Зекеттің әлеуметтік мәні мен маңыздылығы

Зекеттің әлеуметтік мәні мен маңыздылығы

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Исламның кедейлік дертін емдеу мен кедейлер, мұқтаж жандар және әлсіздерге бөлген көңілі мен оларға берген орнына келер болсақ тәрбие мен бағытталу жағынан да, реттеу мен шариғаттастыру, заңдастыру жағынан болса да орындалу мен іске асырылуы жағынан болса да исламда бұл тараптан ешбір «самауи» яғни аспаннан түскен Алла діндері де, адамның қолымен жасалған заңдар да ешқайсысы асып түскен де емес, тіпті жанына жақындап та көрген емес.

1. Мекке кезеңіне дейінгі Құранның бұған бұрған көңілі.

Исламның пақырлықпен күресу мен кедейлер мәселесіне көңіл қойғандығын ең ашық түрде көрсететін дәлелдер мыналар: Мекке кезеңінде исламның таңы әлі ата қоймаған кезде, мұсылмандар саны әлі шектеулі кезде, олар діндері үшін қуғын-сүргінге ұшырап, дағуаттары дінге шақырғандары үшін соғысып жатқанда, не өз мемлекеттері, не саяси орыны жоқ тұста адамгершілікті, мәдениетті көрсететін  тұс кедейлер мен бейшараларға көрсетілетін қамқорлық болатын. Бұл Құранда көрсетілген көңіл бөлудің ең жоғарғы шыңы және үнемі жалғасын тауып тұратын маңызды мәселе. Бұл тұста Құран кейде бұл маңызды көрсетіп, кейде оларды «мұқтаждарды тамақтандыру» деп көрсетіп оларды тамақтандыруға қызықтырған, ал кейде «Аллаһтың ризық етіп берген нәрселерінен сарп етіп беру» деген тақырып алдына алған, ал енді тағы бір жерде «сұраушының, мақұрым қалғандардың ақысын өтеу, мұқтаждың және де жолда қалғандардың ақыларын өтеу» деген атау қойған сол сияқты «зекетті беру» деген тақырыппен де ат берілген. Бұл сияқты басқа да тақырыптармен көрсетілген. Құран Кәрімнен Меккеде түскен аяттардан мысал үшін осы аяттарды оқысақ та жеткілікті болады.

2. Мұқтаждарды тамақтандыру иманның қажет ететін нәрселерден.

Құранның алғаш түскен сүрелерінен болып табылатын «Мудәссир» сүресінде Құран бізге ақырет көріністерінен бір көріністі суреттейді. Ақыретте амал дәптері оң жағынан берілетін мұсылмандардың көрінісі олар бір-бірлерінен кәпірлер мен өтірікшілерден болған қылмыскерлер туралы сұрайды, оларды от орап алған болады. Сонда оларды бұл азапқа ұшырауларына себеп болған не нәрсе деп сұрайды. Сондағы әлгі қылмыскерлердің осы азапқа түсулеріне себеп болған нәрселерден мынаны айтады: ол мұқтаждардың ақысына немқұрайлы қараулары және  мұқтаж жандарды аштықтың азуына тастап жәрдем беруден бас тартқандары үшін. Алла Тағала Құранда:

«Әркім өз іс-қылығының салдарынан (тозаққа) түседі. Бірақ амал дәптері оң жағынан берілгендер бұған жатпайды. Олар жұмаққа орнығып алып, күнаһарлардан: «Сендер не себепті тозаққа кіргізілдіңдер?» - деп сұрайды. Олар (күнаһарлар) айтады: «Біз намаз оқымайтын едік; жоқ-жітікті тамақтандырмаушы едік; өсекшілермен бірге өсек айтқан едік; қиямет күнін жалғанға шығарушы едік».[ат-Тағабун сүресі, 38-46 аят]

Жоқ-жітіктерді тамақтандырудың мысалы: оны киіндіру, тұратын жерін қамтамассыз ету, қажеттіліктері мен ең мұқтаж нәрселерін жеткізіп беру болып табылады. «Қалам» сүресінде Алла Тағала бізге бақша иелерінің қиссасын әңгімесін баяндап береді. Ол кісілер бақшаларының жемісін түнде барып жинап аламыз деп өзара келіскен. Себебі жемістерді жинайтын науқанда ол бақшалардың жақсылықтарына мұқтаж жандар да ортақ болатын, ал бұл кісілер оларды мақұрым қалдыруға сөз байласқан. Сөйтіп оларға Алланың жазасы бірден көрсетілді. Ол Құран Кәрімде былай айтылып келеді:

«Олар ұйқыда жатқанда, (жаратқан Иеңнен) бір апат келді де; Бақша (бір түнде) қап-қара күлге айналды. Олар: «Өнім жияр болсаңдар, баққа жүріңдер» - деп, таң ата бірін-бірі шақырысты. Олар жолда кетіп бара жатып: «Бүгін бақшаларға бірде-бір кедей кірмесін» - деп күбірлесті. Олар (кедейлерге бермеуге) шамамыз жетеді деп, іске ерте шыққан болатын. Олар (күлге айналған) бақшаны көргенде ғана: «Біз (оңбай) қателескен екенбіз. Тіпті құралақан қалыппыз-ау!» - десті. Олардың ішіндегі бір жібі түзуі: «Сендерге айтпап па едім, Раббыларыңа неге таспих-мақтау айтпайсыңдар деп?» - деді. Сонда ғана олар: «Раббымыз! Сені «пәк» деп мақтаймыз. Расында (кембағалдардың ақысын бермейміз деп,) зұлымдық істеген болған екенбіз» - десті. Сонымен олар бірін-бірі жазғырды. «Амал қанша, біз шынында, шектен шыққан екенбіз» - десті. «Раббымыз, бәлкім мұның орнына мұнан да жақсырағын берер. Шынымен –ақ Раббымызға үміт артамыз» - десті. Азап осындай. Олар білер болса, ақырет азабы мұнан да ауыр. [Қалам сүресі,19-33аят]

3. Жоқ-жітіктерге қарайласуға қызықтыру.

Құранның Меккелік кезеңі мұқтаж жандарға мейірімділік көрсетумен оларды тамақтандырып қарайласумен оларға немқұрайлы не қатыгез қараудан тыйып ескертумен ғана шектелген жоқ. Керісінше, бұдан да ары қадам басты. Әрбір мұсылманның мойынында жоқ-жітік адамдардың ақысы барын көрсетті. Әрбір мұсылманға кедейге қарайласуды жүктеді. Басқалары да кедей жандарға қамқор болып оларды тамақтандыруға қызықтыруға шақырды. Ал егер қызықтыруға шақыруды доғаратын болса Ұлы Аллаға күпірлік жасаумен салыстырды. Ақыретте Алланың ашуы мен азабына душар ететінін айтты. Сөйтіп Аллаһ Тағала кімдердің кітабы солынан берілетін адамдарға келгенде «Хақ» сүресінде былай дейді:

«Ал амал дәптері солынан берілген айтады: «Әттеген-ай! Амал дәптерім келмей-ақ қойса еді! Есебімнің не екенін білмесем екен! Әттең, (қайта тірілмей-ақ) іс бітіп кеткен болса еді! Мал-дүниемнің маған ешқандай да пайдасы тимеді?! Билік-күш те қолдан кетті!» - (дейді)».[Хақ сүресі,  25-29 аят] Сосын әлемдердің Раббысы оған әділ жаза шығарып, лайықты болған азабын тартады:

«(Алла тозаққа қарайтын періштелерге бұйырады:) «Оны ұстап, байлаңдар! Тозаққа тастаңдар. Одан соң ұзындығы жетпіс құлаш шынжырмен матап тастаңдар!»(«Хақ» сүресі, 30-32 аяттар). Бұл адамдарға көрсетіліп жатқан осыншалық азап, абыройын түсіру, аяқ-асты болуларының себебі не?:

 «Өйткені ол Ұлы Аллаға сенбеуші еді. Міскін-кембағалдарды тамақтандыруға ынталы емес еді»..[Хақ сүресі, 33-34 аяттар]

Міне, бұл аяттар азаппен қорқытатын, азапты ескертеді, жүректерді дүр сілкіндіреді. Дәл осы аят Абу Дарда (р.а.) сияқты ұлы сахабаның әйеліне былай айтуына себеп болған, ол кісі әйеліне: «Әй, Умму Дарда, расында Аллаһтың шынжыры бар. Ол Аллаһ тозақты жаратқалы бері тозақта қайнап қызып тұр. Ол солай қиямет күні келіп адамдардың мойынына асылғанша солай болып тұрады. Аллаһқа сенгеніміз үшін Алла бізді бұның жартысынан құтқарды және де жоқ-жітіктерді тамақтардыруға қызықтырғанынан». (Әл-әмуәл 350 бет)

Құран келмейінше, дүние міскін-кембағалдарды қарауға құлшындыру мен оларға қарайласпаудың ақыретте тозаққа түсуге себеп болатынын жариялайтын Құраннан басқа бірде-бір кітап көрмеген. «Фажр» сүресінде Алла Тағала өздерінің Аллаһқа жақындататын дініміз бар, аталары Ибрахимнен (а.с.) қалған діннен бір нәрсе сақталған деп ойлап жүрген надандық кезеңінде Ислам дініне қарсы шығушы арабтарға сөгіп былай дейді: «Жоқ, олай емес. Сендер жетімді (құрметтеп) мүсіркемейсіңдер. Міскіндерге тамақ беруге (бір-біріңді) -үгіттемейсіңдер».[Фажр сүресі, 17-18 аяттар]

Мұндағы «تحاضّ» етістігі екі адам немесе одан да көп адамдар арасында болатын нәрсені және бір-бірлеріңді қызықтырмайсыңдар дегенді білдіреді. Мұнда қоғамды міскіндерге қамқор болып, оларға көңіл бөлуге, көмектесуге тағы да басқа жағдай жасауға шақырады. Шейх Мұхаммед Абдуллаһ былай дейді: «Мұнда тамақтандырумен шектеліп қана қоймай, сонымен қатар бір-бірін қызықтыруға үндеп жатыр. Расында бір үмбет адамдары бір-біріне кепіл болады. Мұнда бір адамдар екінші біріне жақсылыққа шақыру мен жамандықтан тыю ісімен жүктеледі, осылайша бәрі өзіне әмір етілгенін орындайды, тыйылған нәрсесінен ұзақтайды.

Ал енді «Мәғун» сүресінде жетімге үстінен қарау (кемсітіп) міскіндерді алыстату күпірлікпен қиямет күнін өтірікке шығарумен теңестіріп қатар қойған. «Дінді өтірікке шығарғанды көрдің бе?»[Мәғун сүресі,  1 аят]. Мұндағы аят сөзді ұғатындардың әрбіріне бағытталуда, яғни ақырет күнін өтірікке шығаратыңдар кім екендеріне көзің жетті ме, анықтадың ба? Егер әлі анықтай алмаған болсаң: «Ол сондай бір жан-жетімді жәбірлейді..»[Мәғун сүресі, 2-3 аяттар]

Шейх былай дейді: «Міскіндердің тамақтануына қызықтыру – адамдарды соған шақыру. Әдетте міскіндерді тамақтандырмайтын адам оларды тамақтандыруға шақырмайды. Аллаһтың «Жоқ-жітікті тамақтандыруға қызықтырмайды» деген сөзі болса, ол күнделікті тамағына ақша таппай жүрген кедей адам үшін өз малынан еш нәрсе шығармайтын адамды меңзейді. Әлгі пақыр адам да ешнәрсе кәсіп етіп таба алмайды. Ал енді меңзеу формасында ғана келуі: мұндағы мағына егер міскін адам мұқтаждыққа душар болса, сөйтіп оған беретін ешнәрсе болмаса, ол кезде адамдардан міскіннің қажеттілігін өтеуін сұрайды. Бұл жерде біреуден қарыз алып болса да өзгеден мал-қаражат жинап кедейлерге көмек қылып садақа шығаруға қызықтыру бар. Бұл болса жақсылық, қайырымдылық қорлары болмақ. Бұның асылы Құранда осы аятпен және де «Фәжр» сүресінің 17-18 аяттарымен бекітілген.

Сосын Алла Тағала ақырет күнін өтірікке шығарушыны анықтамасын ашықтай келе былай деді: «Сондай намаз оқушыларға нендей өкініш. Олар намаздарын немқұрайлы оқиды. Көрер көзге атақ үшін оқиды. Ұсақ-түйек (тұтыну) бұйымдарын бір-біріне бермейді.» [Мәғун сүресі, 4-7 аяттар]

Бұл аяттардың тәпсірінде Ибн Касир былай деді: Раббыларына қарай ғибадаттарын да жақсартпайды, жаратылысқа қарай да жақсылық жасамайды. Керек десе жоғалып кетпейтін, қалатын заттарды қолдануға, я көмегіне жарату үшін де уақытша болса да бермейді. Ол зат сол қалпында өзіне қайтып келетін болса да. Бұл адамдар зекеттен де, Аллаһқа жақындататын нәрселерден де, басқа заттардан да үнемі тосып тұрады. (Ибн Касир тәпсірі 4/555 Халаби баспасы). Бұл сияқты адамдарға намаздары пайда бермейді. Дінінде шыншыл болғандардың қатарына да көшірмейді.

4. Сұраушының, мақұрым қалғанның, міскіннің және жолда қалғанның ақылары

Алла Тағала «Зарият» сүресінде Алланың «нағим» жәннаттарына қол жеткізген тақуа (муттақин) адамдардың сипаттары берілген. Ол сипаттардың ең негізгілері:  «Олардың малдарында сұрағанға да мақұрым қалғанға да ақысы бар»[Зарият сүресі, 19 аят]. Сұраушы: ол сұрап келген, әрі оның ақысы болған адам, ал мақұрым болса: не қаражаты, не кәсібі, не күнделікті күнін көруіне ықпал болатын шаруасы болмаған адам. Ал енді әлгі тақуа адамдар өз малдарын өздеріне ғана тиесілі болып жасырып қоятындай бір мал-мүлігі болмағанын біліп, ол мал-мүлікте мұқтаж адамдардың ақысы бар екенін білген адамдар. Бұл оларға берілетін сыйлық емес, қалған зат емес, бұл олардың «ақысы». Алушы бұл ақысын алғанда аяқ асты болып тапталып абыройы түспейді, әрі беруші де көкірек қағып тәкәппарлық көрсетпейді. «Мағариж» сүресінде осы сипаттармен баяндалып, оған бір қосымша сипат қосылған. Бұл сипат мұсылмандарда біте қайнасқан, ол мұсылмандар имандарының күшімен, әрі көркем мінездерімен  өздерінің нәпсілік әлсіздіктеріне қарсы жеңіске жеткендер. Ал бұл нәпсілік әлсіздіктер болса:

«Шынында, адам баласы сабырсыз жаратылған. Басына қиын күн туғанда налығыш келеді. Өзіне бақ-даулет бітсе, сараң бола қалады. Бірақ намаз оқығандар бұдан басқаша. Олар – намазын ұдайы өтейтіндер; Тіленетін және тіленбейтін жоқ-жітікке дүниесінен белгілі үлес ақылары бар». (Мағариж сүресі, 17-19 аяттар).

Осында Аллаһ Тағала әлгі адамдардың мал-мүліктеріндегі ақыны «белгілі» деп көрсетті. Сол себепке орай кейбір ғалымдар бұл «белгілі ақыны» зекет деген шешім айтқан, себебі бұл байлардың мал-мүліктеріндегі мөлшері белгілі болған ақы болып табылады. Әрі бұл кісілер бұл сүрені «меккелік» екенін зікір еткен, және бұл туралы еш күмән жоқ. Ал мөлшері белгілі болған зекет болса ол Мединеде парыз болған. Мұндағы «белгілі ақы» бекітіп қойылған бір бөлік болмақ, оны адамдар өздеріне парыз етіп оны сұраушылар мен мақұрым қалғандарға атап қойған. (Ибн Касир тәпсірі 4/234). Ал енді бұл «ақы» мен зекеттің айырмашылығы: бұл ақының шегі мен мөлшерін өздері белгілеген. Ал зекет болса, оның шегі мен мөлшері шариғат иесі Аллаһпен бекітілген.

Ал енді «Исра» мен «Рум» сүрелерінде Алла Тағала былай дейді: «Жақын туыстарға, міскіндерге, жолаушыларға (қайыр- садақа етіп) міндетті түрде нәпақа беріңдер. Ысырап етпеңдер».[Исра сүресі, 26 аят]

«Жақын-туыстарға, жоқ-жітіктерге, жолаушыларға (қарайласу, садақа ретінде тиісті) хақысын бер, Алланың ризалығын көздегендер үшін осы қайырлы. Міне осылар – тілегіне жететіндер».[Рум сүресі, 38 аят].

Осылайша Құран сонау Мекке кезеңінен мұсылмандардың рухтарына осы нәрсені сіңдіріп бастаған. Адамның малында жақын-туыстары мен қажеттілігі болған міскіндердің де малы бар екенін көрсетті. Оны мұсылман міндетті түрде өтеуі керек. Бұл деген қалаған кезінде беріп, қалаған кезінде тосылып қалатын көңілден шыққан немесе қосымша бір садақа ғана емес.

5. Егісті жинау науқанында берілу керек болған егіндіктің ақысы.

«Әнғам» сүресінде Аллаһ Тағала былай деді: «Алла иілген сабақты және тік өсетін (түрлі жеміс) бақшаларын жаратты. Жемістері, дәндері бір-біріне ұқсамайтын құрма ағаштары мен егіндерді, (түсі, формасы) бір-біріне ұқсайтын, (дәмі) әртүрлі зәйтүн, анарларды жаратты. Жеміс берген кезде олардан жеңдер. Жемісін жиған кезде, оның ақысын (ғұшрын) өтеңдер. Ысырап қылмаңдар. Алла шынында ысырапқорларды сүймейді»[Әнғам сүресі, 141 аят].

Бұл аятта Алла Тағала құлдарына қай жерде болса да егер жер егіндік пен жемісті шығарып беретін болса онда өтелуі керек болған ақының бар екенін, ал ақы егінді жинаған науқан күнінде берілетінін ескертуде.

 Сағид ибн Жубейрдің (р.а.) былай деген: «Бұл зекет парыз болмастан бұрын болған. Адам егінінен малын қоректендіретін, жетімдер мен міскіндерге жүйесіз беретін». Мұндағы жалпы ақы оның көрсеткіші оннан бір немесе оннан бірдін жартысы деп нақтыланбаған. Бұл көрсеткіш көкеніс пен жемістің иесінің иманына, айналасындағы жоқ-жітіктердің қажеттілігіне сол елдің халқының әдет-ғұрпына қалдырылған. Сосын Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уассалам) былай бекітті: «Бұның нисабы хақ, мөлшері Мединеде берілуі уәжіп болған оннан бірі немесе оннан бірінің жартысы. Егер ол көкеністен немесе жемістен бес «аусуққа» (өлшем бірлік) жетсе». Кей ғалымдар бұл баяндаманы Меккеде түскен нәрсеге насих, яғни үкімін жоюшы деп айтты. Бірақ бұл насих кейінгі ғалымдардың терминалогиясындағы насих емес.

Исламнан бұрын иләһи діндердегі жәрдемдесу

 Құран Кәрімге дейін де қасиетті кітаптардың болғаны белгілі. Құран Кәрімнің  түсуі ол кітаптардың үкімін жойды. Бұл сәмәуи кітаптар адам қолы тиіп өзгеріске ұшырағанымен кейбір тұстары қасиетті Құранмен сәйкес келеді. Әлбетте, бұл заңды да. Өйткені, олардың о бастағы бастау қайнары бір. Енді сол кітаптарға қозғап отырған тақырыбымыз төңірегінде үңіліп көрейік.

Енді сол кітаптарға қозғап отырған тақырыбымыз төңірегінде үңіліп көрейік.

Тәуратта: «Кімде-кім кедейлердің жан-айқайын естімей құлағын  бітейтін болса, күндердің күнінде өзі де қиналғанда ешкім жауап бермейді. Жасырын берілген сыйлық ашуды тоқтатады» (Сифр мисал: Исхах 21).

Тәуратта: «Бауырларыңның біреуі есігіңнің алдында кедей күйде жүретін болса және Құдайдың саған мол нығмет беріп жатқан жерде болсаң, жүрегінді қатайтпа, кедей бауырына сараңдық танытпа, жомарт бол, оған қанша қажет болса, аянбай сонша қарыз бер, сен бергенің үшін жаман болмайсың. Қайта берген сайын Құдай сенің істеріңе, тіпті қолың тиген нәрсеге береке береді. Өйткені, жер бетінде кедей болмауы тиіс. Сондықтан саған өсиет етерім: жер бетіндегі кедей, міскін бауырларыңа қолыңды аш» (Сифр тәсния, Исхах 15)

 Ал, Інжілде бұл мәселе былайша қозғалады: «Қолыңдағы барды сатып, садақа бер» (Луқа інжілі, Исхах 13, жаңа жол 33)

Мінекей, ислам шариғатына дейінгі шариғаттарда да қоғам дұрыс болуы үшін кедейлерге жәрдемдесудің қажеттілігі айтылған. Алайда, жоғарыдағы мысалдарға үңілер болсақ, зекет мәселесін бұрыңғы кітаптарда ислам шариғаты секілді толық қамтымағанын көреміз. Мысалы, ислам дінінде зекетті бермегендердің дүниеде де, ақыретте де азап  көретіні айтылады, алайда жоғарыдағы мысалдарда олай делінбейді. Тек садақа беруге  қызықтыру ғана бар және исламда зекеттің мөлшері, кімдерге берілетіні жайлы егжей-тегжейлі түсіндірілген болса ал, әлгі кітаптарда садақаның кімдерге берілуі керектігі егжей-тегжейлі баяндалмаған. Сондай-ақ, ислам шариғатында ел боп, жұрт болып атсалысып, зекетті жинап кедейлерге берудің маңыздылығы айтылған болса, жоғарыдағы мысалдарға үңілген адамға кедейге жәрдемдесу мәселесін жеке адамның еркіне қалдырылғаны ұғынықты болады.

Ерғазы Акпанов,

Шу ауданы "Рақыш ата" мешітінің имамы

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: