Қияметке күмәнің болмасын!

Қияметке күмәнің болмасын!

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Қияметке сену - иманның негізгі шартының бірі. Қиямет - хақ.

Қиямет күні араб тіліндегі яум әл-Қиямаһ (يوم القيامة ) сөзінен енген, қазақ тіліндегі аудармасы тік тұру деген мағынаны білдіреді. Қиямет күні –ақырзаман, ақірет күні, соңғы сәт  немесе есеп күні депте аталады. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы Алла тағаланың қалауымен жаратылыстағы жалпы жүйе бұзылып, барлық нәрсенің күл-талқаны шығып, өлгендердің қайта тіріліп, махшар алаңына жиналуын білдіреді.

Әрбір адамның дүниеден өтуімен, оның қиямет уақыты басталады. Қияметтің алғашқы сатысы болған қабірінде Мүнкар-Нәкір перiштелерiнiң сұрақтарынан сұралады. Періштелердің қоятын маңызды үш сұрағы: «Раббың кім? Пайғамбарың кім? Дiнiң не? Кімде-кім өмірін қолынан келгенше Алла Тағаланың шариғатымен жүріп өткізген болса, бұл сұрақтарға кідірместен жауап беріп Қиямет басталғанша рахатта жатады. Ал кім жауап бере алмаса ол азапқа душар болады.

Қиямет күнi барлық адамзат тiрiледi. Бәрi махшар алаңына жиналады. Iстелген амалдарды өлшейтін арнайы таразы – Мизан бар. Алла тағаланың әмiрiмен Сырат көпiрi жаһаннамның үстiне құрылады. Онда Мұхаммед алейһиссаламға тән Кәусар бұлағы бар. Салих адамдардың амал дәптерлерi оң жақтан, жаман адамдардың кiтаптары артынан немесе сол жағынан берiледi. Аллаға серік қосудан басқа күнәлардың бәрiн Алла тағала қаласа кешiредi, қаласа iстеген әрбiр күнә үшiн азапқа тартады.

Құран аяттарында Алла Тағала қиямет күнін былай баяндайды:

«Әй, адам баласы! Раббыларыңнан қорқыңдар. Расында, қияметтің сілкінісі – үлкен нәрсе. Ол күні әр емізушінің емізгенін ұмытқанын және әрбір буаз жәндіктің іш тастағанын көресің. Адамдарды мас түрде көресің. Негізінде, олар мас емес. Бірақ Алланың азабы қатты». («Хаж» сүресі, 12-аят)

«Ол күні аспан еріген кен сияқты болады. Таулар түтілген жүндей болады. Дос достың халін сұрамайды». («Мағариж» сүресі, 8-10-аяттар)

«Көк жарылған сәтте. Жұлдыздар төгілген сәтте. Теңіздер тасыған сәтте. Қабірлер қопарылған сәтте. Әркім алдындағы және артындағы нәрселерді біледі». («Инфитар» сүресі, 15-аят)

«Қияметтің күні қашан болады? – деп сұрайды. Қашан көз шағылысқан, ай тұтылған, күн мен ай бір араға келтірілген кезде. Адамдар сол күні: «Қашар жер қайда?» –  дейді. Жоқ, әсте пана жоқ. Ол күнгі тұрақ Раббыңның алды». («Қиямет» сүресі, 6-12-аяттар)

Қиямет қайымның болатындығын жер бетіндегі күллі діндер қабыл етеді. Қияметтiң қашан болатыны белгiсiз. Қиямет қайымның қашан болатындығын жалғыз Алла ғана біледі. Бұл жайында Құранда былай дейді:

«(Мұхаммед (с.ғ.с.) Олар сенен қияметтің қашан болатындығын сұрайды. «Шынында, оның мәліметі Раббымның қасында. Оның уақытын Өзі ғана білдіреді. Көктер мен жердегі ауыр жағдай сендерге кенеттен келеді» де. Сен оны зерттеп отырғандай-ақ сұрастырады. Шынында, оның білімі Алланың қасында, бірақ адамдардың көбі оны түсінбейді деп айт». («Ағраф» сүресі, 187-аят)

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қиямет қайымның қашан болатындығын сұрағандарға ұдайы: «Оның уақытын Алла ғана біледі», – деп жауап беретін. Дегенмен, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ақырзаманның уақытын айтпағанымен, оның белгілері жайлы көптеген хадистерінен «мынадай оқиғалар болмайынша қиямет қайым болмайды» деген мағынадағы ғибраттарды кездестіруге болады. Ақырзаманның белгілерін ғұламалар осы хадистерге сүйене отырып екіге бөледі:

Қиямет күнінің кіші белгілері

• Мұхаммедтің (с.ғ.с.) жер бетіне пайғамбар болып жіберілуінің өзі – ақырзаманның алғашқы белгісі. Себебі, Пайғамбарымыз: «Қиямет пен мен бірге жіберілдім», – деп, сұқ саусағы мен ортаншы саусағын көрсеткені жайында деректер бар.

• «Қияметтің белгілерінің бірі – дін ілімі азаяды, сауатсыздық көбейеді, зина жасау етек алады, әйелдер көбейіп, еркектер азаяды. Тіпті, елу әйелдің бір ғана қараушысы болады».

•  Әйелдердің саны ер кісілердің санына қарағанда әлдеқайда көп болады.

•  Расулулла (с.ғ.с.) сахабаларымен сөйлесіп жатқанда бір түздік араб келіп қияметтің қашан болатындығын сұрағанда, оған: «Аманат аяқ асты етілген кезде қияметті күте бер», – дейді. Сонда түздік араб кісі: «Мұны қалай түсінсек болады», – дегенде, Пайғамбарымыз: «Қызмет өз маманына берілмеген кезде қияметті күте бер», – деп жауап береді.

•  Көп қабатты үйлердің салынуы, өз ісінің маманы емес кісілердің сөз сөйлеуі мен билік етуі.

•  Адам өлтіру оқиғасының көбеюі.

•  «Жалаң аяқ, жалаңаш және кедей шопандардың да үй салуда бір-бірімен жарысқандарын көресіңдер».

•  «Мен Алланың Елшісімін» деп, өзін пайғамбар жариялайтын отызға жуық жалғаншы дажжалдар шығады.

•  Екі үлкен Ислам әскерлері бір-бірімен шайқаспайынша, қиямет болмайды.

•  Мал дүние судай болып ақпайынша, фитнәлар және жөнсіз жерде адам өлтіру көбеймейінше, қиямет болмайды.

• Менің ұрпағымнан Маһди есімді тура жолға бастаушы шығады. Оның аты менің атыммен, әкесінің аты менің әкеммен аттас болады.

Қиямет қайымның кіші белгілері жайлы айтылған хадистер өте көп солардың біразына тоқталдық. Енді:

Қиямет күнінің үлкен белгілері

Хузайфа ибн Әсид әл-Ғыфариден жеткен риуаят бойынша, Хузайфа (р.а.) былай дейді: «Біз Мәдинада бір қорғанның көлеңкесінде отырғанбыз. Пайғамбарымыз бір шатырдың үстінде отырған еді. Сол сәтте Алланың Елшісі (с.ғ.с.) жоғарыдан бізге қарап тұрып: «Сендерді жұмыстарыңа қандай мәселе жібермей тұр?» – деп сұрады. Біз: «Сөйлесіп отырмыз», – дедік. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Не мәселе жайында сөйлесіп отырсыңдар?» – деді. Біз: «Қиямет қайымның уақыты жайында әңгімелесіп отырмыз», –  деп жауап бердік. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Сендер мына он нәрсені көрмейінше, қиямет қайым болмайды», – деді:

1. Тұманды (түтін) 

2. Дәжжалды

3. Даббатул арзды

4. Күннің батқан жақтан шығуын

5. Хазіреті Исаның (ғ.с.) көктен түсуін

6. Яжуж-Мәжуждың шығуын

7. Шығыс жақтағы бір жердің шөгуі 

8. Батыс жақтағы бір жердің шөгуі 

9. Араб түбегіндегі бір жердің шөгуі 

10. Иеменнің Аден жазығының ең шалғайынан бір от шығады. Ол от барлық жерді өртеп отырып, адамдарды махшарға дейін алып барады, –  деді. (Муслим, Фитән 39, Ибн Мәжа, Фитән 28)

Қазіргі таңда ғалымдарымыз қияметтің кіші белгілерінің барлығы орындалып, үлкен белгілерінің қалғанын айтады.

Алла Тағала барша момын-мұсылмандарымызды қияметтің азабынан, қиыншылығынан сақтап, жәннатына лайық болған пенделерінің қатарынан қылсын!

Есбол Алпысбаев

 Меркі ауданы, Қызылқыстақ ауылы «Әл-Кәрим» мешітінің имамы  

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: