БАТАМЕН ЕЛ КӨГЕРЕР

БАТАМЕН ЕЛ КӨГЕРЕР

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Бата - қазақ халқымызда ғасырдан ғасырға сақталып келе жатқан дәстүрдің бірі. Ата -бабаларымыз:

Жаңбырменен жер көгерер,

Батаменен ел көгерер,

Алтын алмай бата ал

Бата алтын емеспа,

Ақсақалдан бата алған,

Құдайдың рақметіне жолығар, - деген көптеген мақал мәтелдермен кейінгі ұрпаққа батаның қандай маңызды екенін білдіріп отырған. Бата арқылы жастарға халыққа тәрбие берген. Кез келген жағдайда үлкенлерден, ата - анадан, ұстаздарынан кейінгі жастар бата алып отырған. Бата берудің маңыздылығын Пайғамбарымыздың (Алланың салауатымен сәлемі болсын) хадистерінен де көреміз. Пайғамбарымыздың сахабасы Әнәс (Алланың ол кісіге разылығы болсын) анасы жас кезінде Пайғамбарымызға алып келіп, әрі қызметінде болуын айтып бата сұраған. Сонда Пайғамбарымыз (Алланың салауатымен сәлемі болсын): "Уа Алла оның малына, өміріне, береке бер" - деп бата жасаған. Сол батаның шарапатынан Әнәс сахаба өте дәулетті көп бала-шағалы, әрі ұзақ өмір сүрген.

Қазіргі таңда жастар жалпы көпшілік адамдар батаға мән бермей кеткен. Сол үшін жастарымыз үйден шығарда, үйде ата-анасы болса, сол кісілердің батасын алып шыққандары дұрыс болады. Әсіресе, басқа қалаға, басқа бір мемлекетке сапарға шыққанда міндетті түрде сол кісілердің батасын алу керек. Жалпы батаның түрлері өте көп. Адам баласы туылғаннан бастап өмірден өткенге дейінгі әрбір кезеңдеріне арналған баталар бар. Ата-әжелеріміз кішкентай немерелерін жетектеп алып барып аузы дуалы көпті көрген қариялардан бата сұраған. Сол ұрпағының келешегі, алды жақсы болса екен деп бата алған. Қазақ тарихында да бізге белгілі кісілердің бата алғандығы айтылады. Солардың бірнешеуіне тоқталсақ, Зере әжеміздің  Құнанбайды ертіп апарып Кеңірбай биден бата алғандығы, Төле би атамыздың жас кезінде  Жетес биден, Әнет бабадан бата алғандығы, Әйтеке бидің Қосуақ биден бата алғандығы айтылады. Тамақтың алдында тамақ ішіп болған соң бата жасаған. Үлкен қариялар тамақ жеп болған соң алдарындағы асты алғанда келіндер сәлем салған.

Сонда келіндерге бата берген. Тіпті бата аламыз деп келіндер қарияларлың алдындағы табақты алуға таласқан. Қазақ халқы мұсылман адам өзіне тілегенді өзгеге тілемейінше толық мұсылман болмайтынын, бауырына жасаған әрбір дұғада періште де,  "саған да солай болсын" деп тұратындындығы туралы Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жеткен хадистердің мәнін жете түсінген.

Дінімізде Алла Тағала мен құлының арасындағы байланыстың дұға арқылы орнайтындығы, мұсылманның қаруы, ғибадаттың негізі, діннің тірегі дұға ету екені белгілі. Бата беруде - дұға ету деген сөз. Сол үшін халқымыз қарғыс алмай бата ал деп ұрпақтарына үйретіп отырған. Батаның тәрбиелік мәні өте зор. Өйткені бата алу үшін сіз сол кісіге бір жақсылық жасауыңыз керек. Сол арқылы сіз ол кісінің батасын аласыз. Бір адамға көмек, жәрдем берсеңіз ол кісі сізге көп сөз айтпаса да рақмет деген сөзді айтады, сол сөздің өзі түсінген адамға бата яғни "Рахым ет" деп сізге Алланың жақсылығын рахметін тілеп тұр. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауатымен сәлемі болсын) әрдайым бата жасап, басына қиын қыстау күн туса да, жорыққа шығар алдында да әскерін рухтандырып Алладан жәрдем сұрап, батасын жасайтын болған. Үйге келген қонақтан қырықтың бірі Қыдыр мыңның бірі Уәли деп келген қонақтан міндетті түрде бата сұрайтын болған. Үйіне сыйлы қонақ келсе мал соярдың алдында сол қонақтан бата сұраған. Содан кейін барып малды союға кіріскен. Жалпы, қазақ халқында батаның түрлері өте көп.

Алладан берілетін сый-амандық. Тіпті әрбір бата сөзінде, жаның аман болсын, денің сау болсын, басың аман болсын "Әуелі құдай оңдасын" деп келетін бата жолдары бар. Әкенің, ананың батасының орны бөлек болған. Ертеде бір сахаба соғысқа шыққанда сауыт-дулығасын кимей аттанады екен. Кейінірек, жорыққа шығарда сауыт-сайманын киіп, дулығасымен шығыпты. Сонда қасындағы сахабалар оның мәнісін сұрағанда алдында кимей шыққаным ол кезде менің үйімде анам болатын анам мен келгенше күндіз түні маған бата беріп дұғасын жасап отыратын. Сосын сауыт -дулығамды кимейтінмін, ал қазір анам қайтыс болды, өмірден өтті енді мен үшін бата жасайтын анам жоқ сол үшін киіп жатырмын деген екен.

Біздерде намаздан кейін Мемлекет басшыларымызға, елімізді, жерімізді қорғап тұрған әскерлерімізге, шекара қызметшілеріне бата жасап тұруымыз керек. Зерделей келгенде бата деген біздің халық үшін жай сөз емес, бұл бір сеніммен айтылатын, Алладан жәрдем тілеп, келер күннің жақсылығын үміт етіп естіген адамның жан дүниесін байытатын сөздер. Бата беру біздің қазақ халқында ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді.

""Баталы құл арымас, батасыз құл жарымас" деген халық мәтелінің өзі қазақтың дүние танымында батаның алатын орнын көрсетеді.

Құрметті, бауырлар, әрдайым бата алуға тырысайық.

Жолымыз ашық болсын, келешегіміз жарқын болсын десек, бата алайық, алғыс алайық, қолымыздан келгенше жақсылық жасайық, біреуге пайдамыз тимеседе зиянымыз тимесін.

Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, дін Исламға Алла қуат берсін.

Ораз Баймаханов 

Тараз қаласы

"Усмонжан" мешітінің имамы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: