Жамбыл ауданы Қызылдихан ауылы «Махат ата» мешітінде құптан намазынан кейін ауылдық мешіттің имамы Ескендір Шаршенұлы жастарға арнап «қасиетті Құран мен табиғат» турасында кеңінен уағыз айтты. Табиғат – тіршілік атаулының құтты қонысы, жер бетіне көрік беріп тұрған Алланың жаратылысының бірі. Айналамызға көз салсақ, кездейсоқ болуы мүмкін емес керемет сұлулықты, үйлесім мен ерекше жүйені байқаймыз.
Табиғатқа жанашырлықпен қарау – құлшылық әрі үлкен сауап. Алла Тағала адам баласын жер бетін көркейтуге, түрлі бүлінуден қорғауға шақырады. Шариғатта табиғи байлықтарды пайдаланудың өз ережесі мен заңдылығы бар. Құранның талабы бойынша, табиғатты пайдаланудың ең маңыздысы – ысырап етпеу және шектен шықпау.
Қорыта айтқанда, Құран мен табиғат бізге құлшылық пен шүкірлік туралы сабақ береді. Жаратқанның разылығы үшін жаратқанына шүкірлік етіп, табиғатқа зиян тигізбей пайдалануымыз керек. Табиғат Алланың хикметінің, бірлігінің белгісі екенін ұмытпайық!
Жамбыл аудандық мешітінің баспасөз қызметі