Қасиетті айда ислам дінін қабылдап, мұсылман атанғандар

Қасиетті айда ислам дінін қабылдап, мұсылман атанғандар

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Рамазан айы тұсында облыстық "Һибатулла Тарази" мешітінде ерекше жағдайлар орын алды. Мешітке келген бірнеше өзге дін ұстанушы, әрі өзге ұлт өкілдері ислам дінін қабылдады.

Рамазан айына бірер күн бұрын бірінен соң бірі келіп, мұсылмандыққа өткісі келетін ниеттерін білдірген оқиғаны ғибрат болсын деп оқырманмен бөлісуді жөн көрдік. 

Анна есімді келіншек өз туған күнінде мешітке аяқ басып, мұсылман болғысы келетінін жеткізді. Келіншекпен "Һибатулла Тарази" медресе-колледжінің ұстазы Азамат Әбдірахманов тілдесіп, кәлима-шахадат айтқызды. Исламның негізгі парыздарын түсіндіріп, сұрақтарына жауап берді. Анна өзіне жаңа Айша есімін алды. Және бұл жағдаймен әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісіп, "Мен жаңадан өмірге келдім" деп жазба қалдырыпты. 

Анна Астана қаласына барған сапарында бас мешітке кіріп, аралаған екен. Мұсылмандықтың көркем көрінісі толғандырып, келіншектің айтуынша, сол сәтте Алла жүрегіне иман нұрын сеуіп, хидаят берген-ді. Мешітте тұрып Анна "Таразға оралсам, міндеті түрде исламды қабылдаймын" деп өзіне серт беріпті. 

Исламның хақ дін екенін сезінген Руслан Әмиржанов, Тимурлан Сергейович, Руслан Серікқалиұлы сынды азаматтар да дінді қабылдады. 

Руслан Серікқалиұлы шешесі орыс, әкесі қазақ. Алайда бала кезінде шешесінің діні христиандықпен тәрбиелеп, нағашы апасы шіркеуге апарып шоқындырған екен. Ер жетіп, иманды ортаға тап болған Руслан Алласын тауып, мұсылмандықты қабылдады. 

"Қасымдағы жүрген достарым мұсылмандар, көпшілігі намаз оқиды. Олардың иманжүзділігіне қатты қызықтым. Сонан соң ислам жайлы ақпарат, білім жинай бастадым. Өзім орыс тілді болсам да, қасымдағы бауырларым әртүрлі: әзірбайжан, түрік, қазақ, өзбек ұлттарынан болған намазхандар. Түр-әлпетім осы жердің тумасына ұқсағанымен, дінім бөлек еді. Жақсы ортаның себебімен исламды тани алдым. Солайша, өз қалауыммен, жан жүрегіммен мұсылман болғым келді. Осы ниетпен міне, мешітке келдім" - дейді Руслан. 

«Алла Тағала өзінің кеңшілігімен қалағанына һидаят береді және (өзінің кеңшілігімен) қалағанын (күнәлардан, адасудан) қорғап-қорғаштайды" - дейді Имам Тахауи. Түрлі ағым мен жалған діндер көбейген уақытта қараңғыдағы шам-шырақ хақ ислам дінін табу пенденің маңдайына жазылған бақ десек орынды. 

Мұсылман атанған бауырларымыз үшін шын жүректен қуанышымызды білдіреміз. 

Ақерке БЕКҚҰЛОВА

Есімін Айша деп өзгерткен мұсылман Анна. (суретте ортасында тұр)

Руслан Әмиржанов пен Тимурлан Сергейович

"Һибатулла Тарази" мешітінің ұстазы Есет Таласбаев сұқбаттасып, дін қағидаларын түсіндіріп, кәлима айтқызған сәтінен.

Ата діні исламды тапқан Руслан Серікқалиұлы

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: