Тазалық - иманның жартысы

Тазалық - иманның жартысы

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

 Жаратушымыз адамзатты тазалықпен ғұмыр кешуге бұйырған. Тазалық иманның жартысы деген ұстаным да ғибадат тарауларының алғашқы кіріспелерінен орын алған. Жалпы тазалықты ұстану жайлы көптеген аяттар мен хадистерде де сөз етілген. Соның бірі, Алла Тағала Құранда: "Шындығында Алла Тағала күнәларына дереу тәубе қылушыларды және тазалық сақтап, таза жүрушілерді жақсы көреді", - дейді.

Иман бірнеше тарауларға бөлінеді. Сол тараулардың біріне тазалықты сақтау амалы да жатады. Оған нақты дәлел ретінде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): "Тазалық-иманның жартысы",-деген хадисінен де аңғаруымызға болады. Асыл дініміз тазалықты бірнеше сатыға бөліп қарастырып өткен;

            Жүрек тазалығы:

            Жүрек Алла Тағаланың тарапынан адамдарға берілген үлкен нығметтеріне жатады. Жүректі түрлі аурулардан сақтауымыз керек. Жүректі сақтай алмаған адам көп өзгерістерге ұшырауы мүмкін. Жаман күмәндарға, түрлі ғайбаттарға, көптеген әділетсіздіктерге барудан тайынбайды. Сол үшін де Алла Тағала пенденің әуелі сыртқы көрінісіне емес, ішкі дүниесіне Өз назарын салып, оған терең мән беруін талап етеді. Мына бір кереметті қараңыз, дін қағидалары бір-бірін қуаттап, растап отырады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): "Алла сіздердің бейнелеріңізбен мал-дүниелеріңізге, қарамайды, сіздердің ішкі дүниелеріңізге (жүректеріңізге), амалдарыңызға қарайды",-дейді. Қош делік, не себептен Алла Тағала жүректерімізге қарайды? Өйткені, ол жер иманның мекені болып табылады. Ал иман болса, таза жерден орын табады.

           Ислам дінінде тән тазалығына да терең мән берілген. Зер салатын болсақ, бір ғана дәрет алудың өзінде аяқ-қол, бет-жүз, тыныс жолдары, тіпті мойынға дейін жуылып, мәсіх те тартылады. Тырнақ, сақал, хош иістену жайында да түрлі мәтіндер мен хадистер өз алдына бір ғылым. Неткен тазалық десеңізші!

           Киім тазалығы:

   Киім әуелі адамның денесін жауып тұру қызметін атқарады. Сосын адамға әсемдік пен жарасымдылық береді.Адам өз жөнімен киініп жүруі арқылы өзгелерге үлгі бола да алады.Киімді өз ретімен, таза да киініп жүру жайында Құранда да айтылып өткен. Мудассир сүресінің 4-ші аятында: "Киімдеріңізді таза ұстаңыздар",- дейді.

Киім киерде әуелі тәкәппарлықтан аулақ болу мақсатында ниет етіп, арнайы дұғасын да оқығанымыз абзал. Осы арқылы да пендеге көптеген сауаптар жазылып тұратын естен шығармағанымыз дұрыс.

Үй-жай, тұратын баспаналарымыздың тазалығы:

Баспаналарымызды әркез таза ұстайтын болсақ, онда ол жер берекеге толып, нағыз құтханамызға айналатыны сөзсіз. Ертеректе даналарымыздың керемет мынадай бір сөздері болған екен. Олар қандай да бір тап-таза шаңыраққа келген кезде: "Періштелі үй екен, Періштесі бар шаңырақ екен",- деген сынды ғибратты сөздері арқылы өз разылықтарын білдіріп жүретін болған екен. Бұл сөздің астарында үлкен мағына жатыр, тазалыққа мән беретін әр шаңырақта періштелердің болатынын меңзейді.

 Құрметті оқырман! Дініміздегі әрбір үкімдер тек адам баласының пайдасына негізделген. Соның бірі тазалық. Тазалық бар жерде мәдениеттілік пен пәктік болары сөзсіз. Шамамыз келгенше тазалықтың екі-үш түріне шолу жасағандай болғандаймыз. Түйінді сөз ретінде айтарымыз, ең бастысы көңіліміз таза, кіршіксіз болсын. "Тәні саудың жаны сау" дегендей, тазалық денсаулығымыздың зор, әрі салауаты болуына өз септігін тигізетіні күмәнсіз.

Үмбет Сабырханов

Әл-Хақ мешітінің имамы

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: