Сауабы сексен үш жылға татитын қасиетті қадір түнін құлшылықпен өткізуге ниетті Шу ауданына қарасты ауылдардың тұрғындары мешіттерге ағылды.
Өңірдің барлық мешітінде Қадір кеші ерекше аталып өтіп, құлшылыққа көптеп мән берілді. Атап айтсақ, "Кәрібай молда" мешітінде тарауық намазымен басталған қадір кеші көркем уағыз-насихатымен, сұрақ-жауап интеллектуалды ойындарымен ерекшеленді. Мешіт имамы Аят Алмаханов Құран хатымын оқыған екі қариға құрмет көрсетіп, көршілік алдында жамағаттың атынан алғысын айтты. Қариларға сый-сыяпат табыстап, үстеріне шапан жапты. Құлшылық арасында ұлттық ойындар сайысы жасалып, қадір түні өз деңгейінде аталып өтті. Таң қылаң бере сәресі асы таратылып, жамағат таң намазн оқып бірақ тарқасты.
"Тоғай" мешітінінде кеш ауызашар берілуден басталып, тарауық намазы, мешіт имамы Жанат Сагитовтың уағыздарымен жалғасты. Сұрақ-жауап викторинасы жасалып, дұрыс жауап бергендерге сыйлыққа кітап тарту етілді.
"Бөлтірік" мешітінің имамы Біржан Мұңалбеков рамазан бойы құран хатымын түсірген екі қариға қаржылай сыйлық беріп, иықтарына шапан жапты. Ауылдағы қадір кеші тарауық намазынан басталып, уағыз-насихатпен көркемделді. Сұрақ-жауап ұйымдастырылып, дұрыс жауап бергендерге сыйлық тарту етілді.
Ал "Ж.Жексенбай" мешіті қасиетті түнді өз дәрежесінде және жеңіл өткізу мақсатында құлшылық-дұғалармен қатар мешіт имамы Шүкірәлі Бердібектовтың ұйытқы болуымен балалар арасында Құран жарысы ұйымдастырылды. Асыл дініміз жайындағы білім мен сауаттылықты арттыру үшін жамағатқа 50 сұрақ қойылып, жарыс жасалды. Құран сайысының жүлде қоры 60 000 теңгені құрады. Үздік шыққандарға мешіт қамқоршыларының атынан алғыс хат табысталды.
Балуан Шолақ ауылы "Қойайдар" мешітінде күнделікті ауыл тұрғындары, мешіт имамы мен жамағаттың ұйымдастыруымен ауызашар өтті. Қадір түнінде мешітке келушілерге діни үгіт-насихат айтылып, жамағат арасында сұрақ-жауап викторинасы, қол күрес, арқан тартыс, тұмақ ату сияқты ұлттық ойындар ұйымдастырылды. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар тапсырылды. Тарауық, нәпіл намаздар оқылып, көпшілік таң намазынан соң бірақ тарқасты. Жалпы қадір кешін өткізуге 258 000 теңге қаражат жұмылдырылды.
Ақтөбе ауылы "Жылғабек" мешіті жастарының ұйымдастыруымен қадір түнінде ауызашар мен сәресі асы ұйымдастырылды. Шараға арнап 1 қой сойылып, 150 000 теңге қаражат жұмсалды. Сұрақ-жауап сайысында озық шыққандарға сый-сыяпан берілді.
"Хати Сауранбай" мешітінде де қадір кеші өз деңгейінде жасалып, Бақыт Тілемісовтың ұйымдастыруымен мешіт ауласында спорттық сайыстар жасалды. Қадір кешінде аяқталған Құран хатымының дұғасы жасалып, имам екі қариға сый-сыяпатын табыстады. Ауыл ақсақалдары қариларға алғыс білдіріп, батасын берді.
Дұға, намаз, уағызға толы өткен қадірлі кеш арасында қызықты ойындарымен ауызбіршілікті арттырды. Алла келесі жылы Рамазанға аман-есен жеткізсін!
Шу аудандық "Жәми" мешітінің баспасөз қызметі