оқылатын бес уақыт намаз тәртібіне ілесе алмай жүргеніңізді сезсеңіз, Алла Тағлаға дұға жасап, осы мәселе жөнінде шынайы түрде көмек сұраңыз. Берілмеңіз, намаз оқу үшін Алланың сізге күш-қуат беруін сұраңыз.
Жоғарыда келтірілген кеңестер сізге әр күні бес уақыт намаз оқуға күш беріп әрі ынталандырып отырады деп үміттенеміз. Және де Алла разылығы үшін оқыған намазыңыз бұл дүниеде әрі ақиретте сізді сыйға кенелтетінін есіңізден шығармаңыз.