Адам туылған кезде өзінің кіндік қаны тамған жері өзінің отаны болып табылады. Халқымыз көбіне "отан" сөзіне "ана" сөзін қосып қолданып жатады. Әр адам өзінің туып өскен жерін сүюге міндеттелген. Бұл сезім адам бойындағы табиғи тума қасиет болып табылады.
Туған жер деген кезде ең ауелі көз алдымызға Отанымыз түседі. Отан сөзінің түпкілікті шыққан жері арабтың тілінен аударылып, "ата жұрт" дегенді білдіреді. Яғни өзі туып өскен жері, халқы мен ұлтын айтады. Тарихшы ғалым, Каир қаласында өз заманында шариғат істерінің хәкімі, қазысы болып жұмыс істеген Ибн Халдун Отан сөзіне: "Отан дегеніміз - адамның өзінің туып өскен жері, жас кезінде басынан кешкен балалық шағы, ыстық ошағы", деген анықтама берген.
Жазушы Шыңғыс Айтматов өзінің "Қиямет" атты кітабында төмендегі мына бір сөздерді келтіріп өтеді: "Киелі отанның қасиеттілігін мынадай жолмен түсінуге де түсіндіруге болады, мысалыға, ешкім отанын басқа бір жақтарға алып кете алмайды, тек отанға деген сағынышын, арманын ғана алып кете алады. Егер отанды қоржын сияқты ары-бері алып жүру мүмкін болғанда, онда ол ешқандай да қадірлі болмас еді."
Құранда бір адамды өз отанынан алшақтату өте ауыр екендігі жайында мына бір аяттан аңғаруымызға болады: "(Әй яһудилер!) бір заманда: "Бір-біріңнің қандарыңды төкпеңдер, өз-өздеріңді жұрттарыңнан шығармаңдар",-деп, уәде алған едік. Сөйтіп мақұлдап куә болған едіңдер". (Бақара сүресі, 84 аят). Мұсылман қауымына туған жерді сүю Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) мұра етіп қалдырылған. Кезінде Алла Елшісі Меккеден Мәдинаға һижрет сапарына шығып бара жатып, тоқтап, артына қарап: "Неткен ғажап шаһарсың! Неткен ыстық отан едің! Егер қауымың маған азар бермегенде, қумағанда сенен басқа өлкеде жасамас та едім", (Тирмизи, 3926) деп амалының жоқтығынан, туған өлкесін қимай айтқан сөзі баршаға мәлім.
Имам Бұхари өзінің "әл-Жәмиғ әс-Сахих" атты жинағында Әбу Бәкір мен Біләл ибн Әбу Рабахтың Мәдина шаһарында жүрген кездерінде өз жұрттарын сағынғандығы, Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) Мәдина қаласын Мекке қаласы сияқты дұғасына қосуын өтінгендігі жайында хадис те келтірілген. Осы екі саңлақ сахабаның туған жерлеріне деген сағыныштары күллі мұсылман қауымына да үлкен мысал болғандығын аңғаруымызға болады. Дінімізде отансүйгіштік деп отанға адал қызмет етуді, оны түрлі жамандықтардан (жаман ой-пікірлер мен алып-қашпа әңгімелерден) қорғауды, ел тыныштығын сақтауды, жергілікті жердің, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін дұрыс ұстана білуді айтады. Нақтырақ айтқанда, елдің тәуелсіздігі үшін, оның даму жолында бар қажыр-қайратын, күш-жігерін жұмсауды айтады. Отанды ардақтау ежелден қазақ халқына тән қасиет болып табылған.
Ғұламаларымыз отансүйгіштік жайында күллі қауымға мына бір жәйттарды міндет санайды:
— Отаны үшін бар жақсылықтарды тілеп, дұға қылу;
—Қоғамда даналықты күшейту жолында әрекет жасауы (туыстық қарым-қатынас, көршімен тату болу, өзара жәрдесулер, бір-біріне деген сағыныштар, көркем мінез) керек;
— Оның дамуына (білім, шәкірттер, насихат), өркендеуіне өз үлесін қосу;
Дінімізде отанын сатқан адамның жаназасын шығармағаны секілді, халқымыз да отанға қиянат жасаған адамды қатты қаралаған.
Хадис шәріпте айтылады, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтады: "Қиямет күні әр бір қиянат жасаушы бұл дүниеде жасаған қиянаты үшін оны масқара қылушы бір ту орнатып қойылды", дейді. (Бұхари риуаяты, 3188).
“Нағыз мүмін, ақылы өз орнында, санасы терең болған әр пенде өзінің туып өскен жерін, отанын адам тұрмайтын сахара болса да сүйеді.
Отансыз адам өз үйінің төріне шығып отыра алмаған адам секілді.
Отан дегеніміз, көзіңді алғаш ашып көргеніңде алғашқы көрген айналаң.
Отан дегеніміз - сен оранған жаялығың мен тал бесігің.
Отан дегеніміз, балалық шағыңда есіңде қалған әрбір балалық тәтті сезімің.
Отан дегеніміз, сенің үй-жайың, ауылың, өскен ортаң.
Кезінде бабаларымыз да ұрандары "Отан" болып, оның бір уыс топырағын уысына ұстап жан алып, жан беріскен. Адам өзін Отансыз сезінуі еш мүмкін де емес. «Отан топырағы Сүлейменнің тағынан жақсырақ", деген халқымыздың нақыл сөзі де бар.
Нағыз отанын жақсы көретін адам халқымыздың ерекше мағыналы сөзімен айтқанда: - "Өз үйім, өлең төсегім...", деген сөзімен өмір сүреді. Тіпті түрлі шумақтар, өлең жолдарының баршасы да жүректен шыққан сезімнің нәтижесінен жарыққа шығады. Сол үшін де құрметті оқырман, жастарымызды отансүйгіштікке, туған жерді қастерлеуге, егемендігіміздің қадіріне жетуге тәрбиелеуіміз керек. Отбасыларымызда, дәрістерімізде, сұхбаттарымызда, түрлі жиындарымыздың барлығында да бұл жайында (отан, тәуелсіздік) айта жүруді дағдыға айнылдырумыз керек. Қазіргі күннің де келешектің талабы солай. Отанымыз жайлы сөз қозғай тұра тәуелсіздігіміз жайлы да айтып өтпесек әбестік болар деп ойлаймыз.
Діни тұрғыдан айтар болсақ, тәуелсіздігіміздің тұғыры ұзағынан болсын, егемендігіміздің арқасында Ислам діні де ел ішінде қанат жайды. Әрбір аймақтарымызда мешіттер мен медреселердің көбейіп, мүмін-мұсылман бауырламыздың емін-еркін ғибадат жасаулары, діни тәлім-тәрбие алулары, ел ішіне діни әдебиеттердің таралуларының барлығы да жұртымызда тыныштық болғандықтың арқасында деп білеміз. Ұлттық және діни құндылықтарымыз өз орнына келіп, көне жәдігерлеріміз, тарихи деректерімізге дейін қайта жанданды. Құрбан айт мерекесінің алғашқы күндері де демалыс күні болып белгіленіп, рухани мереке болып жарияланды. Нақтырақ айтар болсақ, бұлардың баршасы егемендігіміздің айғағы деуге болады. Міне, сол үшін де осындай нығметтерді дұрыс пайдалану, қадіріне жете білу, шүкіршілік ете білу әрбіріміз (әсіресе жас буындар) үшін міндет, әрі парыз болып саналады деп ойлаймыз. Жалпы осындай игіліктердің қадірін білу дегенді қалай түсінуімізге болады? Қадірін бағалай білу дегеніміз - шүкіршілік жасап жүруді айтады. Өйткені Алла Тағала Өзінің жер бетіндегі құлдарына былай айтқан уәдесі бар:
“…Егер (берген нығметтеріме) шүкір қылсаңыз, әлбетте, (оларды) арттырамын…” (Ибраһим сүресі, 7-ші аят).
Ал енді хадис шәріпке бір үңіліп қарайтын болсақ, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): "Кімде-кім адамдар тарапынан қандай да бір жақсылықты көріп, оған шүкіршілік қылмаған болса, демек, Аллаға да шүкіршілік танытпағаны", деген. (Имам Ахмад және Тирмизи риуаяты) "Әр адамға мәлім болғандай, өмір әлемінде адамның ең жақсы жақсы көрген, қадірлі болған, 4 нәрсесі бар. Олар: Азаттық, еркіндік, діні және өзі туып өскен туған жері. Аталмыш төрт қасиетті өзіне берілген нығметтер деп санаған пенде қашанда бақытты екендігі айтылады.
Ғалымдар айтады: "Адамның иманы қандай екендігі, оның өзінің отаны (туған жері) үшін қайғыруынан, досқа деген сағынышынан және өмірінің зая кеткен кездеріне өкініп жасағанынан білінеді". Баршамыз үшін киелі саналған төрт сөз бар: Иман, Отан, Тәуелсіздік және Тыныштық. Бұл сөздердің әрбірінің мағыналары әр адам жүрегінің тереңінде болуы тиіс, яғни сезінуі керек.
Иман. Аллаға және Пайғамбарына сену. Оның рақымынан үмітті болу, Оның үкімдеріне итағат ету.
Отан. Бұл бір қасиетті мекен. Оны қорғау, болашағы үшін адал қызмет ету, игі ұрпақтар дайындау адамзаттың басты міндеті.
Тәуелсіздік. Алланың ең үлкен нығметі.Өмірде егемендіктен асқан бақыт та мақтаныш та жоқ.
Отанымыздың тыныштығы, гүлденуі мен халқымыздың дамуы, қашанда зор табыстарға жету жолында әрекет жасауымыз жайында Алла Тағала Құран Кәрімнің 2-ші аятында былай деп баяндайды:
"...Ізгілік пен тақуалық жолында бір-бірлеріңе жәрдемдесіңдер. Күнәға және дұшпандыққа жәрдемдеспеңдер. Алладан қорқыңдар! Күдіксіз Алланың азабы қатты".
Тыныштық. Тыныштық Алла Тағаланың адамға берген кереметтей нығметі. Ол болмаса елінен береке, жанұясынан құт қашады.
Жаратушымыз бекерден бекер Құран сүрелерінің бірінде: "Әй мүміндер! Исламға бүтіндей кіріңдер. Шайтанның ізіне ермеңдер. Өйткені ол, сендерге ашық дұшпан",- демеген екен. (Бақара сүресі, 208 аят)
Тәпсіршілер осы аяттағы "силм" сөзін түрлі жолдармен (мағыналармен) түсіндірген. Ибн Аббас, Таус рахимаһуллаһтар "силм" сөзіне "Ислам" деп мағына берсе, Имам Заххақ, Әбул Алиялар "бойсұну" деп түсіндірген. Өйткені, "Ислам" ның мағыналарының бірі тыныштық, бейбітшілік дегенді де аңдатады.
Дінімізде мұсылмандардың өзара тыныштықты, татулықты сақталуын бұйыра отырып: "Егер мүміндерден екі тарап өзара ұрсып қалған болса, дереу олардың арасын татуластырыңдар!..."-, дейді.(Хұжрат сүресі, 9-аят). Ислам дінінің жер бетіне тыныштықтың жайылуының көздеудегі мақсаты пенделер арасына мейірімділікті, сыйластық пен татулықты орнату еді. Тыныштық әуелі адамның жеке өзінен басталуы керек. Кейін бұл құндылық өзінің отбасысына көшеді. Отбасыда ауызбіршілік сақтала, кейін көршісімен дұрыс қарым-қатынас жасалады, кейін бұл амал қоғамға ауады. Нәтижесінде, сонда ғана барлық адамдар тыныш, тату ғұмыр кешеді. Сол үшін де дана халқымыз "Жұрты тыныштың өзі тыныш" деп бекерге айтпаған екен.
Сөз соңында айтқымыз келгені, кезінде бабаларымыздың аңсаған армандарының біріне айналған тұғыры биік тәуелсіздігімізді, осынау кең байтақ жерімізді, жұртымыздың тыныштығы мен берекетін болашақ кейінгі жас буындарымызға сап күйінде мұра етіп қалдыру әрбіріміздің жекелей міндетіміз деп санаймыз.
Үмбет Сабырханов
Әл-Хақ" мешітінің имамы
Тұрар Рысқұлов ауданы