Ұстаз – рухани тәлімгер

Ұстаз – рухани тәлімгер

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Хазіреті Әли: «Кім маған бір әріп үйретсе, мен соның құлы болуға дайынмын. Қаласа мені сатып жіберсін, қаласа басыма бостандық берсін, қаласа құл етіп алсын», - деген екен. Сөзіміздің басын Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың сәлемі мен салауаты болсын) «білімнің қақпасы» деп атаған ұлы тұлғаның сөзімен бастағандағы мақсат - ұстаздық етудің қаншалықты мәртебелі мамандық екенін түсініп алу.

Осы ұстаздар жайында халқымыздың ұлы батыры Бауыржан Момышұлы "Ұстаздық - ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді... Өмірге ұрпақ берген аналарды қалай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да солай ардақтауға міндеттіміз” деген. Демек, ұстаз болу - аса үлкен мәртебе, құрметті мамандық, әрі үлкен жауапкершілік. Шәкіртті тәрбиелеудің артында қоғамды тәрбиелеу деген ұғым тұр. Дана халқымыз сол себептен «ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» деп айтса керек. Және бұл сөзден байқап отырғанымыздай, ұстаз шәкіртке белгілі бір ғылым берумен ғана шектелмейді, оған рухани тәрбие береді. Өзінің әдебімен, көркем мінезімен, сабырлылығымен... тағы да сол сияқты жақсы мінез-құлқымен үлгі екенін қалайша жоққа шығарамыз?

Алла Тағала Құран Кәрімде: «Білетіндер мен білмейтіндер тең бе? Шын мәнінде ақыл иелері ғана ғибрат алады», - деген. Ал ардақты Пайғамбарымыз (Алланың сәлемі мен салауаты болсын): «Ілім үйреніңіздер, ілімге қажетті байыптылық пен байсалдылықты да қоса үйреніңіздер. Сіздерге ілім үйреткен кісіні құрметтеңіздер, сыйлаңыздар», - деп айтқан.

Осы аят, хадистерден байқағанымыз Алла да, елшісі де білім иелерінің артықшылығын айқын көрсетіп беріп отыр. Және ілімді үйренуде байыптылық пен байсалдылықты да үйренуге үндейді.

Адам баласының қоғамдағы орны оның білім деңгейімен өлшенеді дейтін болсақ. Мұндағы жердегі «білім» сөзіне терең мән беріп қарауымыз керек. Әр нәрсенің киімі болғаны сияқты ғылым-білімнің де өз киімі бар. Ол - рухани тәрбие. Онсыз алған білім киімсіз адам тәрізді. Әдепті болуды үйретпей берілген білімнің адамға апат әкелетінін бұрынғы ғұламаларымыз айтып кеткен. Бауыржан Момышұлы атамыз бір сөзінде «мәдениеттілік адамның үстіне киген қымбат киімінде немесе мінген көлігінде емес, маймылға қымбат киім кигізіп, қымбат көлікке отырғызып қоюға болады, бірақ одан маймыл мәдениетті болып кетпейді» деген екен. Айтқымыз келгені ұстаз шәкіртіне көркем мінез, әдеп үйретуі керек. Имандылықты, ата-анаға құрметті, үлкенге құрмет, кішіге ізетті болуды үйрету керек. Ұлтжандылық, Отансүйгіштік қасиеттер берілуі керек. Бұл айтылғандардың барлығы жалаң сөзбен балаға жетпейтіні де белгілі. Бұл қасиеттер әлбетте ұстаздың бойынан, әрбір ісінен, отырысынан, жүрісінен, тұрысынан көрініп тұруы керек. Сонда берілген білімнің зая кетпесі даусыз.

Бір ұстаз шәкіртін ертіп базарға барады. Сөйтіп, базар аралап келе жатса, бір бейтаныс адам «қараңдар кәпірлердің басшысы келе жатыр» деп айқай салыпты, ұстазды көрсетіп. Шәкірті ашуға булығып әлгі адаммен жанжалдаса жөнеліпті. Сонда ұстазы шәкіртіне: «Егер дауласуды тоқтатып кетіп қалатын болсаң, саған келеңсіздіктерден құтылудың жолын көрсетем», - депті. Содан шәкірті дауды тоқтатып қайтып кетеді. Кейін ұстазына қайтып келгенде, бірнеше қораптарды көсетіпті, іші әртүрлі хаттарға тола екен. «Мына хаттарға қарашы, бірі «исламның шейхы» деп бастайды, бірі «ұлағатты ұстаз» деп бастайды бірақ бұл айтылғандардың бірде-біреуіне мен лайық емеспін. Адамдар басқа адамды қалай көрсе, солай атайды. Кешегі базардағы кісі де солай, ал сен оған ашуланып жатырсың», - депті. Әрбір ұстаз шәкіртіне осылай тәрбие бере алуы керек. Оқытып жүрген шәкіртіне кітаптағы ғылымды үйретумен шектеліп қалмай, оның жандүниесінің де баюына атсалысу керек. Сөзіміздің соңын хакім Абай атамыздың бір шумағымен қортындылауды жөн көрдік.

Ақырын жүріп, анық бас,

Еңбегің кетпес далаға.

Ұстаздық еткен жалықпас,

Үйретуден балаға.

Ғалымжан Қонақбаев

Сарысу аудандық мешітінің бас имамы

asyldin.kz 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: