Жат ағымдардың қоғамға қауіп-қатері

Жат ағымдардың қоғамға қауіп-қатері

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Мейірімді Рахымды Алланың атымен бастаймын!

Ислам – адам баласына айналадағы жанды-жансыз барлық жаратылысқа қамқорлықпен, жанашырлықпен қарап, оларды заңды жолдармен және белгіленген мөлшерде пайдалануды әмір ететін дін. Демек, ол тек адамдар арасындағы емес, бүкіл жаратылыс арасындағы ғажайып үйлесімділік пен үндестік негізінде құрылған.

Бүгінде ел мұсылмандарының бірегей орталығына айналып отырған Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының тарапынан ел бірлігі, ішкі саяси тұтастық мәселелері басты орындарға қойылып, тиісті деңгейдегі жұмыстар жүзеге асырылуда. Қазір елімізде 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері тату-тәтті тұрып жатыр. Олардың барлығын бір мақсат пен ортақ мүдде біріктіріп, топтастырып, ынтымақтастығын күшейтіп отыр. Алайда, еліміздегі осыншалықты тындырымды тірліктерімізге сына қағуға тырысып, түрлі іс-әрекеттермен жұртшылықты, соның ішінде жастарды адастырып жүрген кереғар діни ағымдардың да бар екендігін айтуға тиіспіз. Қазіргі таңдағы өзекті деген үлкен мәселелердің бірі – керағар діни ағымдар қоғамға, айналаға, соның ішінде жастарымызға ерекше әсер етіп, ұдайы адастырумен келеді. Соның салдарынан отбасылардың ажырасуы көбейіп, түрлі ағымдарды ұстануы нәтижесінде жанұяларда ұрыс-керістер орын алып, көптеген бөлінушіліктерге негіз болуда.

Бірлік- мұсылмандықтағы басты қағидалардың бірі. Бұл жөнінде Алла Тағала қасиетті Құранда: «түп-түгел Алланың жібінен (дінінен) ұстаңдар да, бөлінбеңдер» деген. («Али Имран» сүресі 103 аят).

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді: «Ей адамдар! Естеріңде болсын! Раббыларың біреу, араб араб еместен, араб емес арабтан, ақтың қарадан, қараның ақтан діндарлығынан басқа ешқандай артықшылығы жоқ. Күмәнсіз, Алланың алдында ең мәртебелілерің тақуа болғандарың» (Имам Муслим).

Дін ұғымы – адамзатты бақытқа бастаушы, жақсылыққа жетелеуші, санаға салмақты ой салып, кемелдікке жеткізуші институт. Жалпы адами құндылықтарды басшылыққа алатын асыл дініміз Ислам да жазықсыз адамның өміріне, ар-намысына, жеке мүлкіне қол сұғуға, басқыншылық жасауға қатаң тыйым салады.

 

 

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің бір хадисінде «Адамдардың ең қайырлысы адамдарға пайдалы болғаны»-деген. Олай болса деструктивті діни ағымдардан зардап шегушілердің қатары да күн сайын көбеюі, шағымданушылардың артуы олардың адам баласына зиян келтіретіндігін көрсетеді. Әрі Құран Кәрімде «Ізгілікте, тақуалықта қол ұшын беріңдер, ал күнәлі іс пен дұшпандықта көмектеспеңдер!» (Мәида сүресі, 2 аят)-делінеді. Олай болса діннің атымен, Құдайдың атымен ел ішінде бүлік салып, отбасын ойрандап, ағайындарды бір-біріне қарсы қойып жатқан діни ағымдардың шынайы бейнесін көрсету, одан сақтандыру әрбір саналы азаматтың міндеті болса керек.

Бейбітшілік пен мейірімділікті мақсат ететін, хәкім Абайша айтқанда, адамзаттың барлығын бауырым деп сүюге шақыратын Ислам діні қоғамның тұтастығына, елдің бірлігіне сызат түсіруші кез келген адами құндылыққа сай келмейтін құбылыстарға түбегейлі қарсы.

Әрбір адамның жаны, өмірі – өзіне аманат болса, бүгінгі адамзат қоғамын тұтас қалыпта, дұрыс бағытта ұстап түру да – баршаға амаат екендігін ұмытпайық. Олай болса, Қазақ елінің ішкі тұтастығы мен қауіпсіздігін, таныштығын сақтауда ерінбей еңбек етіп, көзіміздің қарашығындай қорғауымыз – азаматтық һәм мұсылмандық парызымыз.

Ғайырфулла Қуанышбекұлы

Жамбыл ауданының бас имамы

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: