Алла Елшісі (ﷺ) бұл дүниедегі ең сыпайы әрі ең ұялшақ адам болған әрі өзгелердің кемшіліктерін байқамайтын.
Алла Тағала Қасиетті Құранда былай айтқан: «...Расында бұларың Пайғамбарды қынжылтады әрі сендерден ұялады. Бірақ Алла (Т.) шындықтан ұялмайды» (33:53).
Әбу Саид әл-Худри (р.а.) былай айтқан: «Алла Елшісі (ﷺ)тұрмысқа шықпаған қыздан да ұялшақ болған. Оған бір нәрсенің ұнамағынын, біз оның түрінен-ақ білетін едік».1
Алла Елшісінің (ﷺ) жүзі жарқын болғандығы сондай, оған бір нәрсе ұнамағанда маңындағылар оның жүзінен бірден байқап қоятын болған.
Айша анамыз (р.а.) былай айтқан: «Егер Алла Елшісі (ﷺ) бір адамның ұнамсыз қылықтарды жасағанын көрсе, ол ешқашан «пәленше неге солай жасайды» деп айтпайтын, «адамдарға не болған, неге олар осылай жасайтын болған» деп айтып, жаман қылық жасаған адамның атын айтпайтын».2
Әнас (р.а.) былай айтқан: «Бірде Алла Елшісіне (ﷺ) бетінде сары дағы бар бір адам келді. Алла Елшісі (ﷺ) оған ештеме айтпады, өйткені ол ешқашан адамға ұнамайтын нәрселерді бетіне айтпайтын. Әлгі адам кетіп қалғанда Алла Елшісі (ﷺ) қасындағы сахабаларына: «Оған бетін жусын деп айтыңдаршы», деген екен».3
Айша анамыз (р.а.) былай айтқан: «Алла Елшісі (ﷺ) ешқашан жаман сөз айтып, жаман қылықтар жасамайтын, қатты дауыс көтеріп, жамандыққа жамандықпен жауап қайтаратындардан болмаған. Керісінше, ол бәріне кешіріммен қарап, адамдармен жақсы қарым-қатынаста болған».4
Біздің сүйікті Пайғамбарымыз (ﷺ) өзінің сыпайылығымен ешқашан біреудің жүзінен көзін алмай қарап қалмайтын. Ал бір жағымсыз нәрсені айтарда, тұспалдап қана жеткізетін болған.
______________________________
1 - Бұхари, хадис №: 6102; Муслим, хадис №: 2320.
2 - Әбу Дәуд, Адаб, хадис №: 4788.
3 - Әбу Дәуд, хадис №: 4182, 4789.
4 - Тирмизи, Сунан, хадис №: 2016; Ахмад ибн Ханбал, Муснад, 6/174.