Шағбан – шапағат айы

Шағбан – шапағат айы

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

 Тәуелсіздікке қол жеткізгелі руханиятымыздың тамырына қан жүгірді. Елімізде ислам дініне деген құрмет еселеніп, халық арасында діни парызын орындауға бетбұрғандар көбейді.

Алла тағала құлдарына аса мейірім танытқандықтан, тіпті ананың баласына деген сүйіспеншілігінен де артық қамқор болғандықтан, кейбір күндер мен айларды қасиетті қылған. Бұл айлар мен күндердегі ғибадаттарға, жақсылықтарға өте көп сауап беретінін білдірген. Сондықтан аталған күндері тәубеге келіп, кешірім сұрап, ғибадат ету керек.

Биыл үш қасиетті айдың бірі - Шағбан айы. Алла тағала Шағбан айын Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) тән қылған. Хадис шәрифтерде: «Ережеп – Алла тағаланың айы. Шағбан – менің айым, Ал Рамазан – менің үмметімнің айы. Шағбан айы – күнәларға кәффарат ай, ал Рамазан күнәлардан тазалаушы ай болып табылады» делінген.

  Шағбан айында күші жететін, мүмкіншілігі бар адамның ораза ұстауының үлкен сауап екендігі жеткізілген. Ораза тұтқанда харамнан, күнә істеуден қатты сақтану керек. Қаза оразасы барлар бұл айда тұтатын оразаларына қаза деп ниет етуі қажет. Осылайша қазасы өтеледі әрі бұл айда ораза тұтудың сауабына да қауышқан болады. Табыстарға мұқият болып, адал жолмен табуға ұмтылған жөн.

Шағбан айында ораза тұтудың сауабы былай білдірілген: «Кімде-кім Шағбан айында үш күн ораза тұтса, Хақ Тағала жәннаттан оған бір орын дайындайды». Ал «Кімде-кім Шағбан айында бір күн ораза тұтса, ол құл жаһаннам азабынан құтылып, дүние және ақырет үшін қалаған мәртебе және дәрежеге қауышады. Егер екі күн тұтса, қабірде бір періште оған жолдас болады. Егер үш күн тұтса, Хақ Тағала ол құлды қиямет күнінде әулиелердің қасына қосып, жаннәтта ол құлына жамалын көруді нәсіп етеді».

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзге айлардан гөрі осы айда көбірек ораза ұстайтын болған. Сол себепті де бұл айдың басым бөлігін, тіпті толығын оразамен өткізу өте жақсы болады. Рамазаннан кейінгі ең қадірлі, ең құнды оразаның қайбірі екені сұралғанда, Пайғамбар «Шағбан айында тұтылған ораза» деген. Сахаба Усама ибн Зәйд оның себебін сұрағанда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Бұл айда барлық істер әлемдердің Раббысына көтеріледі. Менің де істерім Алланың құзырына аузым берік болған күйде көтерілуін қалаймын» деп жауап берген екен.

    Шағбан айында жақсылықтарға жол ашылады, береке жауады, қателер жойылады, күнәлар перделенеді. Кейбір ғалымдар: «Жыл ағаш секілді. Ережеп айы – ағаштың жапырақ жаятын, Шағбан айы – жеміс беретін, ал Рамазан айы – жемістердің жиналатын айы. Ережеп – кешірім айы, Шағбан – шапағат айы, Рамазан – сауаптардың қаншама еселеніп көбейетін айы» деп айтқан.

Тағы бір ретінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Шағбан айының соңғы дүйсенбі күні ораза тұтқан адамның күнәлары кешіріледі» деп бұйырған. Бұл айда Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) көп салауат айтуды ұмытпағанымыз абзал.

  Әрбір мұсылманның Шағбан айында көзі ашық болуы, күнәлардан аулақ болып, бұрынғы істеген күнәлары үшін тәубе, истиғфар оқып, Рамазан айына дайындалуы және Шағбан айында Алла тағалаға сыйынып жалбарынуы, бұл айдың иесі болған Мұхаммед «саллаллаһу алейһи уәссәлләмнің» себебімен Алла тағаламен қауышуға тырысу мұсылмандық парыз саналады.

Шарапат айының 15-ші күнін (Бараат күні), яғни 6 наурызда күндіз ораза ұстап, түнін ғибадатпен өткізгеннің сауабы мол. Бұған орай бір хадисте: «Шағбан айының ортасы болғанда түнін ғибадатпен, ал күндізін оразамен өткізіңдер. Алла тағала сол күні күн батқанда дүние аспанына түседі де: «Менен кешірім тілейтін пенде бар ма? Кешірім етейін. Менен ризық-несібе тілейтін пенде бар ма? Ризығын арттырайын. Ауру-сырқауға шалдыққан бар ма? Саулық берейін» деуі таң атқанша жалғасады. Сонымен қатар бұл айда құран оқытып, тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға садақа тарату да сауапты іс.

Ғайырфулла қажы Қуанышбекұлы,

Жамбыл ауданының бас имамы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: