Бүгіннен бастап ораза ұстаңыз

Бүгіннен бастап ораза ұстаңыз

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Исламның бес шартының үшіншісі – Рамазан айында ораза ұстау. Ораза ұстау, хижреттің екінші жылында парыз болды.

Алла Тағала Құран Кәрімде: «Әй, мүміндер! Сендерге бұрынғыларға парыз қылғандай ораза парыз қылынды. Әрине, сақтанарсыңдар»,- деп Рамазан айының оразасын парыз қылды. («Бақара» сүресі, 183-аят)

Ораза – ниет етіп таң ағара бастағаннан кешке күн батқанша тамақ жемеу, ішпеу және ерлі-зайыптылардың жыныстық қатынаста болмауы дегенді білдіреді.

Егер сіздің денсаулығыңыз Рамазанда парыз етілген оразаны ұстауға жарамды болса, ораза ұстауды бүгіннен бастап жалғастырыңыз. Өйткені Рамазан - Алла Тағаладан пендесіне берілген үлкен мүмкіндік айы. Бұл айда сауаптар еселенеді, тәубе еткен, кешірім тілеген құлдың күнәсі кешіріледі және дұға жасаған пенденің дұғасы қабыл болады.

Аса Құдіретті және Ұлы Алла:

«Адам баласының әр амалы өзі үшін. Ал, ораза ондай емес! Сондықтан оразаның сауабын ерекше түрде көп қылып мен беремін», – дейді. (Құдси хадис. Бұхари,Саум,2,9; Мүслим, Сыям,30.)

Біз пендеміз, өзімізді күнә атаулыдан пәкпіз, мен ешқашан күнәлі іс істемеймін деп айта алмаймыз. Біз білетін күнәларымыз бар, білмейтін және өзіміздің ортамызда, отбасымызда, санамызда күнә деп санамайтын, бірақ күнә болып табылатын үлкенді-кіші, жасырын-әшкере күнә істеріміз бар. Біз өзімізден күнделікті есеп алып отырмағандықтан ұмытып кетуіміз мүмкін. Ол амал дәптерімізде жазулы тұр. Рамазан айының оразасы сол күнәларды өшіруге үлкен мүкіндік.

Пайғамбарымыз с.а.с:

«Кімде-кім рамазан айында Алланың сый-сауабына деген иманмен және үмітпен ораза ұстаса, оның бұрынғы күнәлары кешіріледі», - деген. (әл-Бухари 38, Муслим 760)

Осы айда Алла разылығын көздеп нәпіл намаз оқып өткізсек күнәміз тағыда кешіріледі екен.

Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.с):

«Рамазан айының түндерін Алланың сыйына иман келтіріп және үміт етіп, намаз оқумен өткізген адамның бұрынғы күнәлары кешіріледі», - деген. (әл-Бухари 37, Муслим 759)

Бұл айда дұға-тілектер қабыл болады.

Бұл туралы Пайғамбарымыз (с.а.с): «Расында, ораза ұстаушының ауызашар алдында жасаған дұғасы қайтарылмайды», - деп өз үмметін дұға жасауға шақырған.  (Ибн Мәжаһ 1753, әл-Хаким 1/422. Хафиз Ибн Хәжар, әл-Бусайри және Ахмад Шакир хадистің сенімділігін растаған)

Ақыретте адам баласы қияметтің қиыншылығынан өз қарабасынан артық ешкімді ойламайды екен. Сондай қиын-қыстау заманда, сауапқа мұқтаж болып тұрғанда, ораза әлгі ұстаған адамға шапағат етеді екен.

Пайғамбарымыз (с.а.с): «Ораза мен Құран қиямет күні құлға шапағат етеді», - деп ораза ұстаудың маңыздылығын айтқан. (Ахмед б.Ханбәл, Мүснәд, ІІ, 174)

Ораза ұстаған жан ақыретте жәннаттың «Әр-Райян» деген есігінен кіреді.

Бұл туралы Пайғамбарымыз (с.а.с):

«Расында, Жәннәтта «Әр-Райян» деп аталатын қақпа бар. Қиямет күні одан ораза ұстағандар кіреді. «Ораза ұстағандар қайда?», - делінеді. Олар орындарынан тұрады. Олардан басқа ол қақпа арқылы ешкім кірмейді. Олар кіріп болған соң ол қақпа жабылады да, одан кейін ол арқылы ешкім кірмейді», - деген. (Бұхари, Муслим)

Рамазан айында ораза ұстау – Алла Тағаланың әмірі. Мұсылмандар бұл әмірге мойынсұнуы керек. Егер бір мұсылман себепсіз Рамазан айында оразаға ниет қылмай, тамақ ішсе, ұстамаған күндерінің оразаларының қазасын ұстайды, кәффарат шарт емес. Өйткені кәффарат – ораза ұстамаудың емес, бастаған оразаны бұзудың жазасы.

Рамазан айында себепсіз ораза ұстамаған адам күнә істеген болады. Әрі Алла алдындағы жауапкершілігін орындамағаны. Сондықтан тәубе етіп, Алладан кешірім сұрап, көп кешіктірмей қазасын ұстауы шарт болады.

Сондықтан құрметті ағайын-бауырлар, ораза ұстауды денсаулығымыз көтеретін болса бүгіннен қалдырмай ораза ұстайық. Алдыңғы жіберіп алған 4-5 күндік оразамызды ешқандай кәффаратсыз қазасын Рамазан оразасы біткен соң ұстап толықтыруымызға болады.

Алла Тағала ұстаған оразаларымызды қабыл етіп, қияттің күнінде «Әр-райян» деген жәннаттың есігінен кірушілердің қатарынан еткей. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Әумин!

 Есбол Алпысбаев

Меркі аудандық «Меркі ата» мешітінің ұстазы  

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: