Ұлы бабамыз хакім Абайдың осы аталы сөзі қай заманда да өзінің мағынасын жоғалтқан емес. Өйткені неше ықылым заманнан бері ұстаз еңбегін әлемнің барлық халықтары жоғары бағалаған. Небір ғұлама ғалымдар өз еңбектерінде адам баласын дүниеге алып келген ананың еңбегін бірінші орынға койса, одан кейін жүрегімізге илаһи нұр сыйлап, білім ұялатқан ұстаздардың еңбегін қастерлеп, өте жоғары бағалайды.
Ислам діні билік құрған мемлекеттердің барлығында қалыптасқан дәстүр бойынша «Ұстаз» атына бас иіп, тағзым етіп отырған. Оған көптеген мысалдар келтіруге болады. Жоғарыда сөз еткен ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлы шығыстың әйгілі жеті жұлдызын пір тұтып, олардан медет тіледі:
Фзули, Шәмси, Сәйхали,
Науаи, Сағди, Фирдауси,
Хожа Хафиз – бу һәммәси
Мәдәт бер я шағири фәрияд.
Жыр алыбы, ХХ ғасырдың «Гомері» атанған Жамбыл да: «Пірім менің - Сүйінбай, сөз сөйлемен сыйынбай», - деп, өзінің ұстазы Сүйінбай ақынның әруағына сыйынып өткен. Ғұлама Иссаак Ньютон: «Мен басқалардан алысырақ көрген болсам, ол – менің алыптардың иығында тұрғаным», - деп өз ұстаздарына жоғары баға беріп отырған, сондай-ақ ерте заманның әулиелері – қолбасшы Ескендір Зулқарнайн (Александр Македонский) мен өмірін бөшке ішінде өткізген ұлы философ Диоген Синопский өз өмірлерінде сүйікті ұстаздары Аристотельдің атын дәріптеп өткен деседі ...
Қазір де шаруашылықтың қай саласында болмасын, өмірде қол жеткізіп жатқан бар жетістіктерімізді «ұстаз» есімімен байланыстырамыз, ол заңды да, өйтені мектеп өмірінде білім мен өнер, тәртіп негіздерін мектептегі ұстаздарымыз қаласа, ұядан ұшқаннан кейін ұлы тіршіліктің қыр-сырын өндірістік ұстаздарымыздан үйренеміз.
Айта кетерлік бір жағдай: өкінішке орай қазіргі уақытта мектептегі ұстаздарымыздың беделін тым төмендетіп алдық. Казіргі шәкірттеріміз мен жоғарыда мысал еткендей, өз ұстаздарын пір тұтып сыйлаудан қалып барады. Бұған не себеп? Мүмкін, біздің әке-шешелеріміздің заманындағыдай «еті –сенікі, сүйегі – менікі!», - дегізер білімге деген қаталдықтың жоқтығы болар. Әлде қазіргі ұстаздардың құқығын биіктетіп, беделін, айбарын өсіретін заңымыздың әлсіздігі болар... Қалай дегенмен де ағарту саласының осы тұсы елеулі кемшілік сияқты көрінеді.
Аллаға шүкір, қазір көп жастарымыз, имандылыққа бет бұрып, бейопа тірліктерден бойларын аулақ ұстай бастағанының куәсі болып жүрміз. Тек қара бастарының қамын ойламай, коғам үшін де қомақты тірліктер атқаруда. Бұл – игілік, әрине. Абай атамыз: «халқың үшін қызмет қылсаң, Алланың сүйген кұлысың, өзің үшін қызмет қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірісің», - деген ғой. Сол айтқандай, жастарды ел, отан сүйгіштік рухта тәрбиелеу жолында өндірістік ұстаздар, коғамдық орта, баталы қариялар мен ауыл имамдарының атқарар рөлі зор деп ойлаймын. Өйткені көпшілік бас қосқан имани жиындарда жастарға дұрыс бағыт беретін илаһи уағыздар айту мен ақыл-кеңес беру де үлкен ұстаздықтың бір парасы деп білемін. Жасыратыны жоқ, осы күндері көбіне шешенсіп елді жалықтыратын ұзақ бата мен таптаурын болған тайыз уағыздарға үйір болып алдық. Бұл уағызшының терең білімін танытпаса керек. Қазіргі жастардың көздері ашық, жан-жақты ақпараттармен қаруланған қауым. Сондықтан ұстаздыққа да улағаты мол, көрегенді адамдардың тартылғаны дұрыс деп ойлаймын.
Қорыта келе айтарым – «ұстаз» деген саналы жанды жарыққа жетелеуші, жаңалық пен жақсылықтың жаршысы. Күннен күнге жаңарып, дамып келе жатқан мына заманды өзгертіп жатқан отансүйгіш азаматтарымыз, дейтін болсақ, ол – ұлағатты ұстаздарымыздың еңбегінің нәтижесі. Сондықтан, ұстаздар қауымын құрмет тұтып, олардың коғам алдындағы беделін өсіруге ат салысайық ағайын!
Рахметов Жақсылық Күмібекұлы
Байзақ ауданы Мәдімар ауылы
«Мәдімар» мешітінің имамы