Телефонсыз бір күн

Телефонсыз бір күн

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

            Топталып алып бірдеңеге үңіліп, қызығып қарап тұрған бір топ мектеп оқушыларының жандарынан өтіп бара жатып, сырттарынан бір сәтке байқап тұрдым. Кейін барып аңғардым, үңілген заттары кәдімгі ұялы телефон екен. Шамасы бәрі жабылып қызықты бір ойынды тамашалап тұр. Көңілдері көтеріңкі, құдды бір математика сабағынан бес алғандай өздерімен-өздері мәз.

            Қазіргі заманда ұялы телефон үлкен қолданысқа ие болған құралдың қатарында екені жасырын емес. Тіпті мектеп оқушыларының әрқайсысының қолдарынан да табылады. Дұрыс, заман талабы солай да шығар. Бір таныс мұғалім досым: "Жалпы мектебімізде оқушыларға ұялы телефон ұстауға тыйым салынбаған. Бұл дегеніміз, телефонды қалаған уақытыңда қолдана бер дегенді білдірмейді. Оқушы сабаққа кірді ме, дереу телефонын сөндіріп қоюы тиіс. Өйткені телефон мұғалімнің де оқушының да көңілін басқа нәрсеге алаңдатады. Сондай-ақ ата-аналарға да сабақ кезінде балаларына қоңырау соқпауды көп айтып жүреміз",- деген еді.

            Тағы бірде танысым өз сөзінде: «Үш балам бар, мектепте оқиды, әрқайсысына телефон әпергенде келісіп, өзара шарттар бекіткен едік. Телефон арқылы біз сенің қайда жүргеніңді біліп отыруымыз керек, телефон арқылы сен сабағыңа керекті мағлұматтарды алуға тиіссің. Күнделігіңді тексерген сайын телефоныңды да тексеріп тұрамыз», деген едік.

            Қозғап отырған мәселем имандылық, жастар тәлім-тәрбиесі айдарына қатысты болғандықтан өзім де осы мәселеге орай өз ойымды қағаз бетіне түсіргенді жөн көрдім.

            Мысалы айтар болсақ, ұялы телефондарды өздері ойлап шығарған Жапон елінде оқушыларға мектепте ұялы телефон ұстап жүруге, қолдануға тыйым салынған екен. Керісінше олар мектептерінде ұялы телефонды қандай жағдайда, қай жерлерде ұстау керектігін үйретіп, арнайы видеороликтер, лекциялар жүргізеді екен. "Ғаламда небір қызық бар" дегендей кейбір мемлекеттерде "бір күн автомобильсіз", "бір күн шылымсыз, сигаретсіз", деген сынды арнайы түрлі іс-шаралар мен жобалар болып тұрады. Мақсаттары адамды аталмыш нәрселерге тәуелді болып қалмауын, бір сәт өзіне пайдалы, тиімді нәрселермен шұғылдануға (кітап оқу, спортпен айналысу) үгіттеу екен. Ал енді біздің қоғамда осындай мәселелерге діни тұрғыдан қарап, керекті ақыл-кеңестерге құлақ салып, амал ететін болсақ, өзіміз үшін де, жастарымыз үшін де үлкен пайда екендігі анық.

           Алла Елшісінің (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Қиямет күнi төрт нәрседен сұралмай, құлдың аяғы жылжымайды: өмiрiн қалай өткiзгендiгi, жастық шағын қалай өткiзгендiгi, мал-дүниесiн қалай тауып, қайда жұмсағандығы, бiлiмiне қалай амал еткендiгi»,- делінген. Ислам дінінде жастар тәрбиесіне терең мән беріледі. Бұл жайында Құранда: «Әй мүміндер! Өздеріңді әрі үй іштеріңді отыны адамдар мен тастардан болған оттан қорғаңдар",- дейді. (Тахрим сүресі, 6-шы аят.) Бұл аяттан түсінеріміз, баршамыз тек өзімізді ғана ойламастан, отбасымыздағы жұбайымыз және балаларымыздың да тәрбиесіне мән беруіміз керектігін аңғартады. Олардың күн көрістері мен тұрмыстық қажеттіліктерімен ғана шектеліп қалмай, сенім-нанымдарына, рухани тәрбилерін де басты назарда ұстау шариғат талабы болмақ. Пендені тек сары бала мен қара қазанның қамы ғана алаңдатпауы тиіс. Дін ғалымдары перзент тәрбиелеуді 4 бөлікке бөліп қарастырған:

Имани тәрбие: Жаратушыны таныту, адал мен арамның айырмашылығын білдіру.

Мінездік тәрбие: Көркем мінез және әдепті үйрету.

Денелік тәрбие: Салауатты өмір салтына баулу.

Ақылдық тәрбие: Бауырмашылықты, еңбекқорлықты және білімге деген құштарлығын ояту.

           Бұлар жайында Құран мен Хадистерде көптеген өсиеттер мен нұсқаулар айтылған. Хазреті Әли (р.ғ.): "Перзенттеріңізге өз заманының білімін де үйретіңіздер, өйткені олар сол заман үшін жаратылған."- деген екен. Жалпы жастар тәрбиесінде ата-ананың атқарар рөлі үлкен. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің бір хадисінде: "Ешбір ата-ана өз перзентіне көркем тәрбиеден артық, қымбатырақ мирас қалдырған емес",- дейді. Бұл хадистің астарына үңіліп қарасақ, үлкен мән, мағына жатқандығын байқауға болады. Телефон жәй ғана әңгіменің бастауына ғана дәнекер болды, мұнда мәселе жас өспірімдеріміздің болашақ үшін керекті тәрбиесінде болуда. Бірде ел ішінде бір жиында бір топ дәріханада істейтін сатушылармен бас қосып қалдым. Дін, ұлт болашағы жастар жайында өзара алма-кезек әңгіме дүкен құрып отырдық. Өз сөздерінде дәріхана қызметкерлерінің кейбірі "Біз ай сайын қаладан жаңа дәрілер әкелеміз, дәріханаға түскен тапсырыс дәрілерін де ала келуді ұмытпаймыз. Өкініштісі сол, біздерге берілген тапсырыстардың тең жартысынан басымырағы, бұл жас балалардың көзәйнектері. Шамамыз келгенше әрқайсысының өз өлшемдеріне сай болған көзәйнектерін әкеп береміз",- деген кезде таң қалғанымды жасыра алмадым. Бұл дегеніміз, біз үміт артып отырған жастарымыздың денсаулықтарына нұқсан түсе бастағаны ма?! Нендей жағдайлар орын алуда деген сынды ойлар мені қатты мазалады. Бұрындары ондай құралдарды ұстаудың өз ережелері бар дегенді естуші едім. Мысалы, компютер алдында отырғанда жаныңда кактус гүлі болу керек, ұйықтар кезде ұялы телефон өзіңнен алыс болуы керек деген сияқты басқа да түрлі шарттарды айтуға болады.

Дүнияуи қазіргі ғалымдарымыздың айтуына қарағанда, ұялы телефонның (басқа тілмен айтқанда электромагнит) ең әуелгі зияндарының бірі, егер қандай да бір адам бұл құрылғының ішіне бар ынтасымен кіріп кететін болса, маңайындағы жәйттардың барлығын да ұмыт қалдырады екен. Нәтижесінде әрбір 20 адамның біреуі осы зиянға ұшырауда екен.

Сол үшін де жастарымыздың келешегін ойлайтын болсақ, тек оларға ел қатарынан қалмасын деп әперіп қана қоймай, өз талаптарымызды қоя білгеніміз жөн деп санаймын. Жаңа оқу маусымы да таяп қалды. Балаларымыз әркез ізденіс үстінде болулары үшін бұл мәселе үлкен ойландыратын іс деп санаймын.

            Қорытындылай келе, сөз соңында айтарым, жастарымыз болсын, мейлі қай-қайсымыз болсақ та, мұның тек пайдалы, жақсы жағын ғана пайдаланғанымыз жөн дегім келеді.

Үмбет Сабырханов

Әл-Хақ мешітінің имамы

Рысқұлов ауданы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: