ОРАЗА АЙТ – ҰЛЫҚ МЕРЕКЕ

ОРАЗА АЙТ – ҰЛЫҚ МЕРЕКЕ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Айт – рамазан айындағы ораза амалының аяқталуына орайластырылған мереке.

Айт  мерекесінің өзгешелігі – бұл мереке құлшылықпен басталып,  мұсылмандар ол күні жиналып, екі ракағат айт намазын оқиды. Намаздан соң бір-бірін құттықтап, отыз күн оразада жасаған тағат-құлшылық, ниет-дұғаларының қабыл болуын тілеп: «Айт қабыл болсын!» деген құттықтау сөздерін айтады.

Ораза айт ұлық мереке болғандықтан, мұсылмандар бір-біріне мерекелік көңіл күй сыйлап, мына істерді атқаруы хош көріледі:

Айт күндері Алла Тағаланы ұлықтап, көбірек тәкбір айту жақсы іс деп танылады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 185-аятында:

 «Сендерді тура жолға салған Алла Тағалаға шүкірлік етулерің үшін санын толтырыңдар. Әрі Алланы ұлықтаңдар», – деп айтқан.

Имам әз-Зуһри (Алла оны рақымына алсын): «Адамдар тәкбірді айт күні үйінен шығар кезде намаз орындалатын жерге барғанға дейін және имам көрінгенге дейін айтатын. Ал имам көрінген кезде, олар имам тәкбір айта бастағанға дейін тынышталатын, ал содан соң олар тағы да тәкбір айтатын», – деген.

Айт күндерінде мұсылман адам ең жақсы киімдерін киіп шыққаны жөн. Хасан әс-Сәбит (Алла оған разы болсын): «Екі айтта Хақ елшісі бізге әдемі киінуді, жұпар иіс себуді бұйыратын», – деген. Тағы бір хадисте: «Пайғамбарымыз айт мерекесі күндері ең әдемі киімдерін киіп жүретін», – делінген.

Имам Мәлик (Алла оны рақымына алсын): «Мен ғалымдардың айт күндерінде жасанудың және хош иістер жағудың абзал екендігі туралы айтатынын естігенмін», – деген

Мереке күні адамдар бір-біріне айт күні екендігін білдіріп, жылы жүз танытулары қажет. Бұл іс дінімізде бауырмалдықты арттырып қана қоймай, садақа бергеннің сауабымен теңестіріледі. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

 «Бауырыңның жүзіне қарап жымыю – садақа», – деген (имам Тирмизи).

Қазақ халқында бағзы заманнан айт күндері қырық немесе жетпіс үйге айттап кіріп шығу керек деген дәстүр бар. Әлбетте, шариғат мұндай санды міндеттемейді. Бұл қонақжай қазақ халқының кең пейілдігінен туындаған ізгі салт екені белгілі. Жалпы айт мейрамында әке-шешемiзге, ауру-науқастарға, туған-туыстарға, достарымызға барып қал-жағдайларын бiлу – үлкен сауап iс.

Айт күндері жақындарға, балаларға сыйлық беру – айт күнінің берекесін одан әрі арттырып, адамдардың арасын жақындататын істердің бірі.  Хадисте:

 «Сыйлық беріңдер, араларыңда сүйіспеншіліктерің артады», – деген.

Әсіресе, балаларымызға бұл ұлық күні сыйлық берудің мән-мағынасы өте үлкен. Ата-бабаларымыз айт күндері балаларға арнайы айттық сыйлық үлестіретін болған. Бұл оларға айт мерекесін мереке ретінде сезінулеріне, өмір бақи естерінде қалуларына өзіндік үлкен әсерін береді.

Қасиетті Рамазан айы біткенімен, ізгілік амалдар есігі қияметке дейін жабылмайды. Сол себепті де мұсылман адам әрдайым нәпіл ораза, тағат-құлшылық ғибадаттар жасап, мешітке жиі келіп, ізгілік амал атқаруын тоқтатпауы қажет. Хадисте:

 «Кімде-кім Рамазанда ораза тұтып, сосын оның артынан Шәууәл айында алты күн ораза ұстаса, ол жыл бойы ораза тұтқанның сауабын алады», – деген (имам Мүслим).

Алла Тағала қасиетті айда атқарған барлық ізгі амалдарымызды қабыл етіп, рамазаннан келесі рамазан айларына амандықта жетуімізді нәсіп еткей!

 Ғайырфулла Қуанышбекұлы

Жамбыл ауданының бас имамы                                           

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: