Жамбыл облысы Байзақ ауданы «Байзақ баба» мешітінде Жамбыл облысына тәжірибе алмасу мақсатында келген Ақтөбе облыстық «Нұр ғасыр» орталық мешітінің наиб имамы Нұрбол Берікболұлы ауыл имам-молдаларымен кездесіп, жат ағыммен күресу жолындағы тәжірибесімен бөлісіп, семинар өткізді.
Семинар барысында азаматтарды жат ағымнан сақтап қалу жолдары, адасқан бауырларымызды дәстүрлі дінге қайтару әдіс-тәсілдері сынды мәселер көтерілді.
Нұрбол Берікболұлы: «Асыл дініміз Ислам – адамзатты бейбітшілікке, татулық пен бірлікке, ғылым-білімге, өзара мейірімділікке насихаттайтын дін. Алла Тағала қасиетті Құранның «Хужурат» сүресінің 13-аятында: «Уа, адамзат! Сендерді Біз әуелде бір еркек, бір әйелден, бір ата, бір анадан өрбіттік. Өзара қарым-қатынас жасап, бір-бірлеріңді танысын деп түрлі ұлт пен ұлыстарға бөлдік. Алла Тағала алдындағы ең абыройлыларың – тақуа болғандарың. Шын мәнінде, Алла – барлық нәрсені толық білуші, барлығынан толық хабардар», – деп айтқан.
Қазақ даласына Ислам діні келгеннен бастап халқымыз осы уақытқа дейін имам Матуриди ақидасын, имам Ағзам Әбу Ханифа мәзһабын ұстанып келді. Бұл олардың бірлікте болуына, адасып, түрлі жат ағымның жетегінде кетпеуіне басты себеп болды. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларын әркез бірлікке үндеп, жік-жікке бөлініп, дұшпандық қылудан сақтандыратын. Хадис шәріпте: «Ұлық Алла Тағаладан қорқыңдар! Егер сендерге құл әмір болса да, оны тыңдаңдар және оған бойұсыныңдар. Расында, араларыңдағы көп өмір сүргендер көп ұрыс-керіске (фитнаға) тап болады. Сондықтан сендерге еш ауытқымай менің сүннетімді және дұрыс жолмен жүрген діндар халифалардың сүннетін ұстану керек», – деп айтқан (имам Термизи).
Бұл хадисінде Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларына дінді бұрмалаушы ағымдардың шығатынын ескертіп, әрі олардан сақтанудың жолдарын баяндаған. Қазіргі күнде де әр мұсылманның дінінде берік болып, дінбұзар жат ағымдардың жетегінде кетуден сақтанып жүруі аса маңызды. Жат ағымның теріс насихатына ермес үшін әрбір адам мынадай амалдарға назар аударуы тиіс», - деп бір қатар мәселелерді атап өтті.