Меркі ауданының бас имамы Азамат Берікұлы ауданға қарасты жаңадан салынып жатқан мешітті зерделеп, құрылысымен танысып қайтты. Кездесу барысында, осы мешітті бастан аяқ құрылысын жүргізіп жатқан ағаларымыз бен бас қасында көмек қолын созып жүрген азаматтармен кездесіп, мешіт ахуалымен танысты.
Бас имам Азамат Берікұлы ағаларымызға күш-қуат, қажыр-қайрат тіледі. Алла істеріңізге береке берсін, мол-мол сауаптан жазып, ақыретте жәннаттан зәулім сарай нәсіп етуін тілеп, дұға жасады.
Бүгінде мешіт пен дәретханасының іргетасы құйылып, қабырғасы көтеріліп, шатыры жабылғалы жатыр. Мешіт құрылысы қанша уақытқа созылатыны белгісіз. Бәрі қорға түсетін қаражатқа байланысты. Сондықтан барлық исі мұсылман бауырларымызды, осындай игі іске атсалысуға шақырамыз.
Алла Тағала қасиетті Құранда: «Аллаға сенгендер, ақиретке сенгендер Алла Тағаланың үйлерін көркейтеді» дейді.
Пайғамбарымыз хадисінде: «Кім де кім өмірінде бір мешіт соқса, Алла Тағала оған қияметте өзі соққан мешіт сияқты жәннатынан үй салып береді» деген. Осы мақсатта, Қарасу ауылында жаңа мешіт құрылысы жүріп жатыр. Халқымыз «Азанды ел азбас» деген.
Іргетасы қаланып отырған мешіт ғимараты халықты имандылыққа, әділдікке, адалдыққа тәрбиелейтін орын болғай!
Осындай игі іске атсалысып жатқан азаматтарға және ниет білдіріп жатқандарға Алла Тағала отбастарына, мал-жандарына, кәсіптеріне береке берсін, Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Меркі аудандық «Меркі ата» мешітінің баспасөз қызметі