Айлардың сұлтаны – Рамазан!

Айлардың сұлтаны – Рамазан!

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Жаратқанға сансыз мақтаулар болсын, күллі мұсылман қауымы көптен асыға күткен қасиетті Рамазан айымен да қауышып, өз құлшылықтарын  атқаруда. Бұл айдың қадір-қасиеттері өте көп, ол жайлы түрлі баспасөз беттерінде де, ғаламтор желілерінде де кеңінен насихатталып жатқанына көпшілік куә. Жалпы Рамазан айы дегенде не нәрселерді түсінуге болады, нендей амалдарды орындауларымыз керек? деген сынды сауалдарға азды-көпті бірқатар мәліметтерді  қағаз бетіне түсіргенді жөн санадық.

 "Рамазан" сөзі "күйдіру", "жанып күл болу" деген мағыналарды білдіреді. Демек, Рамазан айын ұлықтап ораза ұстаған адамның күнәлары күйіп, күл болады. Ораза адамның пендешілікке барып басқа айларда қылынған қателіктерінн күйдіреді, денесіндегі және жүректегі кірлерді кетіреді. Бұл дегеніміз - сенім, Құран, жақсылық (ихсан), разылық, кешірім, әлсіздерге жәрдем, ауызашар, жұмақ есіктеріне ынтық болатын, аспан есіктері ашылатын, шайтан-жындар кісенделетін, рақым-мейірім төгілетін, көбірек Құран тіләуат (оқу) оқылатын тыныштық айы болып саналады.

 Мекке жер жүзіндегі барлық шаһарлар ішінде қандай ерекшеліктерге ие болған болған болса, бұл ай да басқа айлар ішінде сондай құрметке ие. Мекке Шәріпке Алланың дұшпаны болып саналған Дәжжал кіре алмағаны секілді, бұл айда Шайтан да ешкімге өз уәсуәсасын тигізе алмайды. Бұл өмірдегі Рамазанымыз-ақырет күніндегі жұмағымыз болып саналады. Сол үшін Рамазан айы "Айлар сұлтаны" деп те аталады. Пенденің Рамазан айындағы ең бірінші жасайтын тағат ғибадаты, ол-Раббысына деген үлкен Шүкіршілігі. Яғни жыл айналып келген Рамазанмен қайта қауышқаны үшін Раббысына көптеген шүкіршіліктер танытуы тиіс екен. Әр адам баласы қасиет тұнған Құранға ерекше ден қоюы керек. Бұл айда Құранды оқу, үйрену, үйрету өте сауапты амалдарға жатады.

Тәпсір кітаптарында келтірілгендей, Құран Кәрім Рамазан айының Қадір кешінде Лаухул Махфуздан дүние аспанына түсірілген. Сосын жиырма үш жылдар бойы өз кезеңдері мен белгіленген өз уақыттарында Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) түсіріліп отырған. Демек, бұл ай Құранның түскен айы екен. Жалпы бір сөзбен айтқанда, Құранның тірілерге де, өлілерге де тиер пайдасы зор орасан болып саналады. Өйткені, насихатталып жатқан барлық үгіттеріміз осы Құраннан бастау алады. Қысқаша айтқанда, Құран-шариғаттың бастау бұлағы болып саналады.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл айды: "Әй, күнәлары кешірілуші, қателеліктері өшірілуші Рамазан, қош келдің", деп қуанышпен қарсы алатын болған екен.

Бұған дәлел, танымал ғұлама, ғалым Хафиз ибн Раджаб өз сөзінде: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің сүйікті сахабаларын Рамазан айының келуімен құттықтайтын болған екен» -дейді.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Егер адам баласы рамазан айының не екенін лайықты түрде түсіне білсе, бір жылдың бастан-аяқ Рамазан болуын қалар еді», - деген.

 Рамазан – тақуалық айы. Рамазан айында тақуалық таныта алмаған пенде басқа айларда қалайша тақуалық танытпақ? Тақуалық-Рахманға толық бойұсыну. Нәпсісіне тойтарыс беретін ай. Нәпсісінің құлы болып кетуден сақтану. Нәпсісі тазарса, пенде Раббысына жақындай түседі. Сол үшін де Рамазан айы бір жылға татитын ай болып саналады.

Батыс елдерінде әр жылы желтоқсан айының соңында Иса пайғамбардың туылған күніне (рождество) орай өте үлкен деңгейде сауда істерінде біршама нарықтардың төмендеуі іске асырылады екен. Сауда дүкендерінің сөрелерінде бағалардың қаншалықты төмендегені жайында хабар беруші жарнамалармен безендіріледі. Ірі сауда компаниялары заттарының нарықтық бағаларын төмендетуде өзара бір-бірлерімен жарысқа да түседі екен. Сарапшылардың айтуларынша, АҚШ-тағы Рождество мерекесі алдында заттардың бағаларының төмендетулерінің нәтижесінде үкіметтен бір-екі апта бұрын айтарлықтай қомақты сый ақыларға да ие болады екен. Осы жерде бір қызықты сауал туындайды: діни мереке себебінен заттарының 10 пайыздан 90 пайызға дейін төмендеткен батыстық саудагерлер бұдан кейін қалай қылып жылдық үлкен нәтижеге (пайда) қол жеткізе алады?

Ғибрат болған осы бір жәйт неге Мұсылмандардың, мұсылман елдерінің ойларына келмейтін болды екен? Біздер бұл жерде айыптау жағы емес, жәй ой салу жағындағы мағыналарды тілге тиек етудеміз. Осы айды Алла разылығы үшін тағат-ғибадатпен өткізуді шын жүрегімізден ынталандырсын. Еліміз көркейіп, дініміз марқая берсін! Әр күндеріңіз Рамазан болсын. Ғұмыры Рамазан болғанның - ақыреті Айт болады.

 Үмбет  Сабырханов

Әл-Хақ мешітінің имамы

Рысқұлов ауданы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: