Тұрар Рысқұлов ауданы Ақыртөбе ауылдық әкімшілігінде «Ихсан ілімі – рухани білім» атты тақырыпта ауыл имамының қатысуымен іс-шара өтті. Іс-шараға әкімшілік қызметкерлері мен Ақыртөбе ауылдық «Ақыртөбе» мешітінің имамы Нұрпейсов Батыр қатысты. Батыр имам қатысушыларға ихсан ілімі жайында, адамның рухани жан-дүниесі жайында, адам нәпсісінің түрлері турасында уағыз-насихат жасап, тақырыпты ашып білімімен бөлісті.
Батыр имам сөзінің басында: «Ихсан – Алланы көріп тұрғандай шынайы құлшылық ету, егер олай ете алмаса, Алла оны көріп тұрғанын сезіне отыра құлшылық жасау.
Мұсылман өзін Алланың көріп те, естіп те тұрғанын біледі. Сондықтан Аллаға ұнамайтын нәрселерді тыңдамайды және қарамайды.
Егер сен Исламның тірегі болған 5 парызыңа, иманыңның 6 негізіне амал етуді тек қана бір Аллаға ұнау үшін, бір Алла сені үнемі көріп тұрғандай жасамасаң, бәрі де бос әурешілік болып қалады.
Алла сенің істеріңнен ғана емес, ойларыңнан, сезімдеріңнен хабардар. Ол ерніңнің қыбырлағанын да, иненің жасуындай-ақ кіп-кішкентай жәндіктің жыбырлағанын да біледі. Алла, тіпті, құмырсқалардың да аяқ сыбдырын естиді, көзге көрінбейтін ең әлсіз тіршілік иелерін де көреді,- деп бастап, рухани ілімнің адам баласына қажет екендігіне тоқтала кетті.
Қуаныш Тузелбеков
Рысқұлов аудандық мешіттің баспасөз қызметі