Құрбан айты күндерінің артықшылығы мен ондағы атқарылатын амалдар

Құрбан айты күндерінің артықшылығы мен ондағы атқарылатын амалдар

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

   Пайғамбарымыздың (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде айт күндері жайлы:

إِنَّ أَعْظَمَ الْأَيَّامِ عِنْدَ اللَّهِ تَبَارَكَ وَتَعَالَى يَوْمُ النَّحْرِ ثُمَّ يَوْمُ الْقَرِّ

«Алланың құзырындағы күндердің ең ұлысы – құрбан айт күні мен зулхижжа айының 11-күні» деп айтылған. (Әбу Дәуіт жеткізген)

Сондықтан Құран Кәрімде Алла Тағала осы күндермен былай ант еткен:

وَالشَّفْعِ وَالْوَتْر

«Жұпқа және таққа серт!».  (Фәжр сүресі, 3-аят)

   Ибн Аббас (Алла оған разы болсын) осы аятты тәпсірлегенде «шәфғ» сөзіне құрбан күні «уәтр» сөзіне арафа күні деп түсінік берген. (Тафсир Ибн Касир)

   Осы күн үлкен қажылық күні деп те аталады. Себебі қажылық амалдарының басым көпшілігі осы күні өтеледі. Қажылар осы күні Муздалифадан Минаға барып шайтанға тас лақтырып, шаштарын алып немесе қысқартып, құрбандықтарын шалып, ифада тауафын яғни, парыз тауафын өтеп, Мина тауына Тәшриқ күндерін өткізу үшін барады. Осылайша ең негізгі амалдар орындалады. Сонымен қатар ташриқ күндері жайлы Құран Кәрімнің мына аятында былай делінген:

واذْكُرُوا اللَّهَ فِي أَيَّامٍ مَعْدُودَات

 «Санаулы күндерде Алла Тағаланы (көп) еске алыңдар»(«Бақара» сүресі, 203-аят)

   Ибн Аббас (Алла оған разы болсын) белгілі  күндер ол - Зулхижжа айының 10 күні, санаулы күндер ол – ташриқ күндері деп түсіндірген. (Тафсир Ибн Касир)

   Осы күндері ораза ұстау харам етілген. Ал, Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) өз хадисінде:

أَيَّامُ التَّشْرِيقِ أَيَّامُ أَكْلٍ وَشُرْبٍ وَذِكْرٍ لِلَّهِ

«Тәшриқ күндері тамақтану мен сусындау және Алла Тағаланы еске алу күндері» деген. (Муслим жеткізген)

Басқа бір хадисте:

يَوْمُ عَرَفَةَ وَيَوْمُ النَّحْرِ وَأَيَّامُ التَّشْرِيقِ عِيدُنَا أَهْلَ الإِسْلاَمِ، وَهِيَ أَيَّامُ أَكْلٍ وَشُرْبٍ

«Арафа, құрбан шалу және (тәкбир) шашриқ (айтылатын) күндері біз мұсылмандардың айты ол   тамақ пен сусын ішу күндері» дейді. (Әбу Дәуіт, Термизи, Нәсәи жеткізген)

Құрбан айты күні жасалатын ең абзал амал жайлы Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын):

مَا عَمِلَ ابْنُ آدَمَ يَوْمَ النَّحْرِ عَمَلًا أَحَبَّ إِلَى اللهِ عَزَّ وَجَلَّ مِنْ هرَاقَةِ دَمٍ، وَإِنَّهُ لَيَأْتِي يَوْمَ الْقِيَامَةِ بِقُرُونِهَا وَأَظْلَافِهَا وَأَشْعَارِهَا، وَإِنَّ الدَّمَ لَيَقَعُ مِنْ اللهِ عَزَّ وَجَلَّ بِمَكَانٍ قَبْلَ أَنْ يَقَعَ عَلَى الْأَرْضِ، فَطِيبُوا بِهَا نَفْسًا

Айша анамыздан (Алла оған разы болсын) риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Адам баласы құрбан айты күні (құрбан шалып) қан шығарғаннан Алла Тағалаға сүйіктірек амал жасаған емес. Расында қиямет күні (құрбандыққа шалынған мал) мүйізімен, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан Алланың қалауымен жерге түспес бұрын бір жерге түседі, оған ниеттеріңді жақсылап түзетіңдер» деген. (Термизи, Ибн Мәжа жеткізген)

Айт  күндері айт намазына баруға қатысты Пайғамбарымыздың (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) ұстанған сүннеті былай баяндалған:

كَانَ النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ لَا يَخْرُجُ يَوْمَ الْفِطْرِ حَتَّى يَطْعَمَ، وَلَا يَطْعَمُ يَوْمَ الْأَضْحَى حَتَّى يُصَلِّيَ

«Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) ораза айты күні тамақтанбайынша (айт намазына) шықпайтын, құрбан айты күні (айт) намаз оқымайынша тамақтанбайтын еді».

Бұл ұлы мерекеде мұсылман кісінің шамасы келгенше мешітке жаңа киім киіп, әтір қолданып барғаны абзал. Имам Мәлик: «Мен ғалымдардың айт күндерінде әсемденудің және хош иістерді қолданудың абзал екендігі жайлы айтатынын естігенмін», - дейтін.

Ханафи мәзһабында шамасы жеткендерге құрбан айтта құрбан шалудың үкімі – уәжіп.

Алла Тағала Құран Кәрімде Пайғамбарға (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын):

فَصَلِّ لِرَبِّكَ وَانْحَرْ

«Намаз оқы және құрбан шал» - деп, бұйырып, құрбан шалудың уәжіп екенін білдірген.  

Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) төмендегі мына хадисінде:

 

مَنْ وَجَدَ سَعَةً فَلَمْ يُضَحِّ فَلَا يَقْرَبَنَّ مُصَلَّانَا

«Кімде-кім мүмкіндігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын!» - деп ескерткен. (Ибн Мәжа жеткізген)

Айт күні Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) адамдарға былай деп айтқан:

يَا أَيُّها النَّاس أَفْشُوا السَّلامَ وَأَطْعِمُوا الطَّعامَ وَصِلوا الْأَرْحَامَ وَصَلوا بِالليلِ وَالنَّاسُ نِيامٌ تَدْخُلُوا الْجَنَّةَ بِسَلَامٍ

«Ей адамдар, сәлемді жайыңдар, (адамдарды) тамақтандырыңдар, туыстық қарым-қатынасты нығайтыңдар және адамдар ұйқыда болған кезде намаз оқыңдар, (сонда) аман-есен жаннәтқа кіресіңдерер»- деген. (Ибн Мәжа жеткізген)

Амангелді Ембергенов

Тараз қаласына қарасты

«Ар-Рахман Ар-Рахим»

мешітінің имамы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: