Құрбан айт – ұлық мереке

Құрбан айт – ұлық мереке

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Мейірімді Алла Тағала пендесіне өмір сүрудің барлық қағидаларын жеткізген. Мұсылмандардың бірлігі мен ынтымағы үшін біріне-бірін бауыр етіп қана қоймай, ортақ берекеге толы мерекелерді де нәсіп етті. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Шынында Алла Тағала бұл екі мейрамды бұдан да жақсы екі мейрамға ауыстырды, бұл Ораза айт пен Құрбан айт» – деді.

Қасиетті рамазан айы да өтіп, Құрбан айт мерекесі де көкжиектен күлімдеп, құшағын айқара жайып төрімізге енгелі тұр. Құрбан айт – мұсылмандардың ең қасиетті мерекесі. Ол «ораза айттан» кейін 70 күннен соң басталып, 4 күнге созылады. Бұл күндер Ұлы Меккеге қажылықпен аяқталады. Айт күндері Алла Тағалаға арнап құрбандық шалады, мал сояды (жылқыдан басқа). Бұл мұсылмандардың негізгі міндеттерінің бірі.

Құрбан – араб тілінде «жақындау» дегенді білдіреді, яғни жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Аллаға жақындай түсу. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы – «шарттарымен санаса отырып құлшылық ниетімен мал бауыздау» дегенге саяды. Құрбан айт күндері (алғашқы үш күні) шалынатын мал «ұдһия» деп аталады.

Ал құрбандық шалудағы ең маңызды жайт оны – Аллаға арнап сою. Ниеттің адалдығы жай ғана істің өзін ғибадатқа айналдырады. Құрбандыққа шалынған мал – Жаратушының берген ризығы болғандықтан, етін сол отбасы мүшелерімен қоса кедей-кепшіктер де жейді. Күнделікті өмірде жағдайы тым нашар адамдардың бар екенін ұмытпаған жөн. Бір күндік өміріне талшық етерлік ас таппай жүрген жандар да жоқ емес. Сондықтан мұсылман ғалымдарының айтуынша, шалынған құрбанның етінен жеу – мұстахап, мұқтаж жандарға үлестіру – уәжіп.

Сахабалардың айтуына қарағанда, Пайғамбарымыз (саллАллаһу аләйһи уәсәлләм) құрбандық шалуға жағдайы жоқ адамдардың атынан да мал сойған. Сондықтан да жағдайы бар мүминдер ардақты пайғамбарымыздың ұмыт болып бара жатқан осы бір сүннетіне қайта жан бітіруге тырысқаны жөн.

Құрбан шалу адамзат баласы жаратылғаннан бері, Адам атадан (ғ.с.) бастау алеп келеді. Құрбандық шалу – мүмкіндігі бар барлық адамға уәжіп. Ислам дінінде әйел экономикалық тұрғыдан дербес, өзіндік жауапкершілік иесі болып саналады. Сол себепті егер әйелдің меншіктік құқы, өзіне ғана тиесілі байлығы нисап мөлшерінен асса, әйелдің жеке өзі құрбандық шалуы да уәжіп. Құрбан шалуға жағдайы жоқ кісілерге жасалған және бір жеңілдік, ол - айт күні жуынып-шайынып, тазалану. Себебі, бұл тазалық оларға құрбандық шалғандай сауап әкеледі.

Айт күні мұсылмандар жақсылап ғұсыл құйынғаннан (денені толықтай жуу) кейін әдемі, таза киімдерін киіп, үстіне хош иіс сеуіп, мешітке айт намазына бару – мұстахап (жақсы амалдарға жатады). Намаздан кейін мал сойылып таратылады. Көрші-қолаң, туыс-туғанды қыдырыстап, «Айт құтты болсын!» айтысады. Айт күндері мейлінше көтеріңкі көңіл-күйде, жылы жүзді, кешірімді болуға тырысу керек. Ренжіскен кісілер қайта табысып, Айтта бір-бірін кешірген жөн. Ауырып жатқан кісілердің көңілін сұрап, арнайы бас сұғу, жетім, жесір, мұң-мұқтаждарға қол ұшын беріп, шамалары келсе көмектесу, оларға да айттың қуанышын сездіру өте сауапты істерге жатады. Бұған қоса, әке-шешесіне, отбасындағы жандарға, көрші-қолаң, жора-жолдастарына мүмкіндігінше кішігірім болса да сәлем-сауқат, сый-сыяпат жасап, Айт мейрамын ерекше өткізуге де болады. Айтта осындай амалдарды жасау адамдардың бір-біріне деген жылылықтары мен сыйласымдықтарын барынша арттырады.

Тарихи деректерге сүйенсек, мұсылмандардың мерекесін атап өту мәселесін өткен ғасырдың бас кездерінде-ақ Алаш зиялылары көтерген екен. Мәселен, С.Меңдешұлы төрағалық еткен, халқымыздың А.Байтұрсынұлы, Ә.Бөкейхан секілді біртуар перзенттері қатысқан 1921 жылы наурыздың 5-де сол кездегі Қазақстан Автономиялы Республикасы Орталық атқару комитетінің Орынбор қаласында өткен Төралқасында "Мұсылмандардың мерекесі" мәселесі қаралып, Ораза айтқа 3 күн, Құрбан айтқа 3 күн, Наурызға 1 күн беру туралы қаулы қабылданыпты. Сөйтіп еліміз бұл діни мерекелерді 1926 жылға дейін тойлап келген. Кейін келе бұл аса ізгі де иманды шешім дінге жаппай шабуыл басталғанда, асыра сілтеушілік салдарынан күшін жойған. Содан кейінгісі бәрімізге белгілі. "Дінді апиын" санаған кеңес өкіметінің билігі жетпіс жылға жуық уақыт бойы адамдарды төл дінін, ділінен, ата-баба дәстүрінен айыруға, шамасының келгенінше безіндіруге, тіпті жерітуге барын салды. Алайда, қылышынан қан тамған билік халқымыздың қайсар тұлаларының қолдарын құрсап, армандарын аяқ асты еткенімен, ұлтымыздың рухани тамырын жоя алмады, халқымыздың ұлттық құндылықтарын тарих қойнауына мүлдем батырып жібере алмады. 
Құдайға тәубе, еліміз тәуелсіздік алғаннан бері қарай негізгі діні – ислам, халқының басым көпшілігін, яғни 70 пайыздан астамын мұсылмандар құрайтын Қазақстанда діни мерекелеріміз айрықша ықыласпен аталып өтілуде. Көпшіліктің қалауы бойынша Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Құрбан айт мерекесі мемлекеттік деңгейде демалыс күні болып жарияланды.

Алла Тағала Құран Кәрімде: «Раббың үшін намаз оқы және құрбан шал» –деп әмір етіп, құрбан шалудың уәжіптігін білдіреді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Кімді-кім мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын!» – деп бұйырған. Әрине, бұндай қатаң ескерту, кем дегенде, құрбан шалудың уәжіптігін білдірсе керек. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) «Құрбан шалыңдар! Өйткені, ол – Ибраһим әкелеріңнің сүннеті», – деуі құрбан шалудың уәжіптігіне теріс емес. Өйткені «сүннет жолы» деген мағынаны білдіреді. Яғни, бізге уәжіп болған құрбан шалу – Ибраһимнің (а.с) жалғаса келген жолы деген мағынаны меңзейді.

Құрбан шалудың уақыты құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады. Үзір себептерге байланысты құрбан айт намазына бара алмай қалған адамның, намаз оқып болатындай уақыт өткеннен кейін құрбанын шала беруіне болады. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) құрбан шалудың уақытына байланысты бірнеше хадис риуаят етілген. Бәрә ибну А’зибтің риуаяты бойынша: «Алланың Елшісі (с.ғ.с): «Біздің бұл күнде алғашқы жасайтын ісіміз – намаз оқу, сосын қайтып келіп, құрбанымызды шалу. Кім осылай істесе біздің сүннетімізге ергені. Ал кімде-кім бұдан бұрын құрбанын шалатын болса, бұл құрбанның отбасына берілген еттен айырмашылығы жоқ. Бұның құрбан болуы мүмкін емес». Басқа бір хадисте: «Кімді-кім намаздан бұрын құрбанын шалса, қайтадан шалсын», – деп, намаздан бұрын шалынған малдың құрбандыққа есептелмейтінін ескертеді.

Тек қой, ешкі, сиыр немесе түйе малдарын ғана құрбандыққа шалуға болады. Құрбан ретінде шалынатын қой және ешкі кем дегенде бір жасар, сиыр екі жасар, түйе бес жасар болуы керек. Алты-жеті айлық кепе қозы бір жасар қой сияқты семіз, етті болса, құрбандыққа шалуға жарайды. Қой мен ешкінің еркегін, сиырдың ұрғашысын шалу абзал. Елік, арқар сияқты аңдар мен тауық, қораз, қаз, үйрек сияқты құстар құрбан ретінде сойылмайды.

Қой немесе ешкіні тек қана бір адам құрбан ретінде шала алады. Ал сиыр немесе түйені яғни, ірі қараны бір кісінің жалғыз өзі үшін шалуына болатын сияқты жеті кісіге дейін бірігіп, ортақ шалуларына болады. Құрбанды ортақтасып шалған уақытта әрбір адам құрбан шалу ниетімен ортақтасуы керек. Бір кісі құрбан, ал екінші бір кісі тек қана етін алу ниетімен ортақтасса, шалынған мал барлық ортақтар үшін құрбан болып есептелмейді.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) құрбандыққа жарамайтын мал турасында: «Анық соқыр, таза аурушаң, (жүре алмайтындай күйдегі) таза ақсақ және жілігі көрінетіндей өте арық малдар құрбандыққа жарамайды», – деген. Ханафи мәзхабының ғалымдары хадисте айтылған құрбандыққа жарамайтын малдардағы кемшіліктерге қиас (салыстыру) жолымен басқа да кемшіліктерді қосқан. Ол кемшіліктер мыналар: – бір көзі соқыр – сойылатын жерге жете алмайтын дәрежеде арық – құлағы немесе құйрығы тумадан жоқ немесе басым бөлігі кесілген – тістерінің көбісі түсіп қалған – емшектерінің басы жұлынып қалған – бір мүйізі немесе екеуі де түбінен сынған Құрбан шалуы уәжіп болған кісінің құрбандық малында аталмыш кемшіліктердің біреуі сатып алғаннан кейін пайда болса немесе алған малы өліп қалса, қайтадан құрбандыққа жарайтын мал сатып алып шалуы керек. Ал өзіне құрбан шалу уәжіп болмаса да, сауап үшін шалуды ниет еткен кедей адамның сатып алған құрбанында бір кемшілік пайда болса, сол малды шала береді. Тіпті құрбан шалуы уәжіп болмаған кедей адам, бойында кемшілігі бар малды сатып алып, құрбан ретінде шалуына болады. Өйткені, кедей адамның шалған құрбандығы – нәпіл құрбан. Нәпіл ғибадатта кешірім бар.

Құрбан ретінде шалынатын малды қинамау үшін, өткір пышақ қолдану керек. Малды сою үшін сол жағымен жерге жатқызғаннан кейін пышақты көз алдында жалақтатып қайрау – мәкруһ. Ал, қинамай сою – сүннет. Пайғамбарымыз бір хадисінде былай дейді: «Малды бауыздаған уақытта жақсылап бауыздаңдар. Кімде-кім мал сойса, пышағын жақсылап қайрасын және тезірек бауыздасын. Малдың жанын жай таптырсын». 5 Құрбан ретінде шалынатын мал құбылаға қарата сол жағымен жатқызылып, дұға ретінде мына аят оқылады: «Инна салати уа нусуки уа махиаиа уа мәмәти лилләһи Раббил ‘аламина лә шәрика ләһ»6. «Күмәнсіз менің намазым және басқа да ғибадаттарым, өмірім де, өлімім де бүкіл әлемдердің Раббы Алла Тағала үшін. Оның еш серігі жоқ». Одан кейін: «Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар лә илаһа иллАллаһу, уАллаһу әкбар, Аллаһу әкбар уа лиллаһил-хамд» - деп, кімнің атынан сойылып жатқаны ниет етіледі. Артынша «Бисмилләһи, Аллаһу әкбар» - деп тәкбір айтып оң қолмен бауыздайды. Құрбан мал шалудың арнайы дұғасын білмеген адамдарға «Бисмилләһи, Аллаһу әкбар! Құрбандығымды қабыл ала гөр!» деп ниет етіп, шала берулеріне болады. Тек қана құрбандық иесінің ғана «Бисмилләһи, Аллаһу әкбар» - деуі жеткілікті емес. Құрбанды бауыздаған адам да «Бисмилләһи, Аллаһу әкбар» - деуі керек. Әдейі ұмытпастан «Бисмилләһ» деп айтпаса, құрбанның етін жеуге болмайды. Өйткені, Алланың аты айтылып, бауыздалмаған малдың етін жеу – харам. Құрбанның иесі құрбанды бауыздайын деп жатқан қасаптың қолының үстіне қолын қойып, бірге бауыздаса, екеуінің де «Бисмилләһ» деп айтулары керек. Сойылатын мал құрбан ниетімен бауыздалу керек. Малдың жаны шыққаннан кейін барып қана терісі сыпырылады. Жаны шықпай жатып басын кесіп алып тастау немесе терісін сыпыру – мәкруһ. Ескерту: құрбан малы сойылатын жердің тазалығына көңіл бөліп, айналысын былғап, шашып кетпеуді қадағалаған жөн. Экологиялық тазалыққа көңіл бөлудің де мұсылмандық әдептілікке жататынын анық.

Бай болсын, кедей болсын, Құрбан айтта шалған құрбандығының етін жеуіне болады. Құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату – мұстахап. Бір бөлігі – туған-туыс, көршілеріне бай болса да сыйға тартылады, екінші бөлігі – кедей және мұқтаж адамдарға, білім жолындағыларға, үшінші бөлігі – өзінің отбасына, бала-шағасына беріледі. Бірақ шалынған малды түгелдей кедей және мұқтаждарға таратуға болатыны сияқты, түгелдей өзінің отбасына да қалдыра алады.

Алла Тағала Құран Кәрімде құрбанның еті турасында былай дейді: «Құрбанның етінен өздерің жеңдер әрі міскіндер мен кедейлерге жегізіңдер»7. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) шалған құрбанының етін қалай таратқандығы турасында Ибну Аббас былай деп риуаят етті: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с) шалған құрбандығының үштен бірін – отбасына, үштен бірін – кедей көршілеріне, қалған үштен бірін садақа ретінде тарататын». Уәжіп болсын, нәпіл болсын құрбандыққа шалынған малдың етін, терісін, сирақ-басын және сүтін сату – мәкрүһ. Құрбан малының аталмыш бөлшектері сатылған жағдайда құны кедейлерге садақа ретінде беріледі. Құрбанға шалынған малдың ешқандай бөлшегінен қасаптың ақысы ретінде төлеуге болмайды. Хазірет Әлидің былай дегені риуаят етіледі: «Алланың Елшісі (с.ғ.с) түйелер құрбандыққа шалынған уақытта басында тұруымды және терілері мен жүндерін таратуымды әмір етті. Олардың ешбір нәрсесін қасап ақысы ретінде беруге маған тыйым салды. «Қасап ақысын біз өзіміз береміз»8 деді. Құрбандыққа шалынған малдың терісін кедейлерге, қайырымдылық қорларына беруге болады.

Ұлықтың ұлы күні Аллаға құрбан шалып, мұсылмандардың бауырмалдығын арттыратын күнге Раббымыз айдың күні аманда жекізсін!

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: