АТА-АНАНЫҢ АҚЫСЫ

АТА-АНАНЫҢ АҚЫСЫ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Ислам дінінде адам баласын сансыз сауапқа кенелтіп, бақытқа жетелейтін амалдардың бірі ата-ананы сыйлау, оларды аялап, кадірлеу. Адам баласы – Алла Тағала жаратқан жаратылыстың ішіндегі ең ұлығы. Кез келген адам үшін дүниеде ең қымбат жан оның – ата-анасы. Бұл қымбатты жандарды Алла Тағала Құранда дәріптеп, оларға құрметпен, жауапкершілікпен қарау міндетін перзентке жүктеген. Жаратқан Алла ата— анаға лайықты дәрежеде құрмет пен жақсылық жасауды Өзінен кейінгі кезекке қойған.

Бұл туралы Құран Кәрімде: "Раббың тек қана өзіне құлшылық жасауды, әке-шешеге жақсы қарауды бұйырды" Ал егер олардың бірі немесе екеуі қолдарында тұрған кезде қартайса, оларға "туһ" деп те айтпа. Сондай-ақ, оларға сыпайы сөйле және оларды зекіме. Оларға мейіріммен құшақ жайып, былай деп дұға жаса: "Уа, Раббым! Олар мені кішкентай күнімде қалай мәпелеп өсірген болса, оларды солайша мейіріміңе бөлей гөр" ("Исра" сүресі, 23-аят).

Бір күні Пайғамбарымыз (с.а.у) сахабаларына "Сендерге күнәлардың ең үлкені ең үлкені қайсы екенін айтайын ба?" – дейді. Сахабалар: "Иә, бізге қайсылары екенін айтыңыз", - дейді. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.у) "Аллаға серік қосу, ата-анаға қарсы шығу, нақақтан нақақ адам өлтіру, өтірік айту", - деп, Аллаға серік қосудан кейінгі үлкен күнә ата-анаға қарсы шығу екенін айтқан.

Ислам – адам баласына тура жол мен ақиқатты үйреткен хақдін. Шариғаттағы кез келген тыйымдар мен үкімдерге қарасақ, тек пенденің жақсылыққа жету жолындағы игілінін көздейді. Сол игілікті істердің ең ұлығы – ата-анаға құрмет көрсету. Қасиетті Құранда:

"Аллаға құлшылық етіңдер. Оған еш нәрсені ортақ етіп қоспаңдар. Және әке- шешеге жақсылық жасаңдар" - деп айтқан ("Ниса" сүресі 36-аят). Келесі аятта:

"Олар сенен Алла жолында не беретіндіктері жайында сұрайды. "Нендей қайыр сарып қылсаңдар, әке-шеше, жақындар, жетімдер, міскіндер және жолда қалғандар үшін. Қайырдан не істесеңдер, күдіксіз Алла оны біледі" де"("Бақара сүресі", 215- аят)

Тағы да бір аятта: "Адам баласына , әке-шешесіне жақсылық істеуді нұсқадық. Өйткені шешесі оны зорға көтеріп, әрең босанады. Сондай-ақ оған жүкті болу, (сүттен) айыру отыз ай. Ақыр ол ержетіп, қырық жасқа ұласқан кезде : "Раббым! Өзіме әке-шешеме берген нығметтеріңе шүкірлік етуімді, өзің разы болатын түзу амал істеуімді маған нәсіп ете көр! Мені ұрпақтарымды да түзелт. Шын мәнінде, мен тәубе еттім. Әрине мен бойұсынушы пенделерденмін".

Міне, жоғарыда айтыдғандай Алла Тағала Құран Кәрімде ата-анаға жақсылық жасауды әмір етеді. Әсіресе бойларынан қуат кетіп қартайған шақтарында, яғни перзентіне қалай мейірімділк жасаса, енді әке-шешесіне солай мейірімділк танытуды міндеттеді. Мұқтаждықтары көбейген кәрілік шақтарында ата-анаға "туһ" деп айтуға тыйым салты. Егер "туһ" деп кейіс білдіруден де төмен нәрсе болғанда, Алла Тағала міндетті түрде одан да тыйған болар еді. Ата-насына қарсы келген перзент қандай амал істесе де, жәннатқа кірмейді. Сол үшін ата-анаға қарайласу, олармен жақсы мәміледе болу Исламдағы ұлы амал болып табылады.

"Үш дұға ешқандай күмәнсіз міндетті түрде қабыл болады: зұлымдыққа ұшырағанның дұғасы, жолаушының дұғасы , ата-ананың баласына жасаған дұғасы " (Имам Ахмад). Ал мына хадисте ата-анаға құрметсіздік танытудың харам екенін ескертеді. "Алла Тағала сендерге аналарыңа құрметсіздікпен қарауды, қыздарыңды тірідей көмуді,құқықтарды өтемеу мен орынсыз істі орындауды талап етуді, өсекті, көп сұрақ сұрағанды, дүниені шашуды харам етті" (имам Мүслим).

Хазретті Али (Алла оған разы болсын): "Мұсылманның ең көркем мінезінің бірі - ата-анаға жақсы қарау ", - деген.

Перзент ата-анасына жасаған қиянаты мен құрметсіздігінің жазасын осы дүниеде міндетті түрде тартатын болады. Хадисте: "Барлық күнәлардың жазасы Алла Тағаланың қалауымен қиямет күніне дейін кешірілуі мүмкін, алайда" ата-анасына құрметсіздік танытқан адамның жазасын осы өмірде өлім келмей тұрып береді" – деген (Ибн Хиббан).

Ата-анасының разылығын алу Алланың разылығын алумен бірдей

Ата-анаға құрмет көрсету – перзентінің мойынындағы міндеті. Ол құрметтің шегі мен мерзімі жоқ. Ата-ананың разылығы Алланың разылығы, ал ашуы Алланың ашуына себеп болатынын мына хадис баян етеді:

"Алланың разылығы ата-ананың разылығында, Алланың ашуы ата-ананың ашуында" (имам Тирмизи).

Хасан әл-Басриден (Алла оны рақымына алсын ) ата-анаға жақсылық жасау жайында сұрағанда: "Әкеге жақсылық етуің ұлы амалға жатады, ал анаға жақсылық етуің одан да жоғары ", - деп жауап берген екен.

Бірде Хазрет Абдулла ибн Омар (Алла оған разы болсын) анасын мойнына салып, Қағбаны тауап етіп жүрген кісіні көреді. Сонда әлгі кісі: "Уа, Омардың ұлы! Не айтасың? Мен осы қызметіммен анамның алдындағы борышымды өтедім бе? " – деп сұрайды. Сонда Абдулла ибн Омар (Алла оған разы болсын) "Жоқ. Сені босанардағы толғағының біреуін де өтемедің. Алайда үлкен ізгілік жасадың: Алла қаласа, аз ісіңе көп сауап жазылады ", - деп жауап берген екен.

Бабаларымыз да ұрпағына тәрбие бергенде әрдайым ата-анаға құрмет көрсетуді өсиеттеп отырды. Даналар айтқан сол сөздер санамызға сіңген ұлағатты өсиет болмақ. "Ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің, ағайыннығ қадірін жалалы болғанда білерсің", "ата-ананың қарызы, ұрпақтың өмірлік парызы", "Алты аға бірігіп әке болмас, жеті жеңге бірігіп ана болмас"

Жарық дүниеге келуімізге себеп болған ата-анамыз үшін әрдайым игі дұғада болу – перзенттік борышымыз. Мына бір дұғамен ата-анамызға дұға етіп сөзімізді аяқайық:

"Екеуіне кеңпейілділікпен мейірім құшағыңды жай да: О,Раббым! Бұл екеуін мені кішкентайымнан мәпелегеніндей, сен де, оларды мейіріміңе бөлей гөр!" деп айт".

Ансар Абилов

"Хаджи Тамал - Мадина" мешітінің имамы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: