Құрметті халайық!
Баршаңызды бүгінгі Еңбек күнімен шын жүректен құттықтаймын! Отбасыларыңызға амандық, мол табыс, бақыт пен береке тілеймін.
Ислам діні мұсылман баласын адал еңбек етіп, Алланың нәсіп еткен ризық-несібесін жинауға тәрбиелейді.
Қасиетті Құранда: «Намазды оқып болғаннан соң жер бетіне тарап, Алланың нығметінен өздеріңе ырыздық-несібе іздеңдер. Алланы көп еске алыңдар, табысқа жетерсіңдер» («Жұма» сүресі, 10-аят) деп әмір еткен.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сендердің біреулерің қолына жіп алып, даладан құшақ отын арқалап әкеліп, сол арқылы Алланың қалауымен күн кешкені адамдардан қайыр сұрағанынан әлдеқайда жақсы» деп еңбек етуге шақырған.
Хакім Абай «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп, еңбек етуге, адал табыс табуға өсиет еткен.
Шәкәрім атамыз «Адамның жақсы өмір сүруіне үш сапа анық бола алады. Олар – барлығынан басым болатын адал еңбек, мінсіз ақыл, таза жүрек. Бұл сапалар адамды дүниеге келген күннен бастап тәрбиелейді» дейді.
Ислам діні масылдыққа салынуды құптамайды. Адам атадан (Алланың оған сәлемі болсын) бастап барлық пайғамбарлар Алла Тағалаға ғибадат етумен қатар егін егіп, қой бағып, темір ұстасы болып, күнкөріс үшін құрал-сайман жасап еңбектенгені баршамызға аян. Қайыр тілеп, өмір сүру – нағыз ұят іс. Алла Тағала ақыл, сана, денсаулық, жігер бергесін адам өз бала-шағасын адал табысымен асырауға қамдануы керек.
Алла Тағала баршамызға адал еңбек етіп, мол табысқа жетіп, екі дүние игілігіне кенелуді нәсіп еткей. Әмин!
Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,
ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти