Елімізде тойдағы және әсіресе қазадағы ысырапшылдық жайлы көп әңгіме қозғалып жүр. Қонақжайлығымен ерекшеленетін халқымыз той тойлауға барын салса, көп жағдайда өлімде де соңғы асын сарқып, кейінгі қара нан мен қара суға қаратады. Осы себепті мешіт имамдары және ауыл ақсақалдары қазақтың «жұрт не дейді» деген орынсыз әдетіне тосқауыл қоюға барын салуда.
Осы аптада аудан әкімдігінде ауылдық округ әкімдері, мектеп директорлары мен балабақша меңгерушісі, ардагерлер, мешіт имамдары, асабалар бас қосып, аталған мәселені талқылады. Аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбайдың төрағалығымен өткен жиында ел мен ес, ұлт пен ұят, дәстүр мен салт, тәрбие мен тағылым, ынсап пен ысырап туралы әңгіме қозғалды. Еліміздегі тұрақтылық пен берекенің, бейбітшілік пен тыныштықтың сақталуы – барша халықтың ауызбірлігі мен келісіміне тікелей байланысты.
Кеште Қордай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әлімбет Біржан Әбдікерімұлы, Жамбыл облыстық орталық «Һибатулла Тарази» мешітінің наиб имамы Нұрлан Мұрат, Қордай ауданының бас имамы Егізбаев Алмұханбет Айтмұханұлы, жергілікті полиция қызметінің басшысы Бекқұлов Елдос Сейдалыұлы, «Салауатты ауыл» бойынша Қордай аудандық орталық аурухананың профилактика және әлеуметтік – психологиялық білім меңгерушісі Бегдаева Алуа Тлеулесов сөз сөйледі.
Бұл жиынның мақсаты – ел ішінде іріткі салып, ауызбірішілк пен ынтымаққа кері әсерін тигізетін, қоғамда қалыптасып отырған кейбір үрдістерге тосқауыл қою, халықты ысырапшылдыққа жол бермеуге үндеу, құдайы ас беру, қонақасы, жиын-той мәзірін мейлінше қарапайымдылыққа келтіру саналады.
Аудандық "Қордай" мешітінің баспасөз қызметі