Балиғатқа толған баланың тәрбиесі

Балиғатқа толған баланың тәрбиесі

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

     Мейірімді, Рақымды Алланың атымен бастаймын! Алла Тағаланың сәлемі мен салауаты ардақты пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) болсын!

     Әлемдерді жоқтан бар еткен, соның ішінде адамзатты көркем етіп жаратқан Алланың адамдарға берген бір сыйлығы балалы болу десек, ешкім оны жоққа шығармас. Сол себептен де балалы болған ата-ананың қуанышы ерекше болады. Ағайын-туыс, көрші-қолаңды шақырып той да жасайды. «Өмірімнің жалғасы», «көз қуанышым», «кәрілік жеткенде сүйенішім болар» деп үлкен үміт артатыны да белгілі. Алланың берген перзентін аялап, «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай» өсіруге барынша тырысып бағамыз. Қолымыздан келгенінше тәрбие береміз. Алайда сол тәрбие қалай берілуі керек. Бүгінгі күндері осыған қаншалықты мән бере алып жүрміз. Дінімізде бала тәрбиесін оның анасын таңдаудан бастауымыз керек екенін айтады. Оны бұрынғы бабаларымыз да өмірлік тәжірибеден жақсы түсініп «тектіден текті туар» деп, баласына жар таңдауда шыққан тегіне қатты мән берген. Жақсы ананың тәрбиесін көріп өскен қыз, өзі де жақсы ана болатыны түсінікті.

     Ал енді дінімізде «балиғат жасы» деген түсінік бар. Бұл жасқа келген ұл да, қыз да оң, солын тани бастайды. Бойларында жыныстық қуаттары пайда болып, физиологиялық өзгеріске түсе бастайды. Осы уақытта балаға Алланың бұйрықтары парыз болып, олардың Жаратушы алдындағы жауапкершілігінің пайда болатынын шариғатта үкім еткен. Осы балиғат жасына толмастан алдын балаларға Алланы танытып, Оның бұйрықтарын қалай орындау керек екенін үйрету әрбір ата-ананың парызы. Ардақты пайғамбарымыз осыған қатысты: «Алланы құлдарына сүйдіріңдер, сонда Алла да сіздерді сүйеді», - деген екен. Бұрынғы аталарымыздың «Құдайдан қорыққаннан қорықпа, құдайдан қорықпағаннан қорық» деп айтуында көп мән бар деп ойлаймын. Жаратқан иесін танып иманды болып тәрбиеленген ұрпақ әсіресе бүгінгі күні аса қауіпті дертке айналған парақорлық, жалақорлық, зинақорлық, араққорлық, нашақорлық... тағы да сол сияқты атың өшкір көптеген қорлықтардан аулақ болады. Ондай жаман қылықтардан өзі таза болып өскен адамдардың ұрпақтары да бұл азғындықтардан таза болатыны айтпаса да түсінікті. Дініміздегі бұйрықтар мен тыйымдар жиынтығы адамзаттың жақсы өмір сүруі үшін керек. Қарап көрейікші Алла Тағала құранда өзіне бой ұсынуды бұйырады да, ата-анаға қызмет етуді, оларға қарап «туһ» деп айтудың өзіне тыйым салады. Бұл тәрбиені бойына сіңірген бала ата-анасына қызмет етудің қаншалықты үлкен құлшылық екенін, оларды ешқашан ренжіту түгілі, көңілдеріне қаяу түсіруге болмайтынын жадынан шығармақ емес. Нәтижесінде елімізге қарттар үйі деген мекеме де керек болмас еді. «Жазықсыз адамды өлтірген, бүкіл адамзатты өлтіргенмен тең» деген тыйымды біліп өскен бала адам өміріне қиянат жасаудың қаншалықты ауыр күнә екенін білген себептен қаншама қылмыстардан оттан қашқандай қашар еді. «Мұсылман өтірік айтпайды» деген Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисін естіген бала шыншыл болып өсер еді. «Алланың мейіріміне бөленгің келсе, өзің басқаға мейірім ет» деген қағидамен өскен баланың мейірімі қандай болар еді шіркін.

     Осы жерде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірінен бір оқиғаны айтқымыз келіп отыр. Бірде жұма намазында, мінберде хұтпа айтып тұрған Алла елшісі (с.ғ.с.) немерелері Хасан мен Хұсейіннің сүріне қабына мешітке кіріп келе жатқанын көріп сөзін тоқтата салып, мінберден түсіп, екеуін көтеріп алып қайтадан мінберге келеді, немерелерін алдына отырғызып: «Алла Тағала: «Балаларың мен дүние – мүліктерің сендер үшін сынақ» деп қалай дұрыс айтқан. Олардың құлап – сүрініп келе жатқанын көрген кезде, шыдай алмадым, айтып жатқан сөзімді бөліп оларды құшағыма алдым» деген екен. Бұдан айтпағымыз ата-анасының мейірімін көріп өскен бала қатыгез бола алмайды. Бұрынғылардан қалған «бала басқан ізің» деген сөз бар. Соған қарағанда біздің көрсеткен өнегеміз балаларымыздың қандай тұлға болып қалыптасуына бірден-бір әсер ететін фактор екенін ұмытпағанымыз жөн. Сол үшін Алладан сұрап алған ұрпағымыздың тәрбиесіне мән беруіміз маңызды.

Ғ. Қонақбаев

Сарысу аудандық мешітінің бас имамы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: