21 сәуір - Ораза айт мерекесі

21 сәуір - Ораза айт мерекесі

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Ислам тарихына зер салып қарайтын болсақ, ертеде Мәдина халқы Ислам діні келерден алдын жылдың екі күнін (көктемде және күзде) мереке етіп өткізетін болған екен. Бұл күндерді олар түрлі ойын-сауықпен, сондай шаттықта атап өтетін еді. Жаратушымыз оларға осы екі күннің орнына басқа екі күн белгілеп, Ислам шариғатының аясына сай өтетіндей жария етіп берді. Осы айтқанымызға дәлел ретінде, тереңірек түсініп алуымыз үшін оның шығу тегіне көз жүгіртіп көрелік. 

Ислам діні келмей тұрып Рамазан оразасы да Рамазан айты болмаған.Кейіннен бұл амалдар Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) пайғамбарлық дәуір келгеннен соң, Алла Елшісі (с.ғ.с.) Мекке қаласынан Мәдина қаласына хижрет еткенінен соң, яғни екінші жылы парыз етілді, айт күні де мереке етіліп қабылданды.Бұл жайында Әнәс ибн Мәлик (р.ғ.) риуаят етеді, "Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Мәдина қаласына хижрет етіп келген кезде Мәдиналықтардың өз мерекелері бар екен. Яғни, екі күн екен.Мерекелері тек ойын-сауықпен ғана шектелетін болған екен.Себебі сұралған кезде, сонау надандық дәуірлерінен келе жатқан мереке деп түсіндіріледі.

Сол Алла Елшісі (с.ғ.с.): "Алла Тағала сіздерге бұл екі күн орнына мына бір екі күнді (ораза айт мерекесі және құрбан ат мерекесі) жақсырақ етіп тарту етті", - дейді.(Муттафақун әләйһ. Сүннет иелері бір ауыздан келіскен).

Демек, шариғи қос мерекемізді адамдардың ойлап тапқаны емес, Раббыздың Өзі біздерге арнайылап тарту еткенін ұғамыз. Жалпы айтқанда, діни парыздарымыз, әрі үлкен ғибадаттарымыздың қатарына жататын ораза мен қажылық амалдарымыздың құрметіне орай тарту етілген бұл қос мереке "айт мерекесі" деген атауға ие болды. Ғұламаларымыз осы қос мерекеге қосымша етіп үшінші мереке "жұма" күнінде тілге тиек етеді. Жұма намазы кімдерге парыз болған болса, айт намазы да ол адасдарға уәжіб болып саналады. Аталмыш қос мерекені күллі иісі мұсылман қауымы ежелден бері қазіргі таңға дейін ғибадатпен, көркем мінезбен және тамаша әдеппен өткізуге дағдыланған. Жаббар Иеміздің тарапынан белгіленген бұл мерекелеріміз әрдайым ізгіліктер мен берекелерге толы, мейірімділіктің рәмізіне айналды.

Рамазан айы тәмәмдалуға жақын қалған кезде адамдар бұл аймен қимастықтен қоштасатыны айдан анық нәрсе.Өйткені бұл айдың көптеген игіліктері, қасиеттері бар.Сол кезде хадисшілеріміздің мына бір хадисін оқыған кезімізде, көңілдерімізге қайтадан шаттық, жүректерімізге үміт орнайды.

Әбу Һурәйрадан (р.ғ.) риуаят етеді, Бірде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): "Рамазан айының соңғы кешінде ораза ұстаушының күнәлары кешіріледі", деді.Сахабалар: "Уа Алланың Елшісі! Бұл айтып тұрғаныңыз Қадір кеші ме?", деді.Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): "Жоқ, жұмысшы шаруасын тәмәм еткен соң, оның ақысы төленгені секілді ораза ұстаушыға да арнайы берілетін өз сый-сияпаты беріледі", - деген екен.(Имам Ахмад риуаяты).

Мухаддистеріміз хадисте Алла Елшісінің (с.ғ.с.) айтып тұрғанын "айт күні" деп түсіндіреді.Отыз күн бойы жеп-ішуден, жөнсіз ұйқыдан, түрлі жамандықтардан тиылған пенде үшін мереке ретінде берілген Алланың үлкен құрметі деп қабылдауымыз керек.Халқымыз ертеден бері Ислам діні арқылы құрметтеліп берілген бұл мерекені айт намазымен бастап кетеді. Намазда Раббысына мақтау-мадақтар айтып, Рамазанның қайта оралуына сансыз дұғалар жасайды. Намаздан соң туған-туыстары мен көрші-қолаңдарынан хабар алып, құран оқылып, айттау амалдары жүзеге асады. Зират басына барып құран бағыштау, науқастардың көңілдері сұралады. Жас балаларға айттық сыйлықтары да үлестіріліп те жатады. Әсіресе бұл көрініс ұлтымызда жезде мен оның қайын (айттық беру) жұрты арасында да талқыланып жатады. Мұны кей адамдар дәстүр ретінде де қабылдағандай сыңай танытады Не де болса да Ислами дәстүріміз неткен ғажап десеңізші!

Әрбір ғибадаттың өзіндік тәртіптері мен қағидалары болғаны сияқты айт намазына барудың да өзіндік тәртіптері бар.

*Айт күндерінде ізгі амалдарымызды көбейтуіміз керек;

*Айт намазына арнайы жуынып, ғұсыл құйынып бару;

*Айт намазына ерте бару;

Рамазан айты күні айт намазы алдында үйден шығардан алдын дәм ауыз тию. Әнәс (р.ғ.): "Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бірнеше құрма жеп алмастан алдын айт намазына шықпас еді", - дейді.(құрманы тақ етіп, 1,3,5 данасын жейтін еді);

  • Жаңа немесе таза киімдер киіп бару;
  • Жолда бара жатқанда зікірлер,
  • тасбихтар айтып бару; т.б.

Айт намазынан соң адамдардың бір-бірлерімен қауышуы, құттықтаулары да айт күнінің басты әдептеріне жатады.

Жалпы алғанда айт мерекесінің қоғам үшін де пайдасы мен хикметтері өте көп.Неге десеңіз қауымдар арасында достықтың нышаны күшейіп, жер бетіне Жаратушымыздың рақымы молынан жауады.

Жамағаттар тарапынан кейде сұрақтар келіп жатуларына орай Рамазан айт мерекесі жөнінде де сәл өзгеше етіп, қысқа-нұсқа сауал-жауаптар тізімін де беруді де жөн санадық.

 

 Сұрақ: Әйелдердің айт намазға баруларына болады ма?

Жауап: Біздің мәзһабымызда әйелдердің айт намазға барулары шарт болып бекітілмеген, яғни міндет болып саналмайды.

 

Сұрақ: Кейде ел ішінде екі айт арасында некелеспеген абзал деген сөздерді естіп қаламыз, осы пікір дұрыс па?

Жауап: Дұрыс емес. Мұндай хабар шариғатта еш айтылмаған.Бұған дәлел, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Айша (р.ғ.) анамызға Шәууал айында (екі айт) үйленген еді.

 

Сұрақ: Айт намазына кешігіп барған, үлгермей қалған, еш оқи алмаған адам не істейді?

Жауап: Жеке өзі екі рәкәғат нәпіл намаз оқып, дұға жасап қайтады.

 

Сұрақ: Жас балалардың айт намаздарына баруларына болады ма?

Жауап: Дініміз тиым салмайды.

Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Үмбет Сабырханов

"Әл-Хақ мешітінің имамы

Луговой ауылы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: