Имандылық – жүректің нұры

Имандылық – жүректің нұры

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

     Мейірімді, рақымды Алланың атымен бастаймын! Алланың сәлемі мен салауаты пайғамбарымыз Мұхаммедке болсын! Алла Тағала біздердің істерімізге берекесін берсін, дей отырып имандылық жайында бірер сөз қозғауды жөн көрдік.

     Исламда бес парыз бар дейміз. Парыз демегіміз орындалуы міндетті болған амалдар. Сол бес парыздың әуелгісі иман, екіншісі намаз, үшіншісі зекет, төртіншісі рамазан айындағы ораза және бесіншісі өміріңде бір мәрте хажға бару. Осы жердегі реттілігіне қарар болсақ бес парыз иманнан бастау алып тұр. Неге? Бұл сұрақтың жауабын былай айтсақ болар. Иман деген сөздің мағынасы сенім дегенге келеді. Яғни бүкіл жаратылысты жаратқан БІР жаратышының бар екенін мойындап, соған сену, осы сенімді жүрекке ұялатып қуаттау десек болады. Ендеше бұндай сенім жүрегіне ұяламаған адамның намаз оқып, зекет беруі, ораза тұтып, хажға баруы мүмкін емес десек те болады. Олай болса имандылық дегеніміз бүкіл болмысты жоқтан бар еткен Алланы танып, жүрегімен сеніп, тілімен бекіту дегенді ғалымдар босқа айтпаған екен. Ал жаратушысына иман келтірген адамға Оның бұйрықтарын орындап, тыйымдарынан тыйылу міндетті болатыны айтпаса да түсінікті. Бұл жайында хакім Абай атамыз: «Ақылды адамға иман парыз, иманды адамға ғибадат парыз», -  деп жақсы айтып кеткен.

     Ал енді осы иманның орны қайда? Бұл сұрақтың жауабын Құран Кәрімдегі Мужәдәлә сүресінің 22 – аятынан қарайтын болсақ, онда былай дейді: «...Міне солардың жүректеріне Алла иман жазған, әрі оларды өз жағынан бір нұрмен қолдаған». Демек иманның орны жүрек екен. Ал жүрек болса адам ағзасындағы ең маңызды бір мүше деп айтсақ болады. Жүректің орны адамның тәні үшін де, жаны үшін де өте маңызды. Өйткені адамның тәніне нәр беретін алпыс екі тамырдан аққан қаны болса, сол қанды тоқтаусыз, өз мөлшерімен жеткізіп беріп тұрған жүрек екені бүгінгі күні ешкімге құпия емес. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің бір хадисінде: «Адамның бойында бір кесек ет бар. Сол ет жақсы болса, адамның бүкіл болмысы жақсы, ол ет жаман болса, адамның бікіл бомысы жаман. Ол бір кесек ет – жүрек», - деген. Яғни бұл хадистен байқағанымыз жүрегі жақсылыққа толы адамның жақсы болатынын көріп отырмыз. Енді қарап отырсақ, біз сөзіміздің басында иманның орны жүректе екенін айтқан едік. Жүрегіне иман нұры ұялаған адамның ниеті қалайша жаман болсын. Иманмен нұрланған жүрек адамды намазға тартады. Ал намаз адамды арсыздықтан тыяды. Қоғамның бүгінгі үлкен кеселдерінен болып тұрған неше түрлі парақорлық, зинақорлық, араққорлық, нашақорлық, бәлеқорлық, жалақорлық, өтірік айту, өсек айту... деген сияқты өңшең қорлықтардың бәрінен аулақ болады.

     Сөз соңында айтпағымыз. Абай атамыз атйқандай ақылды екенімізді дәлелдеудің бір ғана жолы бар екен. Ол Аллаға иман келтіру. Иман келтірген соң Алланың бұйырғандарын толығымен орындап, тыйғандарынан тыйылу. Бұрынғы өткен даналар былай деп айтқан екен: «Намаз - мұсылманның көз қуанышы. Алланы зікір еткіңіз келсе, намаз оқыңыз. Алламен байланыс орнатқыңыз келсе, намаз оқыңыз. Жан дүниеңіздің жадырағанын қаласаңыз, намаз оқыңыз. Алла Тағала дұға - тілектеріңізді қабыл еткенін қаласаңыз, намаз оқыңыз. Кеудеңіздегі «меніңізді» тәрбиелегіңіз келсе, намаз оқыңыз. Дініңіздің мықты болуын қаласаңыз, намаз оқыңыз. Тәніңіз бен жаныңыздың тазалығын қаласаңыз, намаз оқыңыз. Отбасылық бақыт пен берекенің болғанын қаласаңыз, намаз оқыңыз. Ұрпағыңыздың жақсы болып және олардың сіз үшін дұғада болуын қаласаңыз, оларға намаз үйретіңіз». Шынында ұрпақтарымыздың қандай қоғамда, қалай өмір сүретіні дәл бүгін өзімізге байланысты ағайын! Иманды ұрпақ көп болсын!

 Ғалымжан Қонақбаев

Сарысу аудандық мешітінің бас имамы

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: