Берекелі Бараат түні

Берекелі Бараат түні

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Қасиетті үш айдың бірі, құлшылықтарымыздың сауабы еселеніп жазылатын Шағбан айы үстіміздегі жылдың 4 наурызынан басталды.  Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Ережептен кейінгі кезекте Шағбан айына үлкен көңіл бөлген. Бұл айдың қадір-қасиеті туралы Алла елшісінің (с.ғ.с.): «Шағбан менің айым, Ережеп Алланың айы, Рамазан үмбетімнің айы», - деп осы айға да баса назар аударған. Əбу Əмəмəəл-Бəһилиден (р.а) жеткен хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с) :"Шағбан айы кіргенде, өздеріңізді тазалаңыздар жəне ниеттеріңізді дұрыстаңыздар",- деген. Басқа бір хадисте: «Шағбан – Ережеп пен Рамазан айының ортасындағы ай. Бірақ адамдар оның ерекшелігінен бейхабар. Алайда сол айда құлдардың амалдары әлемнің Раббысына қарай көтеріледі. Мен де ораза ұстаған күйімде амалдарымның Алла Тағалаға көтерілуін қалаймын» дейді.

Сүйікті пайғамбарымыз (с.ғ.с) Шағбан айының көбін оразамен өткізіп отырған. Осы айдағы Алла Елшісінің (с.ғ.с) өнегелі өмірінен Айша (р.а) анамыз былайша баяндайды:"Шағбан айындағыдай көп ораза ұстағанын көрмедім" (Мүсілім, Сиям, 176). Ал Əнас (р.а) "Алла Елшісінен (с.ғ.с) "Рамазаннан кейін қандай ораза маңызды?",-деп сұрағанда, Ол (с.ғ.с): "Рамазанға құрмет ретінде Шағбан айында ұсталған ораза", "Қай садақа абзал?",- дегенде : "Рамазан айында берілген садақа",- деп жауап берген. (Тирмизи, Зекет, 28).

  Қасиетті Шағбан айының 15-түні (Ол биыл наурыздың 17-18-не қараған түн) – қасиетті Бараат түні. Бұл түн - кешірім түні деп те аталады. Өйткені, бұл түні періштелер жер бетіне түсетін, дұғалар қабыл болатын, кері қайтарылмайтын берекелі түн.  Осы түнде Алла көп адамның күнәсін кешірмек. Пайғамбарымыз (с.а.у.) Бараат түнін ғибадат етіп өткізген. Бараат түнінің ерекшелігінің бірі - сол күні құбыланың Қудус мешітінен, Қағбаға қарай өзгеруі. Бұл түнде Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) көп салауат, Алладан біліп-білмей істеген күналарымыздың кешірілуін тілеп (истиғфар), дұға, ғибадат, құлшылықпен өткізген абзал. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): "Шағбан айының ортасындағы түнді құлшылықпен өткізіңдер. Күндіз ораза ұстаңдар. Өйткені, Алла Тағала күн ұясына батқан шақта:" Кешірім тілеуші бар ма, кешірейін. Ризық сұраушы бар ма, ризық берейін. Ауру-сырқауға ұшыраған бар ма, шипасын берейін"-,деп таң шапағы атқанға дейін рақымын төгеді,-дей келе: "Алла Тағала Шағбан айының он бесінші түні ( Бəраат түні) жер бетіне мейірімін төгіп, Өзіне серік қосқандар мен ата-анасына қарсы шыққандардан басқаларды кешіреді"-,деген. (Сүнəн-и Ибн Мажə,  Иқамəтус Салат 191).

Абдулла ибн Масғудтан жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Кімде – кім осы түні 100 бас намаз оқыса әрбір басында «Фатиха» сүресінен кейін 5 рет «Ықылас» сүресін оқыса, Алла Тағала әрбір адамға 500000 мың нұрдан жаралған дәптері бар періштелер түсіреді. Періштелер осы оқылған намаздың сауабын қиямет күніне жазып отырады. Тағы бір Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадисінде: «Мені пайғамбар қылып жіберген Раббымның атымен ант етемін кімде-кім осы түні маған салауат айтса, оған пайғамбарлардың, періштелердің, адамзаттың сауабы беріледі».

Берекелі Бараат түнінде нəпіл ораза оқып, Алланың көркем есімдерін мадақтап,  нəпіл құлшылықтарды ұлғатып, Пайғамбарымызға (с.ғ.с) көбірек салауаттар айтайық.  Өйткені бұл айда сауаптар еселеніп, күнəлар кешіріледі, дұға- тілектер қабыл болу мүмкіндігі молая түседі.

Мухит БЕРДАЛИЕВ

Байзақ ауданы "Дихан" мешітінің имамы.

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: