Мұндай адамдарды періштелер жақсы көреді

Мұндай адамдарды періштелер жақсы көреді

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Бұл бес күндік фәни дүниеде, Алланың қалауымен, жұмыр басты пенде мен періштелердің арасында үзілмес берік байланыс орнатылған. Алланың қалауымен, періштелер адам баласын қорғап, оң жолға салып, өмір бойына бірге болады. Пәк періштелер Алланың құлдары жасаған жақсы амалдарға қуанып, оларды Алла алдында мадақтайды. Періштелер жақсы амалдарға қуанады, өйткені жақсы амалдар Жаратушыны да қуантады, ал күнә кейітеді, өйткені күнә – Алла разылығынан алыстатады. Қасиетті Құранда Алла Тағала былай айтқан: «Әй мүміндер! Алланы өте көп зікір етіңдер. Оны ертелі-кеш пәктеңдер. Ол сондай Алла, сендерді қараңғылықтардан жарыққа шығу үшін өзі рахмет қылып, періштелері дұға қылады. Сондай-ақ мүміндерге ерекше мейірімді» (33:41-43).

Құранның бұл тамаша аяттарынан көріп отырғанымыздай, Алла Тағала мүміндерге мейірімін төгіп, көптеген нығметтер нәсіп етеді, бізге көмек қажет болғанда Өзінің жәрдемінсіз қалдырмайды. Мүмін өзінің Жаратушысын ұмытушы ма еді? Алла Тағала бізді біз өзімізге елестете алғанымыздан да артық жақсы көреді, біздің Оған деген сүйіспеншілігіміз, құлшылығымыз — теңіздің тамшысындай ғана дүние. Алла Тағала ешкімге, ештемеге мұқтаж емес, біз Оған мұқтажбыз, егер біздің жүрегіміз Алла деп соқпаса, онда жүрегіміздің қара тасқа айналғаны дей беріңіз. Алла Тағаланы еске алушыларға, Жаратушысына қайтқан құлдарға періштелер қуанады. Періштелер мүміндерге ризашылығын білдірген сайын, олардың Алла алдындағы дәрежесі көтеріледі. Қандай іс-әрекеттер періштелерге жағымды әрі қандай амалдар үшін адам баласы періштелердің мақтауын алып, ризашылығына кенеледі?

Алла Елшісінің (ﷺ) хадисінде мүмін періштелердің сүйіспеншілігіне бөлене алады делінген. «Егер Алла Тағала бір адамды жақсы көрсе, Ол Жәбірейілге (ғ.с.): «Мен пәленше деген адамды жақсы көремін, сен де оны жақсы көр», - дейді. Жәбірейіл (ғ.с.) әлгі адамға ең жақсы сезіммен қарап, көк мекендеушілеріне: «Ақиқатында, Алла сол адамды жақсы көреді, сендер де оны жақсы көріңдер!» - деп тіл қатады. Осылайша, әлгі адамды көк мекендеушілері де жақсы көріп, ол Жер бетінде мейірімге бөленеді» (Бұхари).

Бұл дегеніміз, оның жолы болып, қолына алған ісін ұршықша үйіріп, әрбір ісіне хайыр-береке бітетін болады. Періштелердің сүйікті амалдарының тізімінде ең бірінші болып намаз тұр. Намаз — мүміннің Алла Тағалаға деген сүйіспеншілігінің шынайы көрінісі әрі үнемі өзін-өзі жеңіп отыруы, өйткені таңертең ерте жылы төсектен тұру немесе жұмыстың енді қызған кезінде намазға уақыт табу оңай шаруа емес. Намаз — Алла Тағаланың сүйікті амалы. Бір хадисте былай келтірілген: «Асылында, намаздан кейін тұрып кетпей, дәретіміз бұзылмай орнында отырған кез-келгенімізге періштелер ризашылығын білдіреді.

Олар: «Уа, Алла, оны кешір! Уа, Алла, оны жарылқай гөр!» - дейді. Періштелердің ризашылығы – олардың біз үшін, біздің кешірілуімізді сұрап жасайтын дұғасы. Енді көзіңізге елететіп көріңізші – періштелер Алла Тағаладан біздің кешірілуімізді сұрап дұға жасайды. Не деген ғажап дүние десеңізші! Әрбір пенденің жақсы-жаман амалдарын жазып отыратын періштелері бар. Біздің сөздеріміз бен амалдарымыз адамдарға пайдасын тигізіп, қайырлы болып жатса періштелер шынайы түрде қуанады. Және де шайтанның құрған тұзағына түсіп, теріс қылықтар жасайтын болсақ, шынайы түрде қайғырады. Алланың қалауымен, періштелер күнәны бірден жазып қоймайды, олар адам баласының тәубесіне келіп, Алладан кешірім сұрауын күтеді...

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: