Мұхаммед Мұстафа (с.а.у.) қиямет қайымға дейінгі болашақ нәсілдерге теңдесіз үлгі-өнеге болатын ең ұлы тұлға. Оның кемелдігі мен ұлы тұлға болуының іргесі – көркем мінез-құлқының арқасы. Ол туралы Құран Кәрімде былай делінген: «Сөзсіз, сен ұлы (көркем) мінезге иесің» (Қалам сүресі 4-аят). Ол тек сөз жағынан Құранды үйреткен мұғалім емес, ондағы иләһи бұйрықтарды өз өміріне енгізіп, Құранның жанды үлгісі бола білген қасиетті жан. Сахаба Жәбир (р.а.) келтірген хадисте Хазіреті Пайғамбар (с.а.у.): «Алла Тағала мені көркем мінез-құлықты толықтыру үшін жіберді»-деген. (Муатта 904; Бәйхаки, әс-Сунәнул Кубра Х, 192)
Оның (с.а.у.) нұрлы келбетінен тартымдылық пен шешендігі байқалатын. Артық сөз сөйлемей, әрбір сөйлеген сөзі даналық пен үгіт-насихатқа толы еді. Оның киелі аузынан ешқашан өсек, яки, бос сөз шыққан емес-ті. Қарсы алдында тұрған адамның түсінігіне қарай сөйлеп қарым-қатынас жасайтын. Ол әрқашанда сыпайы, кішіпейілді және жайдары болатын. Тіпті оның қатты дауыстап күлгенін көрген жан жоқ еді. Зиялы қауым өкілдеріне де, олардың мәртебелеріне де үлкен құрмет көрсететін. Туған-туысқандарына ерекше көңіл бөліп, оларға да құрметпен қарайтын. Өз отбасына сондай-ақ, ардақты сахабаларына да жақсы қарым-қатынаста мәміле жасайтын. Қол астындағы қызметшілеріне де жылы шыраймен қарап, олардың ризашылығына бөленіп, өзі не ішіп-жесе, не кисе, соны оларға да ішкізіп-жегізіп, киіндіретін. Қашанда мейірімі мол ерекше қамқоршы еді. Кезі келсе батылдылық танытып, кейде жұмсақ мінезін көрсететін. Берген уәдесіне берік, сөзіне шыншыл еді. Мінез-құлқы мен ақылдылығы, парасаттылығы тұрғысынан барлық адамзаттан үстем әрі ұлы мақтауға лайық болатын. Қысқаша айтар болсақ, дене бітімі әдемі, жаратылысы кәміл, теңдесі жоқ киелі жан болатын. Пайғамбарымыз (с.а.у.) қажет деп тапқан кезде ғана сөйлеп, көбінесе үнсіз әрдайым терең ойларда жүретін. Бір сөзді бастағанда, әңгімесін толығымен жеткізіп, әрбір айтқан сөзінің астында астарлы мағына жататын. Жаратылысы жұмсақ болғанымен, асқан дәрежеде берік те айбатты еді.
Біз үмметтері екі дүние жақсылығына жеткіміз келсе, құрметті Пайғамбарымызды (с.а.у.) өзімізге үлгі тұтып, көркем мінезін басшылыққа ала отырып, әрдайым сүннетімен жүруге тырысуымыз қажет. Қазан айының 13-нен бастау алып, бір ай бойы мәуліт айының қадір-қасиетін ұғынып, мәуліт қасидаларын оқып, Пайғамбарымызға салауат-сәлемдер жолдап, Құран Кәрімді көбірек оқуға ынталанайық. Мәуліт күндері мешіттерімізде айтылатын уағыз-насихаттарға құлақ асып, Алладан күнәларымыздың кешірілуін тілейік. Мәуліт айының шарапатымен жүрегіміздегі дақтарды кетіріп, Аллаға деген сенімімізді кемелдендіріп, Пайғамбарымызға деген махаббатымызды арттырайық.«Сахих Муслим» түсініктемесінің авторы имам Нәуәуидің ұстазы шейх Әбу Шәма бұл мейрамға анықтама беріп: «Біздің дәуіріміздегі жақсы амалдың бірі – мәулітті садақа берумен, уағыз айтумен және өзара қуанышты көңіл-күймен өткізу. Осының бәрі Нәбиге (с.а.у.) деген сүйіспеншілік пен құрметтің әрі Алла Тағалаға болған шүкіршіліктің белгісі».
Имам Суютий тәпсір саласында беделді «Әл-Жәмиу ли ахкамиль-Қуран» атты еңбектің авторы: «Менің пікірімше, адамдардың мәуліттің құрметіне жиналып Құран оқуы, Мұхаммедтің (с.а.у.) пайғамбарлығы, дүниеге келуі турасында әңгіме етуі, ысырапкершіліктен сақтанып ас ұсынуы Алла Елшісіне (с.а.у.) деген құрмет ретінде жасалған игі әрі сауапты іс және қуаныш» - деген. Осы орайда қасиетті Мәуліт мерекесіне жырдан шашу шашып қорытындылайық:
Пайғамбарым – асылым,
Адамзатқа өнеге!
Сынақ үшін келдік қой,
Дүние деген кемеге.
Үлгі тұтсаң Ұлыны,
Пайғамбарды оқығын,
Теріс жолдан аулақ бол,
Термей босқа қоқымын!
Құран менен Сүннетті,
Жан жүрекпен құптағын.
Амал қылсаң білгенге,
Сол ғой сенің ұтқаның!
Жаратылыс мақсатың,
Құлышылық болар ұққанға.
Дүние деген тым қысқа,
Жолаушыдай шыққанға.
Мақсатқа сай жүрмесең,
Барар бағыт білмесең,
Босқа өтіп өмірің,
Байқа, күйіп кетпе сен!
Ж.Бекназарова
Жамбыл ауданы, Орталық Бәйдібек мешітінің ұстазы