Жамбыл ауданы орталық «Бәйдібек» мешітінде ауданның бас имамы Ғайырфулла Қуанышбекұлы тарауих намазының алдында мешітке келген жамағатқа қасиетті Қадір түнінің қасиеті мен маңыздылығы турасында кеңінен уағыз айтты. Рамазан – қасиетті ай. Осынау қасиетті айдағы қасиетті түн – Қадір түні.
Алла Тағала Құран Кәрімді Қадір түнінде түсірген. Қадір түні ‒ оның нақты қай түні екені белгісіз болуымен де қадірлі. Қадір түнінің бар екендігі хақ. Бірақ ол Рамазанның соңғы тақ түндерінің біріне жасырылды. Иә, Алла Тағала дәл нақты қай күні болатынын жасырып қойған Қадір түнінің өзіндік белгілері бар. Бірінші белгісі – ауа райының бірқалыптылығы. Жел баяу соғады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қадір түнінде аспан ашық болады.
Ыстық та, суық та болмайды. Күн қызыл болып шығады» деген. Екінші белгісі – сол түнді құлшылықпен өткізген адамның жүрегінде тыныштық орнайды. Жаны рахат бір сезімді бастан кешеді. Себебі, періштелер жерге түсу арқылы пенделерге мейірбандықты әкелген еді.
Жамбыл аудандық мешітінің баспасөз қызметі