Ораза айты — бір ай оразаны аман-есен аяқтағаннан кейін, бейне осыған шүкіршілік іспетті илаһи шуағы мол мереке. Ай бойы Алланың разылығы үшін ашқұрсақ жүріп, көзді харамнан, құлақты өсек тыңдаудан, тілді ғайбат сөйлеуден тыйып, көңіл айдынын хақ дариясымен суарып, жүректі ақиқат сырларына малындырып, адамзат баласы «мумин» мақамына көтеріледі. Айт мерекесі айт намазымен басталады.
Алла елшісі (с.ғ.с.) айтты: «Расында, Алла сендерге ол екеуін одан жақсымен алмастырып берді: құрбандық күні және ораза айты күні». (Әбу Дәуід)
Бүгін де Жамбыл облысының барлық мешіттері айт намазына жиналған қауыммен толықты.
Жамбыл облысының орталық «Һибатулла Тарази» мешітінде жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 7:00-де қасиетті Рамазан айының аяқталуына орай мерекелік айт намазы оқылды. Келген жамағатқа құрма таралып, «Ораза айт құтты болсын!» атты баннер ілінді. Дәстүр бойынша, айт намазы қасиетті Құран Кәріммен басталып, бас имам Бейбіт Мырзагелдиевтың мерекелік уағызымен жалғасын тапты.
Ақсақалдар бата беріп, ел амандығын тіледі. Айт намазына жиналғандар ерекше қуанышпен мерекелік көңіл күйде тарқасты.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА,
«Һибатулла Тарази» мешітінің баспасөз қызметі