ЖАТ АҒЫМНАН САҚТАНЫҢЫЗ

ЖАТ АҒЫМНАН САҚТАНЫҢЫЗ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Ислам дінінің хақ дін екендігін қазіргі таңда күллі дүние жүзі мойындауда десек артық айтпаған болар едік. Оған дәлел мұсылмандықты қабылдап,  оған иман келтіріп, сол дінді қабылдаушылардың саны да күннен күнге артуда. Алайда таза (саф) дінімізді өзгелерге жаман қылып көрсету үшін арамыздан шыққан сан түрлі топтар мен олардың сенімдерінің соңы түрлі фитнәларға (іріткі) апарып жатқандығын да еш жасыра алмаймыз. Біздер мына бір нәрсені еш естен шығармағанымыз жөн екен,  ақиқат пен жалған ортасындағы күрес қияметке дейін еш тоқтамайды.

Жасыратыны жоқ ХХI ғасырдың ең глобал мәселелерінің біріне айналған  экстремизм мен терроризмнің дерті әрбір ғибадат етуші пенделердің бастарын айналдырып, сол бағытқа кеткен бауырларымыздың ақыл-естерін улап бітті десек те болады.

Жалпы сәләфизм, экстремизм, терроризм барлығы да бір ұғым болып, дініміздің мақұл көрмейтін істері мен топтарынан болып табылады.

Сәләф сөзі "бұрынғылар",  "алдыңғылар" мағынасын білдіреді. Құран Кәрімнің "Зұхрұф" сүресінде "сәләф" сөзі "бұрын өмір сүріп кеткендер" мағынасында келтірілген.

Демек, сәләфилер өздерінің іс-әрекеттерін бұрынғылардың жасағанындай етіп жасап жүрміз деп сенеді. Кейінгілердің амал, әрекеттері еш қисынға келмейді, шатасуда деп есептейді. Неге десеңіз, кейінгі қауымдарда "бидғат" (дінге көп жаңалықтар енгізілген) деп,  өздерін әрдайым дұрыс санайды.

Олар Алла Тағаланың Құран Кәрімдегі:

وَأَنَّ هَـٰذَا صِرَاطِى مُسْتَقِيماً فَٱتَّبِعُوهُ وَلاَ تَتَّبِعُواْ ٱلسُّبُلَ فَتَفَرَّقَ بِكُمْ عَن سَبِيلِهِ ذٰلِكُمْ وَصَّاكُمْ بِهِ لَعَلَّكُمْ تَتَّقُونَ

Яғни: "Күдіксіз Менің тура жолым осы. Енді соған еріңдер. Басқа жолдарға түспеңдер, Сонда сендерді Алланың жолынан айырады. Сендерге осыларды Алла нұсқады. Сақтанарсыңдар. "(«Әнғам», 153).

деген аятына үлкен қарама-қайшылық танытқандығын осы аяттан байқауымызға болады.

Сәләфилер мен Әһли Сүннә (яғни біздер) ғалымдары ортасындағы қарама-қайшылықтарға мына бір мәселелерді жатқызуымызға болады:

-Құран мен Сүннеттегі мәтіндердің тек сыртқы көрінісіне қарап үкім шығарады, астарлы мағыналарына мән бермейді;

- "тәкфир" (күпірлікпен айыптау) және "хижрат" (отанды тәрік ету) сияқты ерекше ниеттері бар;

-фиқһ мәзһабтарын бидғат, дұрыс емес деп санайды:

-өзге дін өкілдеріне қатыгездікпен қарап, оларға еш діни бауырмашылық танытпайды;

-Мәйітке Құран оқылу тиіс емес деп санайды;

-Қабірлерді зиярат қылуға болмайды;

-Өздерін жоғары санаттағы мұсылмандар қатарына санайды;

Дінімізде  сондай бір қағида бар,  "Әрбір дұрыс емес жасалған істің себебі-білімсіздіктің салдарынан болып табылады". Соған қарағанда,  бұндай жат әрекеттерден құтылудың бір ғана жолы,  ол-мұсылманның білімінің артуында және дұрыс жолмен түсінуде ғана екен. Бұл аталған мәселе әрбір мүмін пенделер үшін қатаң ескертіледі. Әрқайсыларымыз әуелі өзімізді дұрыстасақ, сосын өсіп келе жатқан ұрпақтарымыздың да ой-саналарын дұрыстасақ, болашағымыздың жарқын болары сөзсіз.

Түрлі террористік әрекеттердің барлығының басы қасында өзіміздің мұсылман бауырларымыз жүргендіктері жүректерді қынжылтады. Яғни,  бір мұсылманның қолына қару беріп,  "Сен жихад қылып жатырсың, өлсең шәһид боласың",  деп алдауда. Қарапайым бауырларымыз бұл жалған сөздерге алданып, олардың диірмендеріне су құйып жүргендері еш жасырын емес. Тіпті кейбіреуі өзіне-өзі өлтіріп, қол салып та жүр. Егер ол пенделер Алла Тағаланың: "Өздеріңді бәлеге душар етпеңіздер" («Бақара» сүресі 125 аят),  деген аятын білгенде еді, бұндай істерге еш бармас та еді.

Сәләфилер қайтыс болған адамға бағышталып оқылған Құранды дұрыс емес, сауабы болмайды деп қабылдайды.

Олай қабылдау өте қате түсінік. Дін қағидасында бұл жайында не айтады?

Марқұмдарға сауаптың жетіп баратынына Ижмағдан (бір ауыздан мақұлданған) дәлел:

Ислам үмметінің көпшілігі марқұмға жаназа намазындағы дұғаны дәлел ретінде келтіріп, қайтыс болған кісі тірілердің дұғасынан пайда табатынғын айтқан. Егер дұрыс болмағанда, Алла Елшісі (с.ғ.с.) адамдарға жаназа намаздарын оқымаған да болар еді.

Имам Әбу Дәуіттің "Сүнән" кітабында Осман ибн Аффан (р.ғ.)  төмендегі хадисті риуаят етеді:

"Бір күні Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір мәйітті жерлеп болған кезімізде, жанында тұрып,  бізге: "Бауырларың үшін Аллаға истиғфар айтыңдар. Оған тыныштық сұраңдар. Өйткені ол,  қазір сұрақ қылынады", -деді".

Сондай-ақ Ислам ғұламалары қандай да бір мұсылман адам қандай да бір қайтыс болған адамның, туысының қарызын төлесе, тіпті бөтен адам болса да төлеп беретін болса, қарыз алған адамның мойнынан қарыз түсетініне де ижмағ (бір ауыздан мақұлдаған) қылған.

Бұның дәлелі ретінде төмендегі хадис келтіріледі:

Бірде Әбу Қатада (р.ғ.)  бір мәйіттің екі динар қарызын өз мойнына алады. Кейін әлгі екі динарды тиісті жерге беріп төлеген кезде,  Алла Елшісі (с.ғ.с.): "Енді оның (мәйіттің) терісі суыды" - дейді. (Хаким риуаяты).

Қазіргі кездегі заманауи сәләфилер бірнеше топтарға, ағымдарға бөлініп кеткен. Олардың барлығын біріктіріп, екі топқа қарастыруымызға болады:

Біріншісі, мемлекет басқаруындағы жүйелерді мойындамай, тек шариғат заңын талап ететін радикал сәләфилер;

Екіншісі, өздерін өте қарапайым етіп көрсетіп,  ешкімге қарсы шықпайтын "моп-момақан" сымақ болғанымен, Ханафи мәзһабын еш мойындамайтын сәләфилер;

Бұлардың ең көп шоғырланған жерлері: Солтүстік Африка, Таяу Шығыс, Кавказ, Орта Азияның кейбір өлкелері болып табылады.

Құрметті мұсылман бауырлар,  әрқайсыларымыз әуелі білім үйрену жолында табандылық танытайық, сенім-наным кітаптарына тереңірек көз жүгіртейік. Аллаға шүкір,  өз ана тілімізде бұл тақырыптар жайында қаншама кітаптар да бар.

Алла Тағала жұртымызды түрлі таяз сенімдерден, қысқа ойлардан, іріткілерден аулақ етсін.  Дұрыс сенім-ел тыныштығының кепілі болып табылады.

Үмбет САБЫРХАНОВ

Т.Рысқұлов ауданы

"Әл-Хақ" мешітінің имамы

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: