Жамбыл облысы Байзақ ауданы «Байзақ баба» мешітінің бас имамы Қанат Әділханұлы мешіт жамағатына арнайы облысымызға іс-сапармен келген Ақтөбе облыстық «Нұр ғасыр» орталық мешітінің наиб имамы Нұрбол Берікболұлын жамағатқа таныстырып, рухани отырыстың пайдасы жайында сөз қозғады.
Нұрбол Берікболұлы: ««Зікір» араб тілінде «еске алу» деген мағынаны білдірумен қатар Алла Тағаланы ойлау, мадақтау, шүкір ету, жаратылыс атаулыдан, күллі кемшіліктерден пәктеп тәсбих ету, оның ұлылығын паш ету секілді бірнеше терең ұғымды қамтиды. Дұрысында, Алла Тағаланы зікір етуді бір жерде отырып, Оны тілмен ғана зікір ету деп түсіну «зікір» сөзінің мағынасын толық ашпайды. Шынайы мұсылман Оны барлық жағдайда зікір етеді. Құранда: «(Олар) Алла Тағаланы түрегеп тұрып, отырып, (бүйірлеп) жатқанда да зікір етеді, көктер мен жердің жаратылыстары жайлы ойлайды» деп, нағыз зікір етушілердің сипаттарын көрсеткен. Яғни, зікір етуші адам – отбасында яки ел арасында болсын ғұмырының барлық сәтінде Хақ Тағаланың тура жолымен жүруші. Оның шариғатына берік, жарлығына толықтай мойынсұнған жан. Пайғамбарымыз: «Нағыз әулие сол – оған қарағанда Алла Тағала еске түседі» дейді. Яғни, нағыз тақуа адам – өзінің барлық іс-қимылымен айналасына Құдай Тағаланың бар екенін мен бір екенін еске түсіруші. Мұндай тақуа жандар бүкіл ғұмырын Алла Тағалаға арнайды»,- деді. Уағыз-насихат сонында жамағатпен бірге елдің амандығы үшін дұға жасады.