Өмір бар жерде өлім бар. Шынында, өлім хақ және ол әрбір жаратылған жандының соңы болып табылады. Алла тағала Құран Кәрімде бұл жайлы: «Өзекті жанда өлмейтін пенде жоқ. Сендердің игіліктеріңнің бодауы қиямет күнінде толық қайтарылады. Тозақтың беті әрі болып, ұжмаққа кірсеңдер – мұраттарыңа жеткендерің. Дүние деген – опасыз тіршіліктің алдамшы қызығы», – дейді («Әли Имран» сүресі, 185-аят).
Осыған орай, облыстық "Һибатулла Тарази" мешітінде "Адамның жан тапсыруы. Кебіндеу" атты семинар өтті. Шараға ҚМДБ Әйел-қыздар секторының ұстаздары Нұргүл Алиханқызы, Жазира Нұрсұлтанқызы, Жібек Қолағұлова, "Әжелер алқасы" мен әйелдер жамағаты қатысты.
Ұстаздар мен әжелер мәйітті кебендеу, жуу, орау рәсімдерін практикалық түрде көрсетіп, жеке-жеке тоқталып мәнісін түсіндіріп өтті. Өмір мен өлімнің мәні, ысырапшылдық турасында насихат айтып, шариғатқа сай кебінді пішу, әсіресе әйел адамның кебін киімдері, оның атаулары мен өлшемі тұрғысында түсіндіріп, мүрдені кебіндеудің ретін баяндады. Сабақ соңында қатысушылардың сұрақтарына жауап берілді.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА
"Һибатулла тарази" мешітінің баспасөз қызметі