Садақа - бәленің алдын алады

Садақа - бәленің алдын алады

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

 Бүкіл әлемдердің Раббысы болған Аллаға сансыз мадақтар болсын! Алланың игілігі мен сәлемі болсын соңғы ардақты Пайғамбар Мұхаммедке болсын!

Адам өмірі құпияға толы. Алла бойына шексіз мүмкіндікті жиып берсе де, алдында не боларын білмейді. Қандай қуаныш, немесе сынақ күтіп тұрғаны әуелден жұмбақ. Міне, сондықтан да «Жақсы ниет – жарым ырыс» деп, ізгілікке ұмтылады. Ал, жаманшылықтан сақтану үшін жақсылық жасап, садақа береді.

Ол адам баласын қауіп-қатерден қорғап, келе жатқан қауіптің бетін қайтарады екен… Жалпы садақаны Зекетпен шатастырмаған жөн. Зекет беру – әуелден мұсылман баласының бес парызының бірі. Алла бұйыртқан несібесі мен нығметіне шүкіршілік айтып, оның белгілі бір мөлшерін мұқтаж жандарға беріп отырған.

Бұл туралы Құранда «Олардың малдарында қайыршының және (сұрауға намысы жібермеген) жарлының да ақысы бар» ( Зарият - 19 ) делінген. Ал, садақа беру әркімнің өз еркінде. Мұны ата-бабамыз адамгершілік сипаты деп санаған. «Адамның өмірінде берген бір дирхам садақасы, өлім сәтінде берген жүз динар садақасынан артық» (Әбу Дәуіт) деген хадиске сүйеніп, садақа беруді үрдіске айналдырған.

Садақа бұл - айғақ. Садақа - иман дұрыстығының, жан - дүние игілігінің, онда иман мен оның табы бар екендігінің айғақ - дәлелі. Бұның себебі, адам жаны мал - мүлікті жақсы көреді әрі оған сараңдық істейді. Егер адамның жан - дүниесі оған Аса Құдіретті де Ұлы Алла жолында мал - мүлік беруіне мүмкіндік жасаса,онда бұл оның Аллаға деген иман - сенімнің хақиқи рас екендігін көрсетеді және Алланың уәделері мен қорқытуының растағанының белгісі.

Шариғат бойынша, зекет, пітір және підия садақалары жағдайы жоқ жандарға, түгі жоқ міскінге, қарызға батқандарға, Алла жолында қызмет етіп жүрген азаматтарға, ақшасы таусылып, жолда қалып қойған жолаушыларға берілуі тиіс. Садақаның осы дүниедегі 5 пайдасы: мал-дүниені тазартады, күнәларды өшіреді, ауру мен апаттан сақтайды, мұқтаж жанды қуантады, ризықты арттырып, табысты берекелі етеді.

Ақыреттегі 5 пайдасы: қияметтің үрейінен сақтап, көлеңке болады, тозақтан құтқарады, таразыда сауабы басым болады, сырат көпірінен өтуі мен дүниесінің есебін беруді жеңілдетеді. Ендеше, жақсылық жасайық, ол өзімізге айналып келеді. Шамамыз келіп жатса, қайыр-садақа берейік. Себебі, садақа қауіп - қатердің бетін қайтарады.

Ғани Жанұзақұлы

Жамбыл ауданы Бектөбе ауылы

" Бектөбе" мешітінің имамы  

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: