ОРАЗАН ҚАБЫЛ БОЛСЫН ҰСТАҒАН ЖАН

ОРАЗАН ҚАБЫЛ БОЛСЫН ҰСТАҒАН ЖАН

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Алла Тағала Құран Кәрімде: «Әй, мүминдер! Сендерге бұрынғыларға парыз қылғандай ораза парыз қылынды. Әрине сақтанарсыңдар»,-деп бұйырады. Рамазан айы-бүкіл мұсылманға берілген Алланың ұлы нығметтерінің бірі.

Көптен күткен Рамазан айы да келіп жетті. Наурыз айының 23-інен бастап, күллі мұсылман қауым отыз күн ораза ұстап, Алла Тағаланың мейір-шапағатына бөленеді, игілігі мол істерді көбейтеді.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадис-шарифінде: «Ережеп айы-Алланың айы. Себебі, бұл айда барша адамзат баласына Алланың ерекше рақымы мен берекеті жауады. Шағбан – менің айым, – деген. Яғни бұл айда пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шапағаты жауады.  Рамазан – менің үмметімнің айы, бұл айда барша адамдардың күнәлары кешіріліп, тозақ есіктері жабылып, жәннат есіктері ашылатын ай» деген. Рамазан – айлардың төресі. Кешірімі мен мейірімі мол айда әр пенденің жүрегіне иман нұры құйылып, бүкіл әлемнің  Раббысына  құлшылық жасалады.

Рамазан айының оразасы Алла Тағала мен құлының арасындағы сыр. Әбу Һурайра (оған Алла разы болсын) риуаят еткен құдси хадисте: «Адам баласының әрбір істеген амалы өзі үшін. Тек оразадан басқа. Ораза ол тек Мен үшін, және оның беретін сыйын Өзім беремін», - деп келтіріледі. Ораза ұстаған адам нәпсісін тыйып,  тілін, құлағын жаман сөздерден тыйып, әлеуметтік қолдауды қажет ететін, мұқтаж жандарға қамқорлық көрсетіп, жақсылық жасауға талпынады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кім Рамазан айының оразасын шын иман және ықыласпен ұстаса, оның бұрын істелген күнәлары кешіріледі», - деген.

Ораза дегеніміз – белгілі бір уақыт ішіп-жеуден, нәпсілік қалаулардан тыйылу. Мұның парызы-ішіп жеу және құмарлық сезімдерден сақтану. Бұл дегеніміз, мұсылман адам осы Рамазан айындағы оразаның арқасында нәпсісіне иелік етіп, оны тәрбиелеп, өзіне толық бағындыратынын білдіреді. Алайда, ораза ұстап жүріп, нәпсісін тәрбиелемеген мұсылманға келетін болсақ, ондай адам үшін тұтқан оразасынан аш жүру мен шөлдеуден басқа ешбір амалы қалмайды. Бұл туралы Әбу Һурайра (р.а.) риуаят еткен хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Қаншама ораза ұстаушылар бар, оларда тек аш жүру мен шөлдеу ғана», - деп ескертеді.

Ораза уақыты-екінші шапақтан басталып, күннің батуына дейінгі уақыт. Негізінен ораза ұстаған адам рухани жағынан кемелденіп, ой-санасы тазаланады. Сонымен қатар, Рамазан айы шыдамдылық, жанашырлық, сабырлылық, қайырымдылық, мейірімділік сынды қасиеттерді бойға қалыптастырып, арсыздықтан арылтады. Бірде Алла Елшісі (с.ғ.с.) мінберге көтеріліп бара жатып, үш рет «Әмин» деген сөзді айтады. Сонда сахабалар ардақты пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) мұның себебін сұрайды. Осы оқиғадағы үш рет «Әмин» сөзінің біреуінің себебін Алла Елшісі (с.ғ.с.) былай деп түсіндіреді: «Рамазан айын өткізіп, күнәсі кешірілмеген адамның мұрны жерге сүрілсін»,- дейді. Рамазан айы оразасы бойымыздағы күнәлардан тазаруға зор септігін тигізетінін жоғарыда хадистен ұғынуға болады.

Сәресі - үлкен бір нығмет.Әнәс (р.ғ.) жеткізген хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с.):  «Сәресін ішіңдер! Расында сәресінде береке бар»,-деген.Сонымен қатар ораза ұстағандарға ауызашар берудің де сауабы мол. Хадистерде ауызашарда келген кісі дастархан басында отырған кезде үй иесіне періштелердің дұға ететіндігі айтылған. Ауыз аштырған адамның күнәлары кешіріледі, ол ораза тұтқан адамның сауабындай сауап бұған да жазылады.

Құран Кәрім Рамазан айында түсті. Қадір түні – мұсылмандар үшін аса қасиетті, сауапқа толы түн. Бұл түні мұсылмандардың жасаған жақсы амалдары мен құлшылықтары, Алланың қалауымен, еселеніп жазылатын болады. Сондай-ақ, Рамазан айында жасаған күллі игі амалдардың сауабы да еселеніп жазылатындығын есте ұстап, жақсы амалдарды көптеп жасайық.

Қадір түнінің ұлықтығы мен артықшылығы жайында Алла Тағала былай деді: «Расында, Біз оны (Құранды) Қадір түні түсірдік. Ал саған Қадір түнінің не екенін не білдіреді? Қадір түні мың айдан да артық. Ол кезде Раббыларының қалауымен, Оның әрбір әмірі үшін, періштелер мен Рұх (Жәбірейіл) түседі. Ол (түн) – таң атқанша сәлем!» (“Қадір” сүресі 1-5 аяттар). Және де былай деген: «Анық Кітаппен ант етемін! Біз оны берекелі түні түсірдік, әрі Біз ескертеміз. Бұл түні, Біздің әмірімізбен барлық дана істер шешіледі» (“Духан” сүресі, 2-5 аяттар). Яғни, Жаратушы Иеміз бұл түнде жасалған құлшылықты мың айда жасалған ғибадаттан артық деп қабылдайды.

Олай болса, қасиетті Рамазан айында ұстаған ораза, жасаған дұға-тілектеріңіз, құлшылық-ғибадаттарыңыз қабыл болсын! Алла Тағала отбасыларыңызға амандық, жұмыстарыңызға береке-бірлік нәсіп етсін!

Қанат ЖҰМАҒҰЛ

Жамбыл облысы, Байзақ аудандық

“Байзақ баба”  мешітінің бас имамы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: