Отан қорғаушылар мерекесіне орай Ауған соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіштің ашылу салтанаты өтті.
Салтанатты ашылу рәсіміне Меркі ауданы бас имамы Азамат Берікұлы, аудан әкімінің орынбасары Нұрсұлтан Нәрікбаев, Ауған соғысы ардагерлері, ауыл қариялары қатысты.
Ауғанстан – әлемдегі ең кедей елдердің бірі. Ол елде 1978 жылы саяси төңкеріс болып, содан бері соғыс қимылдары тоқтаған емес.
1979 жылы желтоқсан айында Саяси бюро соңғы шешімін шығарып 1979 жылы 25 желтоқсанда Кеңес әскерлерінің шектеулі контингенті Ауғанстанға кіріп, 1989 жылдың 15 ақпанында Кеңес әскерлері Ауғанстан жерінен толықтай шығарылып, 10 жылға жуық соғыс қимылдары жүргізілген. Оған КСРО елдерімен қатар Қазақстаннан 22 мың адам қатысып, олардың 761-і қаза тапқан, 21-і хабарсыз кеткен.
Солардың ішінде, Меркі жерінен Ауған соғысына 110 азамат қатысқан екен. Олардың бесеуі майдан алқабында қаза тапса, 22-сі өз жеріне келгеннен соң өмірден озған. Қазіргі таңда қаралы соғысты көрген 60 азаматтың көзі тірі. Дәл осы азаматтар демеушілік етіп, ескерткіш құрылысына қаражат беріп, басы қасында болған. Сұрапыл соғыстың қиыншылығын көріп, елге оралған ардагерлеріміз, әрдайым, бейбітшіліктің, тәуелсіздіктің қадір-қасиетін түсініп, елге адал қызмет етуге үндеп, жастарға өнеге болып жүр.
Солардың арасынан, бейбіт күнде өз елінде дүниеден өткен ардагерлерде ескерусіз қалмады. Олар ұрпақ есінде мәңгі қаласын деген үмітпен, арнайы ескерткіш қойылды.
Ескерткіш жанында ауданның бас имамы Азамат Берікұлы бақи болған азаматтардың әруағына бағыштап құран оқыды.
Жиын жалғасы аудан мешіттерінің бірінде өмірден өткен азаматтарды еске алуға арналған ас берілді. Мешіт имамы бақилық жандарға құран бағыштады.
Меркі аудандық «Меркі ата» мешітінің баспасөз қызметі