Тұрар Рысқұлов аудандық «Сұлтан» мешітінің бас имамы Сұлтаншәріп қажы Джадраев «Ас беру мәдениеті» құжатын таныстырып насихаттады. Ауданның бас имамы ас беру мәдениетінің 7 тірегіне тоқталды.
Біріншісі - шынайы ниет ету. Асыл дінімізде кез келген іске кіріспес бұрын әуелі шынайы ниет пен ықыласқа ерекше мән беріледі; Мұсылманның ниеті ісінен қайырлы; Шариғатта жасалған жақсылықтардың сауабы жүректегі ниетпен өлшенеді; Атқарылатын әрбір іске әрдайым шынайы ықылас қажет. Сауапты істе көзбояушылық жасауға болмайды; Марқұмның атынан ас берілгенде, негізгі ниет – бір Құдайдың разылығын ғана табу болуы тиіс. Одан өзге ниет – астың сауабын кемітеді. Ас беруші шаңырақ осы ниеттен арылмауы қажет; Құдайы астағы оқылған Құранның, жасалған дұғаның, берілген садақаның мақсаты – тірілердің не ойлайтыны емес, марқұмның мәңгілік өміріне пайдасын тигізетін ізгі амал жасап сауабын бағыштау.
Екіншісі - Құдайы асқа жиналу. Марқұмдарға арналған құдайы ас артында қалған ұрпақтарының, жұбайының, ұл-қыздарының және ет-бауыр жақындарының атынан беріледі. Берілетін асқа, онда оқылатын Құранға, жасалатын дұғаға қайтыс болған кісінің ұрпақтары мен туысқандарының қатысқаны абзал,- деп, осылайша 7 тірегін таныстырып өтті.
Қуаныш Тузелбеков
Рысқұлов аудандық мешіттің баспасөз қызметі