ЗЕКЕТ БЕРУ – ҒИБАДАТТЫҢ ТӨРЕСІ

ЗЕКЕТ БЕРУ – ҒИБАДАТТЫҢ ТӨРЕСІ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Зекет – исламның бес парызының бірі болып саналады. Тілдік мағынасы "пəктеу", "өсу" дегенді білдіреді. Шариғи мағынасы – белгіленген мал-мүлік пен дүниенің бір бөлігін Жаратушымыз белгілеп берген белгілі бір адамдарға мүлік етіп беру дегенді білдіреді. Зекет сөзінің мағыналарын көрініп тұрғандай, зекеті берілген мал-мүлікке береке кіреді, көбейеді, өсіп өнеді. Зекеті төленген мал-дүниені Алла өзі сақтайды.

Құран Кəрімнің 32 жерінде зекет малын өтеуге əмір етіліп, соның ішінде 28-і намазбен бірге айтылған. Байқағанымыздай, зекеттің қасиеті намаздың қасиеті, сауабымен бірдей екен. Демек, əр мұсылман намаз бен зекеттің арасын бөліп-жарып ажыратпайды. Екеуіне де тең амал етеді.

Бұл жайында Құранда: "Намазды толық өтеңдер,зекетті беріңдер жəне Алла Елшісіне бойұсыныңдар, əрине мархаметке бөленерсіңдер", - дейді. («Нұр» сүресі, 56-аят). Рамазан айы көптеген сауаптар жасайтын айы болғандықтан, мұсылмандар зекеттерін  осы айда бергенді əдетке айналдырған. Төмендегі аят зекет берудің парыз екендігіне дəлел бола алады: "Олардың малдарынан садақа ал да, ол арқылы оларды тазартып, берекелендіресің..."(«Тəубе» сүресі, 103-аят)

Бай адамдар малдарының бір бөлігін кембағалдарға берулері парыз етілген. Бұл  жайында Құранда: "Олардың мал-мүліктерінде сұраушы жəне кембағал үшін белгілі бір хақтары бар", - делінеді. («Мағарыж» сүресі, 24-25 аяттар). Жалпы зекеттің мағынасы үлкен тереңде жатыр. Зекет бай мен кедейді бір-біріне жақындатады. Бай мен кедей арасында бір-біріне деген құрмет орнайды. Бұл дегеніміз - екеуінің арасында əсіресе кедейдің мұқтаждығы азаяды.

Алла Елшісі (с.ғ.с.) өзінің бір хадисінде: "Малдарыңызды зекет беру арқылы сақтаңыздар. Науқастарыңзызды садақа берумен емдеңіздер жəне түрлі бəле-жалаларды дұға ету арқылы қайтарыңыздар" дейді. (Əбу Дəуіт риуаяты). Зекетті беруде еш кешіктірмегеніміз абзал. Имам Мұхаммед рахматуллаһи ғалайһи:  "Зекетті əдейіге кешіктіріп бермей жүрген адамның куəлігі қабыл етілмейді" - деген.

Шайтан адам баласына зекет бермеуге, əрі малының азайып қалуы жайлы жаман ой салуы мүмкін. Алла Тағала зекет берушінің иесіне ойламаған жерден ризық-береке береді. Бұл жайында хадис те келтірілген. "Мал-мүлік садақа берумен кемейіп қалмайды". (Тирмизи).  Имам Ғазали рахматуллаһи ғалайһи айтады: "Алла Тағала өз пендесіне жан жəне мал нығметін берген. Дене зекеті үшін ғибадат арқылы шүкір ету, мал-мүліктің шүкірі-зекет малын төлеу болып саналады" - дейді.

Зекет беретін кісі өз уақытында зекетін төлемесе, малы шығынға ұшырайтыны жайында Айша анамыздан мынадай хадис риуаят етіледі: "Малдың зекеті төленбесе (кедей-міскінге берілмесе), ол малдың берекесі кете  бастайды. (Имам Бұхари) Демек, зекет беру-қалған малдардың өсіп-өнуіне, көбеюіне, ең бастысы берекелді  болуына, түрлі бəле-жалалардан аман болуына себеп болады.

Алла Тағала бірнеше аяттарда, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде де байдың  малында кембағалдың хақылары (үлестері) бар екендігін баяндаған. Солай екен, кімде-кім малының зекетін төлемесе, бəрібір де түрлі басқа жолдармен зор шығынмен шығып кетеді. Зекет малын төлеу үлкен ғибадат, əрі Раббысының разылығына да қауыштырар ізгі амал болып саналады.

Зекет кімдерге парыз деген сұраққа шариғат ақылы бар, балиғатқа

жеткен, бай-дəулетті, мал-дүниесінің нысабы бір жылға толған мұсылманға парыз болып саналады.

Сауда айналымындағы ақша, малдардың құны нысап санына жетіп, бір жыл толса, зекетін беру парыз болады. "Сауда малдары" дегенде "сату ниетінде алынған қандай да мал-мүліктер мен заттарды" айтамыз. Олардың əрқайсысының өзінен зекет шығаруы мүмкін. Бірақ та олардың жалпы құндарын есептеп берген абзал. Мысалы, киім-кешек, дəрі-дəрмектер сияқты саудамен айналысушыларды айтуымызға болады. Заттың ə дегендегі келген бағасымен де есептеуге болмайды. Өтпей қалған, сапасы жоғалған мүліктен зекет беру жақсы емес. Егер де бір  кісінің аз ғана алтыны, аз ғана күмісі бар болған болса, ол екеуін қосқанда, нысабына жетсе, зекет беру парыз болады.

Тұрып жатқан үй, қолданылып жатқан ат-көліктер үшін зекет берілмейді. Жалға берілген  ғимарат, дүкен жəне көліктен зекет берілмейді. Зекет малын кітап шығаратын орындарға немесе дін жолындағы шəкірттерге, дін қызметіндегі бауырларға, жалпы дін ілімдерінің таратылу жолдарына жұмсаса да болады. Сауабы мол. Шаруа малдарын жарты жылдан  көбірек уақыт мерзімінде бағып жатқан болса, əрі ол нысабына жетсе, ол малдардан да зекет беріледі. Түйенің саны 5-ке жетсе, нысабына жеткен болып, ол үшін зекетке бір қой беріледі. Ірі қара малының саны 30-ға жетсе, ол үшін бір жасқа толған, 1 бір бұзау беріледі. Қой мен ешкінің саны 40-қа жетсе, бір қой немесе ешкі беріледі. Сатылым (сауда) ниетінде үйде бағылып жатқан малдар санына емес, олардың құндары басты назарда қарастырылады. Егер құны нысап санына жететін болса, қырықтан бірі зекет үшін беріледі. (Шархул Уиқая, Əлəмгирия, Бəдаиғ кітаптары).

Ағын сулар мен жаңбырлар арқылы егіндердің өнімдерінен ғушр (үшір) беріледі. Ауладағы жемісті талдардың жемістерінен зекет берілмейді. Өйткені ауладағы  нəрселер үйдің бір бөлшегіне (құрамына) кіреді. (Қазихан.

Құрметті оқырман, зекет тақырыбына қатысты аздаған керекті мəліметтерді келтіре отырып, зекет амалына да терең мəн беруіміз керек дегенді айта кеткенді жөн көріп  отырмыз. Мал-дүниеме, отбасыма береке кірсін дейтін болсақ, тақырыбымызға арқау болып отырған зекет мəселесіне терең үңілгеніміз абзал болады.

Алла Тағала баршамызға ғибадаттарды өз уақыттарында өтеуді нəсіп етсін.

Үмбет Сабырханов

"Əл-Хақ" мешітінің имамы

Луговой ауылы

Asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: