Жомарттық пен қайырымдылық және «саха» мен «самаха» сөздері мағынасы жағынан бір-біріне жақын сөздер, алайда ғалымдар олардың арасындағы айырмашылықты атап көрсеткен.
Қайырымдылық – құнды әрі пайдасы бар нәрсені ойланбастан, жан-тәнімен жұмсау. Қайырымдылықты «бостандық» деп те атайды, өйткені фәни дүниеге байланып қалудан арылтатын қасиет. Қайырымдылықтың қарама-қайшысы құштарлық болып табылады.
Самаха – борышкерден қарызын алудан ойланбастан бас тарту. Мұның қарама-қайшы мағынасы дөрекілік, қиындықтар тудыру.
Саха – сараңдық сияқты жаман қасиеттен арылу үшін қаржыны туыстарына, бейтаныстарға, мұқтаж жандарға және байларға шынайы түрде жұмсау. Ендеше, жомарттық пен саха сөзі синоним болып табылады. Жомарттықтың қарама-қайшы мағынасы сараңдық және ашкөздік.
Осы жақсы қасиеттерге ие болған Алла Елшісіне (ﷺ) ешкім де тең келе алмайды. Ибн Мункадир келтірген риуаятта Жабир ибн Абдулла (р.а.) былай айтқан екен: «Өтінішпен келгендерге Алла Елшісінің «Жоқ» деп жауап бергенін ешқашан естіген емеспін».1
Осыған ұқсас риуаятты Әнас та (р.а.) келірген: «Жақсылық жасауда Алла Елшісі (ﷺ) адамдардың ең жомарты болған, әсіресе Рамазан айында одан асқан жомарт адам болмайтын. Ал Жәбірейілмен (ғ.с.) кездессе одан да артық жомарт болып кететін».2
Әнас (р.а.) былай айтқан: «Бір күні бір адам Алла Елшісіне (ﷺ) келіп оған мал-мүлік беруін сұрайды. Алла Елшісі (ﷺ) оған көп қой береді. Әлгі адам еліне қайтып оралып: «Исламды қабылдаңдар, өйткені Мұхаммед (ﷺ) есепсіз береді деген екен».3
Алла Елшісіне (ﷺ) пайғамбарлық келгенге дейін де ол сондай жомарт болған. Уарака ибн Науфал Пайғамбарымыз (ﷺ) жайында былай айтқан: «Ол кедейлерге көмектесіп, мұқтаждарға жақсылық жасайтын».4
Күндердің күнінде Алла Елшісіне (ﷺ) тоқсан мың дирхем беріледі, ақшаны жамылғының үстіне салып қойып, ақша сұрай келгендердің бәріне сол ақшаның бірін де қалдырмай таратып жіберген екен.5
Бірде Алла Елшісіне (ﷺ) көмек сұрай бір адам келеді. «Менде ештеме қалмады. Бар да керегіңді менің атымнан ал, Алладан маған бір нәрсе келгенде мен өзім қайтарып беремін», - деп айтады Пайғамбарымыз (ﷺ). Мұндай жомарттықты көрген Омар (р.а.): «Уа, Алла Елшісі! Алла сенің күшің жетпейтін нәрсені саған жүктемеді. Неге сен бұлай жасайсың?» - деп сұрайды. Оның бұл сөздері Алла Елшісіне (ﷺ) ұнамай қалады.
Ансарлардан болған бір сахаба: «Тарата бер, уа, Алла Елшісі! Аршының Иесі кемітеді деп қорықпа да!». Мұны естіген Пайғамбарымыз (ﷺ) күлімсіреп кетеді, жүзінен оның қуанышты екені сезілген. «Маған дәл осы бұйырылған еді», - деп айтады.6
Муаууиз ибн Афра (р.а.) былай айтқан: «Мен Алла Елшісіне (ﷺ) бір тәрелке жаңа піскен құрма алып келіп едім, ол маған қос алақан толы алтын әшекейлер берді».7
Әнас (р.а.) былай айтқан: «Алла Елшісі (ﷺ) ертеңге ештеме қалдырмайтын».8
Алла Елшісінің (ﷺ) жомарттығы мен қайырымдылығы жөнінде көптеген хадистер бар.
_______________________________________
1 - Бұхари, хадис №: 6034; Мүслим, хадис №: 2311.
2 - Бұхари, хадис №: 6; Мүслим, хадис №: 2308.
3 - Мүслим, Фадаил, 2312.
4 - Бұхари, хадис №: 3; Мүслим, хадис №: 160.
5 - Абул-Хасан ибн Даххак, Шамаиль, Хасан әл-Басриден; Суюти, Манахиль (192).
6 - Тирмизи, Шамаиль, хадис №: 348; Беззар, хадис №: 3662; Хараити, Мунтака, хадис №: 278.
7 - Ахмад ибн Ханбал, Муснад, 6/359; Байхаки, Шуабуль-Иман, 5968.
8 - Тирмизи, Зюхд, хадис №: 2362; Ибн Хиббан, Сахих, 2139.