Атағы елге көп тараған Байдалы шешен қартайған шағында кедейлік басып, жұтаң өмір сүріпті.
Бір жылы құрбан шалатын малы болмай, үйінде отырып қалыпты. Дөңмұрын деген сол ауылдың молдасы:
– Биім-ау, мұның қалай? Өзіңде болмаса, бай ағайының бар, малды балаң бар. Солардан бір мал алып, неге құрбан шалмадыңыз? Мұныңыз ұят болды ғой, – деп Байдалыға ақыл үйреткен екен.
Сонда Байдалы былай депті:
– «Сөйлемесе, сөздің атасы өледі» деген бар. Айтпаса, естімейтін саңырау бар. Ашпаса, көрмейтін соқыр бар. Ағайындағы мал – аспандағы мал. Інідегі мал – індегі мал. Баладағы мал – даладағы мал. Сұраған адам – қайыршы, ал ұрлаған адам – қарақшы. Ұяты жоқ адамнан алып борышты болғанша, алмай Құдайдың өзіне-ақ борышты болайын деп құрбан шалмағаным рас, – деген екен.