Тұрар Рысқұлов ауданы Ақыртөбе ауылдық мешітінің ұстазы Ушанова Азиза мешіт шәкірттеріне «Қыз баланың сәнденуі дұрыс па» тақырыбында уағыз – насихат жасады. Уағызға 10 шақты шәкірт қатысып шариғаттағы сәндену жайында толық мәлімет алып, өз сұрақтарына жауаптарын да алды.
Азиза ұстаз уағызында бір хадисті келтіріп: «Хадисте: «Егер бір әйел еркектің назарына ілігу үшін сәнденіп, сыланып-сипанып, серуенге шықса, ол қаңғыбаспен бірдей және оған қадалған көздер де сондай» делінген. Сонда мұнда ниеттің дұрыс еместігі басты назарда ұсталып отыр.
«Қыз – өріс, ұл-қоныс» деп білген қазақ өрісін кеңейтетін қыз балаға айрықша көңіл бөлген. «Қызың мінезді болсын, ұлың өнерлі болсын» дейтін халық «Қызды күте алмаған күң етеді, жібекті түте алмаған жүн етеді» деп қызды үй шаруасына үйреткенмен, оны күңше қажытпаған. Еркіндік деген есерлік емес, адамның тұлға болып қалыптасуына қажетті мүмкіндіктің бірі екенін білетін дана халқымыз қызды еркелетіп, еркін ұстаған, бірақ бетімен жібермеген.
«Қызды қымтап ұстаған ұятқа қалмайды» деп оларды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірген қазақ «қызға қырық үйден тыю, қала берсе қара күңнен тыю» дегенде қыз бала тәрбиесіне тек ата-анасы емес, бүкіл ел жауапты екенін аңғартады.
«Қыз баққаннан қысырақ баққан оңайлығын» жадынан шығармай, құтты орнына қонғанша, қыздарын ерекше сақтықпен қадірлеген ата-бабаларымыз бір жағынан «қыз бен жылқы жаудікі» деп қыз тәрбиесіне мейлінше абай болған, - деп сөзін тұжырымдады.
Қуаныш Түзелбеков
Рысқұлов аудандық мешіттің баспасөз қызметі