Жамбыл облысы Байзақ ауданы «Байзақ баба» мешітінің наиб имамы Сержан Тимурұлы Көктал ауылдық «Әбу Бәкір Сыддық» мешітінің жамағатына уағыз айтып, жұма намазын өткізді.
Сержан Тимурұлы: «Алла Тағала қасиетті Құранның «Мүлік» сүресі, 2-аятында: «Ол сондай Алла, қайсыларың жақсырақ амал жасайтындарыңды сынау үшін өлім мен өмірді жаратты», – деп айтқан.
Адам ғұмыры ізгілікке толы әрі ұзақ болғандығы жақсы. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):«Адамдардың жақсысы өмір жасы ұзақ әрі амалдары ізгі болғандары», – деген (имам Тирмизи). Пендеге Жаратушы тарапынан берілген ғұмырды, уақыт мерзімі жеткенде Алла Тағаланың Өзі ғана алуға хақылы. Сол себепті де асыл дініміз Исламда адамдардың бір-бірін өлтіруі немесе адамның өз-өзіне қол жұмсауы харам етілген істер болып табылады. Тіпті кейбір Ислам ғұламалары өзін-өзі өлтіру – біреуді өлтіруден де ауыр қылмыс деп санайды», - деді.