Егер жер бетінде өлмеуі керек бір адам болса, онда Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарымыз өлмеуші еді. Алайда олай болған жоқ...
Алла Тағала қасиетті Құранда: «Ей, Мұхаммед! Біз сені әлемдерге рахмет етіп жібердік», – деген болатын. Демек Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбар мұсылмандарға ғана емес, адамдарға ғана емес, әлемдерге рахмет ретінде жіберілген. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тірі нәрсені нысанаға алып, атып үйренуден тыйған болатын. Иә, Алла елшісі адам түгілі жәндікке де зиянын тигізбейтін. Ол ең көркем мінез иесі болды. Ешқашан адамдарды ренжітпеді. Қолымен де, тілімен де ешкімге зиянын тигізбеді. Тіпті ешкімнің себепсіз уақытын алмады, ешкімді ыңғайсыз жағдайға қалдырмады. Нағыз мұсылман осындай болуы керек.
Әрине, мұсылмандар Отанын, отбасын, жерін, дінін қорғайтын ержүрек, батыл болуы керек. Сонымен қатар кішіпейіл, қарапайым, кешірімді, мейірімді болуы қажет. Себебі Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үмбеттеріне осылай үлгі болған адам еді. Алла елшісі түйе сауғанда, үй тазалағанда жұбайларына көмектесіп, қолдау білдіріп отырды.
Бір күні Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қуанып тұрған сәтінде Айша (оған Алла разы болсын) анамыз: «Уа, Алланың елшісі! Маған бір дұға қылсаңыз», – дейді. Сонда Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Аллам! Айшаның бұрын жасаған, кейін жасайтын және әшкере, жасырын жасаған күнәларын кешір», – деп Алладан дұға қылды. Осы дұғаны естіген кезде Айша (оған Алла разы болсын) анамыз қатты қуанды. Әсілінде бұл дұғаны Алла Тағала Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтқан болатын. Алла Тағала Құранның «Фатх» сүресінде: «Ей, Мұхаммед! Сенің алдыңғы және кейінгі күнәларыңды кешірдім», – деген еді. Демек Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзіне тілеген тілегін үмбетіне де тіледі. Дүниеде бұдан артық бақыт жоқ шығар?! Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сол уақытта: «Ей, Айша! Бұл дұғаны естіген кезде қатты қуандың ба?» – деп сұрайды. Айша (оған Алла разы болсын) анамыз: «Әрине, уа, Расулалла! Қалай қуанбайын?» – дейді. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ей, Айша! Бір нәрсені біліп ал! Мен осы дұғамды әр намазымда үмбетіме сұраймын», – деді. Демек біз де Алла елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Аллаһуммә салли алә сәиидинә Мұхаммәд» деп жиі салауат айтып жүруіміз керек.
Әнәс ибн Мәликтен (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жұма күні мінберге шығып бара жатып әр баспалдақты басқанда үш рет «әмин» деп айтқаны баяндалады. Осы кезде Муаз ибн Жәбәл (Алла оған разы болсын) одан: «Уа, Алланың елшісі! Мінберге шығарда неге үш рет «әмин» дедіңіз?» – деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мінберге шығарда жаныма Жәбірейіл (оған Алланың сәлемі болсын) періште келді де: «Уа, Мұхаммед! Кімде-кім Рамазан айына жетіп, сол айдың құрметі үшін кешірімге ие бола алмаса, Алла оны мейірімінен алыстатсын», – деді. Сол кезде мен де «әмин» дедім. Екінші баспалдаққа шығарда: «Кімде-кім ата-анасының қартайған шағында олармен жақсы мәміледе болмай, соларды бағып ризалығын ала алмаған адам, Алла оны мейірімінен алыстатсын», – деді. Мен де «әмин» дедім. Үшінші баспалдаққа шығарда: «Кім-де-кім сіздің есіміңіз аталған кезде салауат айтпаса, Алланың рахметі мен мейірімінен алыс болсын», – деді. Мен тағы да «әмин» дедім», – деп жауап берген екен. Құран Кәрімде айтылғандай, Алла Тағаланың Өзі де салауат айтады, оның періштелері де салауат айтады, біз де салауат айтамыз. Салауат айту – бізге міндет. Сондықтан салауат айтуды көбірек насихаттап, жамағатқа айтуымыз керек. Алладан біздің өткен және кейінгі күнәларымызды кешіруді сұраған Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сәлем-салауаттар болсын! Біз, мұсылман қауымы, осындай Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үмбеті болғанымыз үшін біз қуануымыз керек.
Алла Тағала Құранда: «Ей, пенделерім! Сендердің араларыңа бір пайғамбар жібердім. Ол сондай пайғамбар, сендерге азар болатын нәрсе оған қатты батады. Ол (Пайғамбар) сендерді жақсы көреді. Мүміндер үшін жанашыр һәм мейірбан», – деген. Демек басымыз қиындыққа ұшыраса, ол Алла елшісіне ауыр тиеді екен. Міне, Алла Тағала бізге сондай мейірімді Пайғамбар жіберді. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір сөзінде: «Әр намаз алдында дәрет алғанда мисуак пайдалануды міндеттемедім. Себебі сендерге қиын болмасын дедім», – деген болатын. Яғни Алла елшісі дәрет алған сайын мисуак пайдалануды бізге ауыр тимеуі үшін міндеттемеген болатын. Алайда дәрет алғанда мисуак пайдалану – сүннет амал.
Біз, мұсылмандар, бес уақыт намаз алдында азан шақырылғаннан кейін дұға жасаймыз. Сол дұғамызда «Махмуудән иллази уа’аттәһ уарузуқна шапағату уәймул қияма» деп айтамыз. Осы дұғаны айту арқылы біз Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «махмуд» деген мақамы, орны жоғары болуын Алладан тілейміз. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осы дұғаны оқыған үмбетіне шапағат ететінін айтқан болатын. Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетін орындағандарға еш шүбәсіз оның шапағаты болады.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің бір хадисінде: «Менің тірі жүргенім – сіздерге рахмет», – деген. Расында Алла Тағала: «Ей, Мұхаммед! Біз сені әлемдерге рахмет етіп жібердік», – деп, ардақты Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тірі кезінде басқаларға рахмет етінде жіберді. Алла елшісімен бірге өмір сүру, жанында бірге жүру – Алла Тағаланың рахметі, жақсылығы. «Менің өмірден өтуім де (араларыңда болмасам да) сіздерге рахмет», – деді. Өйткені мен бұл өмірден өткеннен кейін сендердің амалдарың маған көлденең етіледі. Жақсы болса, Аллаға мақтау айтамын. Ал жақсы амал болмаса, оған Алладан кешірім сұраймын», деген.
Әбу Һұрайрадан (Алла оған разы болсын) жеткен бір хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағала барлық пайғамбарларға бір дұға берген. Ол дұға сөзсіз қабыл болады», – деген. Сөзсіз қабыл болатын, барлық пайғамбарларға берілген сол дұғаны пайғамбарлар бұл дүниеде қолданған. Мысалы, Нұһ (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбар: «Я, Раббым! Жер жүзінде бір де бір кәпірді қалдырмай суға ағызып жібер», – деген. Нұһ пайғамбардың дұғасы қабыл болып, иман келтірмегендердің бәрі су астына кетті. Ал Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарымыз: «Қабыл болатын осы дұғамды ақыретке сақтадым», – деген еді. Демек Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің қабыл болатын дұғасын ақыретте сіз бен біз үшін пайдаланады.
«Тәпсір Жәләләйн» еңбегінде келтірілген мысалда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Раббым! Егер менің үмбетімнен біреуі тозақта қалып кетсе, мен разы емеспін», – деген. Алла Тағала «мен сені разы етемін» деп тұрғанда, Пайғамбарымыздың бұлай айтуы Алланың қаһарына ұшыратуы мүмкін қауіпті сөз еді. Алайда Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) біз үшін, сіз үшін осы сөзді айтқан болатын. Міне, Алла елшісінің бізге, үмбеттеріне деген сүйіспеншілігі, махаббаты қандай?! Ендеше, Алла Тағала бізге Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарымыздың шынайы үмбеті болуды нәсіп етсін! Алла Тағала баршамызға хақ жолмен, Пайғамбарымыздың сүннетімен жүруді нәсіп етсін! Әмин!
Кенжеәлі қажы ҚОҢЫРАТБАЙҰЛЫ,
ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти
«Иман» журналы, №9, 2023 жыл