Шу ауданы "Жәми" мешітінде ұстаздар Сәуле Нұрсұлтанқызы мен Ләззат Маханбетованың ұйымдастырумен орамал тағу бойынша мастер-класс өтті.
Орамал қай заманда да, қай уақытта да, қай елде де өте үлкен құрмет пен қасиетке ие болған. Және ол кез келген қыз-келіншектің көрігіне көрік, әдемілігіне сән қосатын ерекше әшекей. Біз әдетте адамгершілік пен ұяттан асқан әдемілік жоқ деп жатамыз. Ал, әйел заты үшін ең әдемі әшекей ұятын жабатын – орамал. Нәп-нәзік. Салмағы бар болғаны құстың қауырсынындай ғана. Бірақ, барлық аруды қорғап жүруге күші жететiн үлкен қасиетке ие.
Міне, осынау киелі орамалды тағу үлгісі қыз-келіншектерге көрсетілді. Лаззат ұстаз орамал жайлы ақпарат бере отырып, тюрбан тағу, үй жағдайындағы орамал, шариғат шәлісін тағу үлгісі, қонаққа сәнді етіп тағу сынды түр-түрін келіншектерге тағып көрсетті.
Нәзік жанды жамағат, аталған мастер-классты өткізген ұстаздарға аллғысын айтып, үйренгендері көп екенін жеткізді.
Шу аудандық "Жәми" мешітінің баспасөз қызметі