Тасаттық – қандай амал?

Тасаттық – қандай амал?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Тасаттық – құрғақшылық және қуаңшылық кезде Алла Тағаладан жаңбыр тілеу үшін атқарылатын діни рәсім. Мұны дінде «Жаңбыр сұрау дұғасы» немесе «Жаңбыр сұрау намазы» деп атайды. Арабшасы «истисқа» («жаңбыр сұрау») деп аталады.

Құрғақшылық бәлесі көбіне адамдардың басына Алла Тағаланы ұмытып, күнә жасауларының кесірінен келеді. Мұндай жағдайда жұрт түгел жиналып, тәубелеріне келіп, Раббыларынан кешірім сұраулары қажет. Аллаһ тағала Құран Кәрімде:

«Бастарыңа қандай да бір бәле келуі – өз қолдарыңмен істеген қылықтарың үшін. Сондай-ақ Алла істеріңнің көбін кешіруде». «аш-Шура» сүресі: 30

«Және ауыл (қала) тұрғындары иманға келіп, Алладан қорыққандарында, әрине, оларға көктер мен жерден берекелер төгер едік. Бірақ олар иманды теріске шығарды. Сонда істеген қылықтары үшін оларды бас салдық». «әл-Ағраф» сүресі: 69

«Мұса қауымы үшін жаңбыр тілегенде Біз оған: «Аса таяғыңмен тасты ұра ғой», деген едік. Сонда одан он екі бұлақ жарылып шыққан еді». «әл-Бақара» сүресі: 60

Құрғақшылық кесапаты келген кезде мұсылман қауым түгелімен,
қариялары да, балалары да, ерлері де, әйелдері де намаз оқылатын алаңға шығып, Алла Тағаладан кешірім сұрайды. Дұға жасап, Оның рақымын тілейді. Біреуінің болмаса, біреуінің дұғасына жауап келер деп үміттенеді. Пайғамбар: «Әлсіздерің үшін болмаса, сендерге жәрдем мен ризық келер ме еді?!», – деп айтқан.

Имам көпшілікпен бірге қала не ауылдың сыртына өзінің әлсіздігі мен мұқтаждығын көрсетіп, Алладан қорыққан, жалбарынған күйде шығады. Жаңбыр тілеуге шыққан жұртшылық екі рәкәғат истисқа намазын оқиды. Имам намазды дауыстап оқиды. Бұл Ибн Аббастың (Аллаһ оған разы болсын): «Алланың елшісі бойсұнған, қарапайым әрі жалынған күйде шығып, намаз алаңына келді. Намаздың алдында құтба айтпады. Бірақ дұға тілеуін, жалынуын, тәкбір айтуын тоқтатпады. Сөйтіп айт күні оқитынындай екі рәкағат оқыды», – деген хадисіне негізделген. «Сунан ат-Тирмизи»: 2/445. Дәрежесі: хасан сахих

Немесе намаз оқымай тек дұға, истиғфармен (кешірім тілеу) шектелсе де жеткілікті. Имам жамағатқа уағыз айтады, күнәларына тәубе етіп, Алла Тағаладан кешірім сұрауға, араздасқандарды татуласуға шақырады. Өйткені Алла Тағала Құранда Нұх пайғамбардың (алайһис-салам) қауымына айтқан сөзін баяндап:

«Кешірім сұраңдар! Расында, Ол кешірімді. Үстілеріңе мол жаңбыр жаудырады, дедім». «Нұх» сүресі: 10,11

Соңынан имам құтба оқып, құбыла тарапқа қарап, Алла Тағалаға дұға етіп, жаңбыр жаууын сұрайды. Ал, жамағат «әмин» десіп дұғаға қосылып отырады.

Шариғат кітаптарында жаңбыр тілеу кезінде мал сойылып, еті таратылатындығы жайлы айтылмайды. Қазақ халқында, тасаттық дәстүрі үшін Құран оқылып, құрбан шалынып жатады, мұның ағаттығы жоқ. Садақа беру Алла Тағалаға жақындататын ізгі амалдардың бірі болғандықтан Алла разылығы үшін құрбан шалып, етін мұқтаждарға тарату – сауапты іс. Хадисте: "Науқастарыңды садақамен емдеңдер. Садақа әрбір ауруды және бәлекетті қайтарады" делінген.

Ал малдан аққан қанды жерге көміп тастаған абзал болады. Оны суға ағызбайды. Тасаттық үшін шалынған құрбандықтың етін өзенге ағызып жіберетіндер де бар екен. Бұл – үлкен әбес іс. Неге десеңіз:

Біріншіден – ысырап. Алла ысырапты харам еткен. Құранда: «Жеңдер, ішіңдер, бірақ ысырап етпеңдер! Алла ысырап етушілерді жақсы көрмейді» - деп бұйырады.  

Екіншіден - үлкен адасушылық. Өйткені шалынған құрбанның етін өзеңге ағызу - «жаңбыр сұрау» рәсімі сияқты діни бір құлшылыққа дінде негізі жоқ әлдебір істі кіріптар етушілік болып саналады, мұны дінде «бидғат» дейді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзінің сахих бір хадисінде: «Бидғаттың бәрі – адасушылық. Ал, адасушылықтың бәрі – тозақы» - деп ескертеді.

Үшіншіден – соқырсенімділік дер едік. Өйткені «құрбанның етін өзенге ағызса, жауын мол жауады» деу соқырсенімділіктен басқа ештеңе емес. Қазақта әдемі бір сөз бар: «Қазақ ырым етер, ырымы кейде қырын кетер» - деген. Бұл да сол қырын кеткен ырымдардың бірі десек артық айтқан болмаспыз.

Қорыта айтқанда, қазақ халқындағы «тасаттық» деп аталатын «жаңбыр тілеу» рәсімі діннен бастау алатын бір рәсім. Тасаттық рәсімінде намазбен қоса, Құран оқылып, құрбан шалынып жатады. Оның дінге терістігі жоқ. Бірақ шалынған құрбандықтың етін өзенге, суға ағызу немесе сол жерге тастап кету – ысырапшылық әрі харам іс. Одан да, ол етті мұқтаж бір отбасыға берген сауаптырақ. Немесе сол еттен ас пісіріп, халыққа ас берсе де қате емес. Алайда, адал сойылған малдың етін әлгіндей рәсуа ету - үлкен күнә.

Жаңбыр тілегенде және жауғанда мына дұғалар айтылады.

Алла елшісі жаңбыр тілегенде: «Аллам, құлдарыңды және
мақлұқаттарыңды суара көрші. Рахымыңды таратып, өлі жеріңді тірілте
көрші», – дейтін.

Алланың елшісі жауып бастаған жаңбырды көргенде: «Аллам, жақсы және пайдалы болсын», – деп тілейтін.

Жаңбыр мөлшерден тыс жауғанда: «Аллам, үстімізге емес, айналамызға жаудыр. Аллам, оны төбешіктер мен тауларға, тоғайлар мен жайлауларға, сайлар мен ормандарға жаудыр», – деп тілейтін.

Әдетте тасаттық мұсылмандар үшін қасиетті күн – жұмада орындалған. Негізінде дініміз бойынша қалай жаңбыр тілеу керектігі Құран Кәрімде және Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) мүбәрәк хадис шәріптерінде баяндалған. Бірақ, тасаттықты міндетті түрде жұма күні орындау қажет деген шарт жоқ. 

Жаңбыр сұрауға шыққан уақытта Аллаға күнәлары үшін шынайы тәубе етіп, ренжіскен адамдар болса бір-бірінен кешірім сұрап, садақаларын беріп шығады. Егер жауын жаумаса, екінші және үшінші күндері тағы қайталаса болады.

Алла Тағала көктен жаңбыр жаудырып, елімізге, жерімізге мол ризығын нәсіп етсін!

 Есбол Алпысбаев

Меркі ауданы Қызылқыстақ ауылы

"Əл-Кəрим" мешітінің имамы 

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: