Меркі ауданы бас имамы Азамат Берікұлының басшылығымен ауданға қарасты имамдар арасында «Ихсан – рухани тәрбие негізі» атты семинар өтті.
Семинарда бас имам: «Ихсан – Алланы көріп тұрғандай құлшылық етуің, оған шамаң келмесе Алла Тағала сені көріп тұрғанын ұмытпауың. Ихсан адамға керекті көркем мінезді қалыптастырады. Атап айтқанда Алланы тану, ықылас, ниет, сабырлық, шүкіршілік, тәубе, қиямет-қайым, жәннат, Жаратушы Аллаға, Құранға, Пайғамбарға махаббат, нәпсі тәрбиесі, рух тазалығы, тіл тазалығы, өмірдің қадірі, адамдардың ақысы, қарым-қатынас әдебі, еңбек ету, жаман әдеттерден сақтану т.б. сипаттарды адам бойында қалыптастырады.
Қысқа қайырғанда, Ихсан ілімі көркем мінез бен адамға тән күллі әдептілікті қалыптастырып, дүниесі мен ақыретін қатар ала жүріп, еш өкінбейтін Хақ жолдың аясында өзін әдебімен, имандылығымен тәрбиелейді. Ихсан – пенденің иманын бекемдеп, құлшылыққа деген құлшынысын арттыратын адамгершілікке тән игі қасиеттерді кемелдендіре түсетін, адамның ішкі жан-дүниесін тәрбиелейтін рухани ілім», - деп, Азамат Берікұлы сөзін аяқтады.
Алла Тағала жүректерімізге иман, сол иманға жараса амал нәсіп етсін.
Меркі аудандық «Меркі ата» мешітінің баспасөз қызметі